Сәкен Майғазиев: Фонограммамен айтатындар айтып жүре берсін

Screenshot_18.png

Қазақ эстрадасының көшін бастап келе жатқан «Музарт» тобына деген көпшіліктің ризашылығында шек жоқ. Үндері үндескен үштіктің өнерін жоғары бағлайтын көрермен қауым олардың жаңа әндерін әрдайым асыға күтеді. Күрең күздің жан жылытар шуақты күнінің бірінде өңірімізге атбасын бұрған топтың концертіне халық көп жиналды. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Жанды дауыста ән айтуды насихаттап топ бастап жүрген музарттықтар көрерменмен қосылып ән шырқады. Көрерменін қуанышқа кенелткен топтың мүшесі Сәкен Майғазиевтан алған сұхбатымыздың алғашқы сұрағы да осыдан басталды. 

        - Жанды дауыспен ән айту өте  күрделі дүние. Оған ұзақ уақыт дайындық  пен қыруар қаржы қажет. Қазіргі шығып жатқан жастардың жанды дауыспен ән айтқысы келгенімен қалтасы  көтере бермейді. Бүгінде тек «Музарт» қана жанды дауыспен айтып жүр деуге болмайды. Жас таланттар көп. Бұл заңға кіргізетіндей, Мәдениет министрлігіне ұсыныс түсіретіндей мәселе емес. Фонограммамен айтатындар айтып жүре берсін. Қазір халықтың көзі ашық, ақтың ақ екенін, қараның қара екенін айыра білетін дәрежеде. Кейбір жерде жанды дауыспен айтқанды қаламайды.  Ал енді біреулер, «тірілей» айтқанды ұнатады. «Фонограмма жойылсын» деп бірден кесіп-пішіп, талап қоюға болмайды... Бүгінде жарқ-жұрқ етіп қаншама ақшасын сарп етіп, мыңдаған ақшаға клип түсіріп жатқандар бар. Клипсіз-ақ танымал болуға болады. Шын талантқа шынайы бағаны халық береді. Біз клиппен танылдық деп айта алмаймын. Алғаш түсірген «Сенің көзің» атты ән алғашқы жетістігіміз болатын. Ол кезде қазіргідей дамыған техника жоқ. Бейтаныс тыңдарманымыз  «Сенің көзің» әнін  кассетаның екі бетіне толтырып жазып алып, қайта-қайта  жалықпастан тыңдайтынын естігенде,  қатты қуанғанымыз есімде.. Халықтың құрметіне қарап жоғары деңгейде жазылғандығына көз жеткізгендейміз. «Өз елім» деген әнге «Қазақстан» телеарнасы клип түсіріп берді. Сапасы жоғары деп айта алмаймын. Дегенмен бұл біз үшін тосын сый болды. Жақында Қалқаман Сариннің өлеңіне жазылған Арман Бексұлтанның «Күзгі бақ» әніне түсірілген клипіміздің тұсауын кеспекпіз.

- Бүгінде  қазақ эстрадасының бел ортасында емес, көш басында жүрсіздер. Орындауларыңыздағы әндер тыңдарманның жүрегін әлдеқашан-ақ жаулап алған десек қателеспеспіз. Репертуар таңдау қиынға түспей ме? Танымал топқа әнін ұсынатындар көп шығар?

     -  Ән таңдағанда композитордың атақ дәрежесіне қарау деген бізге жат. Бастысы әннің бізге ұнағандығында. Ертеңгі күні халықтың жүрегінен орын ала ма? Толғандыратыны осы. «Әнім  ертерек танымал болса екен» деген мақсатпен бізге ұсынған сазгерлердің бәрінің әнін бәрін орындай берсек осы уақытқа дейін оннан астам альбом шығарып қояр едік. Шынын айтқанда таңдауға көп мән береміз. Әннің мәтініне, әуеніне ден қоямыз. Көңілімізден шықпай жатса автормен келісіп, түзететін де кездеріміз болады. Ойлайтынымыз тек қана жақсы шықса екен. Көше әндерін де түзеп, күзеп әдемі айтып жүргендер бар. Алайда біз ұйқастары талғамсыз, әуені дөрекі әндерден іргемізді аулақ салуға тырысамыз.

-         «Музарттың» репертуарында ескі әндер көп» деп сын айтатындарға не дейсіз?

  - Ежелден келе жатқан ескі әндер өшпеуі тиіс. Оны жаңғыртып халыққа ұсынатын әншілер. Ескінің бәрін ессіз деп те ешкім  айта алмайды. Ол әндерді қазіргі заманға сай етіп өңдеп, жастардың жүрегіне жол табатындай етіп бере алсақ біздің ұтқанымыз. Ол әндердің де өз тыңдаушылары бар. Ал, дәстүрлі әндерді мүлде тыңдамайтындар бар.     Оны да қазақы нақышпен эстрадаға салып біз жеткізуіміз керек. Ол біздің парызымыз. Кез-келген ән халықтың жүрегіне жетуі керек.  Репертуар таңдауда үш ақ адам емес, бір ұжым таңдайды. Музыкалық продюссеріміз Арман Бексұлтан. Оның әндерін тек біз ғана емес әйгілі әнші апаларымыз Роза, Мақпалдар орындап жүр. Көбіне ән таңдауға келгенде Арманмен  санасамыз. Өңдеуге ыңғайлы болуына, халыққа жетуіне жан-жағына қарап саралаймыз. «Пәленше  тапсырыс беріп еді» деп асығыс үсігіс дайындау деген бізде болмайды.

-         Келешекте жеке шығармашылығыңызды дамыту үшін бөлініп кету ойыңызда жоқ па?

-         Жоқ. Қазір бар күшімізді «МузАРТқа» сарқып жатырмыз. Жеке ән жинағымды шығару ойымда бар.

-          «Музарт» атты сусын шығарылғанынан көпшілік хабардар. Сатылымға түсті ме?

    -  Жуырда «МузАРТ» минералды суының таныстырылымы өтті. Емдік қасиеттері мол, биологиялық сараптаудан өткен, сертификатталған тауар әлі айналымға түсе қойған жоқ. Су Алматы облысы, Іле Алатауындағы 200 метр тереңдіктен шығады. Алғашында минералды сусынның атын біздің топтың атымен атағылары келетіні жайлы ұсыныс түскенде ойласа келе келісім бердік.Тауар шығарушылар  сусынның сыртқы қорабында топтың суреті болса деген өтініш те қоса айтты. Бірақ біз  мұнымыз артықтау болар деп, сыпайы түрде бас тарттық.. Өнерімізді бағалап, құрметтеп жатқанына рахмет.  Биікке көтеріп, тым асырып жіберетіндей емес, әлі жаспыз ғой. Әлі де еңбек сіңіруіміз керек. Идея авторларының бұл ұсынысын бізге ғана емес қазақ өнеріне деген құрметі деп бағалаймыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Сұхбаттасқан:    Гүлжан КӨШЕРОВА,

"Рейтинг" газеті №40, 13 қараша 2009 жыл


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: