Керімбек Ниязбай: « Қазақша сөйлегенім үшін басымды ұрып жарды»

Screenshot_19.jpg

Қазақ мультфильмінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, оның дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан жерлесіміз Керімбек Ниязбай жақында ғылыми атақ алды. Дәлірек айтқанда, АҚШ-тың Колифорния штатындағы YORK университетінде ғылыми жұмысын сәтті қорғап  педагогика саласы бойынша философия ғылымдарының докторы атағына ие болды. «Ұлттық анимацияның балалар тәрбиесіне беретін маңызы» деген тақырыпты таңдаған Керімбек Ниязбай мұны үш жыл бойына зерттеп, ғаламтордың көмегімен қорғап шықты. Бұл тақырыпта осы кезге дейін бірде-бір ғылыми еңбек болған емес. Біз еңбегін балаларға арнаған қуаныш иесін жетістігімен құттықтап, өзінің де балалық шағына саяхат жасауды жөн көрдік. 

- Мен бала кезден ұлтжанды болғанмын, - деп бастады әңгімесін Керімбек Арыстанұлы. – Бұған өзімнің кіндік қаным тамған Қостанай облысы, Жітіқара ауданы Шаңдыкөл ауылында қазақ мектебінің болмауы тікелей әсер етті деп ойлаймын. Мектеп табалдырығын аттағанға дейін бір ауыз да орысша білмейтін едім. Орысша оқуға мәжбүр болғанымызға іштей налыдым. Әке-шешем де қазақшаны 5-сыныптан әрі оқи алмаған екен. Тың игеру кезінде қазақ мектептерінің бәрі жабылып қалыпты. 

Ұлтжанды болуымның тағы бір себебі мынада. Әкем 37 жасында бақилық болды да мен атамның тәрбиесімен өстім. Ол кісі даналық, ұлттық салт-дәстүр, ұлтты сүю секілді тақырыптар төңірегінде көп ақыл айтатын. Жөн сілтеп отыратын. 

Ұлтжанды дегеннен еске түседі ғой, бір күні Қайрат деген бөлем екеуміз неміс тілі сабағында қазақша сөйлесіп отыр едік. Дәріс оқитын апай кенеттен кіріп келді де  «неге қазақша сөйлесесіңдер» деп ашуланған күйі кілтпен басымды ұрып жармасы бар ма? Біріншіден, неге қазақша сөйлесесіңдер деген сөзі сүйектен өтіп кетті. Оның үстіне әлі шынашақтай кішкентай бала емеспіз бе, бастан аққан қаннан қорқып жылап жібердім. Үйге келіп атама айттым. Атам болса «өзің тыныш жүрмегенсің » деп қайта өзімді кінәлады. Шыдай алмай себебін түсіндірдім. Қазақша сөйлегенім үшін дегенде атамның түрі бірден бұзылып, тұтығып кетті. Менің қолымнан жетектеп, мектепке келді. Әлгі апайымыз сыныптан шығып келе жатқан беті екен, ай-шай жоқ қолындағы таяғымен періп қалды. «Өз елінде қазақша сөйлемегенде немісше сөйлеуіміз керек пе, не үшін соғыстық сонда немістермен» деп айқайға басты. Апайымыз кешірім сұрап жүріп әрең құтылды. 

Шамамен 6-сыныпты бітірген жылы болса керек, жазғы демалыста нағашымыз екеуміз қонаққа бардық. Поездағы сапарлас серігіміз кішкентай орыстың баласы болды. Көп болса бірінші сыныпты бітірген болуы керек. Бірақ, ойы үлкен, білімі мықты балаға ұқсады. Көзінде көзілдірік. Маған «кімсің» дейді ғой. Қазақпын дедім. Қазақтар туралы не білесің деп тықақтап қоймайды. Қазақ композиторларынан кімді білетінімді сұрайды. Былайша білетін сияқты болғанымызбен табан астында ешкім ойыма түспей қалды. Бір уақытта Құрманғазы дедім. Оның фамилиясы кім дейді алқымнан алып. Ал қазақ тарихынан не білесің дейді ғой тақылдап. Білемін, Амангелді Имановты білемін деймін. Амангелді Имановқа дейінгі тарихты білмейсің бе сонда деп өзі тақылдап айтып жатыр. Шыны керек, қатты ұялдым. Мойындау керек қой, қазақтың тарихы осы Амангелді батырлардан басталған секілді, арғы жағын білмейді екенбіз. Бұл сол кездегі кеңес дәуіріндегі саясаттың да салдарынан еді ғой. Егемендік алғаннан кейін ғана тарихымызды түгендей бастадық емес пе? Мектепте оқып, мультфильмдерден көріп жүрген батырларымыз біздің батырлар емес, керісінше бізді қырғандар екен ғой. Міне, саясат, идеология. 

Суретші болу менің бала кезден арманым болды. Атам айтатын, адамның арманы ұлы болуы керек, ол соған жету жолында өмір бойы ұмтылады, ал арманы кішкентай адамның болашағынан зор үміт күту қиын деп. Осыны құлағыма құйып өстім. 8-сыныпта жүргенде суретші боламын деген арманымның ұшқынымен Ресейдің, Қазақстанның суретшілер даярлайтын үлкен-үлкен 10 қаласына хат жаздым. Барлығынан да жауап келді. Әрине, әркім өздерінің мақтауын келтірген. Қайда баратынымды тағы да атамнан сұрадым. «Балам, мені тыңдасаң Оңтүстікке бар, қазақтың үлкен әулиелерінің көбісі Оңтүстікте жатыр, онда тарихи орындар да көп, Ордабасы, Мәртөбе, Қазығұрт, Түркістан... барлығы да Оңтүстікте орналасқан. Салт-дәстүрдің де жақсы сақталған жері Оңтүстік» деп, менің осы өңірге келуіме атам тікелей себепкер болды. Құдайға шүкір, қазір мұнда келгеніме өкінбеймін, атам да қателеспеген екен. Осы кезге дейін маған мемлекеттік қызметтерге ұсыныс түсті, өзге облыстардан үлкен қызметтерге шақырды, ешқайсысына бармадым. Өйткені, мен осы жолды, осы өңірді таңдадым. Мемлекеттік қызметте жүрген таныстарым да көп. Оларға шынымды айтсам, жаным ашиды. Бүгін бір жерде, ертең басқа жақта жүреді. Жұмысымнан айырылып қалсам, өмір сүре алмаймын деп қорқады. Ал мен жеке кәсіпкермін, ондай қорқынышты сезінбеймін. Менің қорқынышым қазақы салтпен ұштасып, дәстүр арқылы жалғасып жатқан тамырымнан үзіліп қалмау.  

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: