Тұрғындар қарашаның қара суығы түссе де әлі күнге бүрсең қағып отыр. Өйткені қалтасында ақшасы бардың өзі тонналауы былай тұрсын, қаптап сатып алудың өзіне көмір таппай сенделуде. Жұрт темір жол арқылы там-тұмдап келіп жатқан арызмайтын көмірді пышақ үстінде үлестіріп әкетіп жатыр. Кәсіпкерлер де, жергілікті билік те бұған вагон жетіспейді деген бір ғана себеп айтып отыр.
Шардара ауданынан келген Қанат Әлімжановтың Шымкенттегі қоймада көмір күтіп жатқанына бірнеше күн болыпты. Көмірді ауылға апарып жатқан делдардан алайын десе, бағасы удай қымбат. Тоннасы 11 мың теңге. Жер шалғай болса да амал жоқ көлік жалдап осында келген. Бірақ мұнда баға арзан болғанымен көмір жоқ. «Енді көліктің ішінде түнеп жатсам да көмірдің келуін күтем. Өйткені ауылда төрт бірдей отбасы менің жолыма қарап отыр» деді ол бізге.
Қанат Әлімжанов сияқты көмір қоймаларының маңын торуылдап, «екі көзі төрт болып» жүргендердің қатары күн санап көбейіп келеді.
-- Ақшамызға алайық десек те таппай жатырмыз. Қаппен алайық десек, ол да жоқ, --дейді солардың бірі шымкенттік Гүлжаһан Ибрагимова.
Қоймаларда ала жаздай үйіліп жатқан Шұбаркөл көмірінің тоннасы бастапқыда 5800 теңгеден сатылған болатын. Күн суытқалы баға шарықтап, 9500-10000 теңгеге бірақ шықты. Көмір таситын кәсіпкерлердің айтуынша тапшылық тасымалдаудың қиындығынан туындап отыр.
Облыстағы көмір тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Бейбіт Жақыпбеков:
--Біздің қараша айында алатын көміріміз 87 мың тонна. Соңғы тоғыз күннің ішінде соның небәрі мың тоннасын алып отырмыз.Тасымалдаушылар тапшылықты вагондардың жетіспеушілігімен түсіндіріп отыр.
Жалпы облыстың көмірге деген жылдық сұранысы 1 миллион 200 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда бюджеттік мекемелердің барлығына көмір жеткізілген. Тапшылық көріп отырған тек тұрғындар. Қиындықты шешу үшін қазір билік темір жол басшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр.
--Министрлікке шығып, осы айдың 15-не дейін мәселені шешуді қарастырып жатырмыз,--дейді облыстық энергетика және коммуналды шаруашалық басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков.
Биліктегілердің іскерлігіне сенсек, өңірге көмірдің алғашқы легі қарашаның ортасынан бастап келе бастайды. Бірнеше кезеңге жалғасатын тасымалдаудың арнайы кестесі жасалып отыр.
Ғани Қалмаханов,
«Қазақстан» Ұлттық арнасының меншікті тілшісі