Әншілердің бір тобы «қазір той науқанының нағыз қызған кезі» деп алақанын ысқылап отырса, енді біреулері «кризистің кесірі болар, тойда ән шырқап бер деп шақырушылар қатары анағұрлым азайған» деп мұңын шағады. Ал шын мәнінде қалай? Анығына келсек, ұлан асыр той жасап, қунанышын көппен бөлісетін қазақ басқа-басқа дастархан жаюға келгенде ақшасын аямайды. Олар тойдың сән салтанатын келтіріп, әншілерді таңдап әрі талғап шақыратын болған. Мәртебелі мейманының алдында абыройым асып, әнім ағылсын деген ниетпен қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарын арнайы алдырады. Қазіргі таңда тойдың көркін келтіріп, ажарын аша түсетін әншілер аз емес. Ең әуелі үндері үйлескен «Музарт» тобының үштігіне ән айттыруды армандайтын азаматтар көп. Алайда олардың нарқын білгенде төбе шашы тік тұратындар аз емес. Елден естіген әңгімені тізе бермей, «Музарт» тобының әкімшісі қызметін атқаратын азаматпен телефон арқылы хабарласып, трионы тойға шақыру бағасын білмек болдық.
- 8000 доллар, - деді тұтқаның арғы жағындағы дауыс.
- Қымбат емес пе?
- Жоқ.
- Бәлкім, түсетін шығарсыздар?
- Жоқ. Айтпақшы, бұл бағаның ішіне ұшақтың билеттері, жатар орнының төлемақысы кірмейді. Оған бөлек төлейсіздер.
- Ал мейрамбек немесе Сәкенді жеке шақырсақ ше?
- Олар жеке бармайды.
- Неге?
- Бармайды. Бітті.
Әңгіме осылайша шорт үзілді. Бұдан соң қарапайым азаматтардың «Музарт» тобының мағыналы әндерін қонақтармен емес, көпшілікпен бірге концертте ғана тыңдауына тура келетіні түсінікті. Бірнеше ән шырқату үшін миллион теңге төлеуге тек дәулеті асып-тасыған қалталы азаматтар келіспесе, қарапайым халықтың шамасы, жұмсартып айтқанда келмейді.
Әйгілі трионың бағасын естіп, жаға ұстағандар енді назарын өзге әншілерге аударады емес пе? Бірінші кезекте елдің есіне Еркін Нұржанов түседі. Алғашқыда айтып шыққан әндері көбіне мұңлы болғанымен, соңғы кездері Еркін репертуарына ырғақты әуендері бар әндерді де енгізе бастады. Еркіннің тойдағы еңбегі шамамен 2-3 мың долларды құрайды. Еркіннен тағы бір танымал әнші Заттыбек Көпбосынұлы да қалысар емес. Той иелері көбіне Заттыбектің орындауындағы «Ақмаржанын» айтқызып, «Сүйкімдісіне» сүйсіне қарайды. Дегенмен, Зәкең Алматыға көшкелі бағасын асырып жіберген ұқсайды. Соған көпшілік ренжулі деседі. Бұрындары 500 бен 1000 доллар арасында ақы алатын Заттыбек Көпбосынұлы қазір екі мыңнан кем түспейтін көрінеді. Әлбетте, тойға шақырсаң өтінішіңді екі етпей жетіп келетін әншілер көп. Тек ақшасын төлесең болғаны. Соңғы жылдары тіпті әншілердің психологиясы да көп өзгеріске ұшрады. Бұрындары тойға барып, ән салуға арланатын өнерпаздар қазір дәл осы той арқылы күнін көріп отырғандарын жасырмайды. Тіпті «той дүрду мен дүрмек емес. Ол да өнердің ортасы, мәдениеттің ажырамас бір бөлігі. Тойға шақыру алсақ қуанамыз» десетін әншілерді де көріп жүрміз. Осы орайда той-томалақтарда жиі көрініп жүрген әншілермен хабарласып, той бизнесі жайлы ой-пікірлерін білдік.
Жанболат пен Жазира:
- Тойларда эстрададағы әріптестеріңізді жиі көретін шығарсыз?
- Көбін кездестіреміз. Тойға бармайтын әнші кемде-кем.
- Тойға барып ән салғанды әбестік көрмейсіз бе?
- Шақырған жерге бару керек деп ойлаймыз.
- Еңбекақыңызды қалай анықтайсыздар?
- Тұрақты баға жоқ, келісуімізге байланысты. Әркімнің жағдайы әрқалай ғой.
- Әншілердің өзі де той өткізі жатады. Ондай той-думандардың ерекшелігі бар ма?
- Әншілер ұйымдастырға той нағыз концертке ұласады ғой. Онадйда біз тойға қонақ ретінде барамыз. Сөз берген соң соңынан әнімізді де тарту етеміз.
Кейбір әншілердің репертуары әдейі тойға арналғандай. Бәлкім, содан болар, соңғы кездері жұрт «әлңі келсе Әлімбекованы алдыр» деп әзілдесетін болыпты. Гаухар Әлімбекованың орындауындағы ұзату тойына арналған әнге деген сұраныс өте жоғары. Жат жерге шығарып салып тұрған қызының көңілі үшін ата-ананың әншіге 4000 долларға дейін санап беруіне тура келеді. Бірақ, бұған да ойланбай келісетіндер көп. Сондықтан, Гаухардың «графигіне» алдын-ала жазылып қоюды ұмытпаңыз.
Ал қазақ эстрадасының көшн бастап тұрған Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісованың әндерін тыңдайтын адам әркез табылады. Рас, олардың тойда қызмет көрсету құны өзгелердікінен көш ілгері. Дегенмен Мақпал Жүнісованың әнінен бұрын той иелеріне білдірген жүрекжарды тілегі көбірек ұнайды екен. Атақты әншінің тойдың сәнін кіргізіп, шын көңілден қуаныш иелерін құттықтап жатса риза болмағанда қайтесің? Мақпал Жүнісованы тойына шақырған Шымкент қаласының тұрғыны Еркін Сағымбаев осы арқылы ағайынның алдында абыройы асып, беделі өскенін айтады.
- Тойымыз былтыр жазда өткен. Өте жоғары деңгейде өтуіне тікелей атсалысып, үлес қосқандардың қатарында Мақпал Жүнісоваға ерекше тоқталғым келеді. Әлбетте, әсем даусымен орындаған әндерін ұйып тыңдадық. Ал бізге шын жүректен тілек айтып, қуанышымызға ортақтасқанда төбем көкке бір елі жетпей қалды. Қазақтың қыздары осындай болуы керек қой. Әйтпесе, тілек айтпақ түгілі шіреніп тұратын «жұлдыздардың» талайын көргенбіз. Не керек, келген қонақтарым әлі күнге дейін сол тойды жыр қылып айтып жүр.
Жастардың арасында қазір Айқын Төлепбергенге сұраныс өте жоғары. Сондықтан да бұл жігіттің «ставкасы» әжептәуір қымбат. Бірақ, соған қарамастан бұл әнші де той-томалақтарда жиі төбе көрсетеді.
- Мені тойға шақырғысы келетіндердің жартысына жуығы талап еткен еңбекақымды төлей алмайды, - деп ағынан жарылды Айқын. - Алматының шеңберінде өтетін тойға кемі 3 мың доллар сұраймын. Одан бөлек көбіне Шымкент, Астана, Ақтау, Павлодар қалаларына жиі барып тұрамын. Көпшіліктің «Пах-пах» атты әнімді қалайтынын жасырмаймын. Шыны керек, мені көбіне қалталы азматтардың перзенттері шақырады. Тойға әр сенбі сайын шығып тұрамын.
Қазір әншілердің басым бөлігінің нақты жұымс істейтін жері жоқ. Көпшілігінің табыс көзі – той. Сондықтан әншілер арнайы той тақырыбында әндер жазып жүр. Бұл саны бар да сапасыз туындылардың қатарын көбейтетіні анық.
Бекбол Қалдыбек, 2010 ж