Кенжебек сауыққой, өте өнерпаз жігіт. Ауылда қай бір сахна бар дейсің. Жүргізуші: «Сахнада Жаңаділов Кенжебек. Күй орындайды» деді.
Кішкентай кезі ғой. Сахнаға шыға салды да, микрофонды қалтасына ұрып жіберді. Ел аң-таң. Оған дейін ешкімнің миы жетпеген ғой.
Сөйтсек, микрофонды қалтасына салса, домбыраның дауысы қатты шығады деп ойлаған ғой.
* * *
Мектепте жүрген кезде барабан ойнағам. Пионер болдық қой. Бір күні ойнап келе жатқанымда, барабаным шашылып қалды. Үлкен залда өтіп жатқан.
Жұрттың бәрі ду күлді. Ұялғанымнан екі күн сабаққа бармай қалдым.
* * *
Мейрамбек концерттен кейін, киім ауыстыруға келгенде, қалтасы үнемі хатқа толып жүреді. Гүл беруге шыққан қыздардың көбі ебін тауып, хат салып жібереді.
Бар хатты жиып алып, ортаға салып оқи бастаймыз. Сондай хаттардың біріне бір қыз: «Мейрамбек концерттен кейін аялдамада күтем» деп жазып жіберіпті.
«Мейрамбек бар, сені аялдамада күтіп тұр» десек, «Қайда? Қандай аялдамаға барам?» дейді. Сөйтсек, әлгі қыз қай аялдамада күту керектігін ұмытып кетсе керек.
* * *
Сондай хаттардың бірін Сәкенге де жібергенге ұқсайды. Хатты оқып тұрған жігіттердің бірі: «Сәкен, сені де бір қыз ұнатып, кездесуге шақырыпты» деп еді,
«Ол қызға Динара, Әділет үшеуі бірге барады деп айта салшы» деді Сәкен саспастан.
* * *
Концерт бітіп, үйге қайтуға қызу дайындық жүріп жатыр. Әншілердің көбі үйге қалай жетудің амалын ойлап, жеңіл көлігі барларға қолқа салып, қалайда жетудің амалын қарастыруда.
Онда Сәкеннің машинасы жоқ. Біреуісі: «Сәкен, машинаң бар ма? Мені де ала кетші!» деп өтініш білдірді.
Құрбысының көңілін қалдырғысы келмеген Сәкен: «Жарайды. Құдай қаласа, жуырда бір ДТ сатып алғалы жатырмын. Екеуміз Абай көшесінің бойымен ағызып, бірге зырлайтын боламыз» деді.
oinet.kz мұрағатынан