Полиция мен прокуратура алаяқтық қылмысты ақтап отыр ма?

Screenshot_8.jpg

Азаматтардың сеніміне кіріп, ірі көлемде қаржысын алаяқтық жолмен алған Раушан Бәйтен есімді азаматша көп жылдан бері жауапкершіліктен жалтарып жүр. Атап айтқанда, ол Қыздығой Ажарқұловадан 20 мың доллар, Шолпан Серимбетовадан 32 мың доллар, Раушан Рысбектен 14 мың доллар, Шарифа Толапбергеновадан 80 мың доллар алып, оны осы уақытқа дейін бермей келеді. Жалпы сумма 146 мың АҚШ доллары және 110 мың теңгені құрайды. Өкінішке қарай, алаяқтық жасаған адамды заң алдында тиісті жазасын беруге келгенде  құқық қорғау органдары тарапынан дер кезінде назар аударылмады.  

Раушан Бәйтен 2007 жылы жәбірленуші Қыздығой Ажарқұлованың сеніміне кіріп, одан 20 мың долларды алып, оны 10 пайыздық өсіммен қайтаруға уәде етеді.  Осы жылы ол өзінің інісінің «Ауди» көлігін  Қыздығой Ажарқұловаға 6 мың долларға сатқан. Алайда кейіннен белгілі болғандай көлік банкте кепілде тұрған болып шығады. Осыдан кейін Қ.Ажарқұлова көлікті иесіне апарып беріп, 6 мың долларды қайтарып беруді талап етеді. Алайда Р.Бәйтен тіркеу құжаттарының Қ.Ажарқұловада қалғанына қарамастан көлікті құртып жіберген. Оның не жасырып қойғаны, не бөлшектеп сатып жібергені белгісіз. 20 мың доллар сол күйі қайтарылмай отыр.  

Жәбірленуші Раушан Рысбек 2003 жылы Шымкентте бір компанияда істейтін Гүлнар есімді қызметкермен танысады. Ол мұны  күйеуі екеуін Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге жібермек болады.  Гүлнар осы қызметі үшін ерлі-зайыптылардан 7 мың АҚШ долларын талап етеді. Ондай қаражат болмаған соң олар  үйлерінің құжаттарын кепілге берген. Кетер кездерінде Гүлнар оларға көптеген құжаттарға қол қойдырып алады. Кореяға барған соң бұларды Наташа деген азаматша күтіп алып, әр адамнан 200 доллардан және төлқұжаттарын жиып алады. Бұдан кейін ол қазақстандық азаматтарды сол жердегі Ли деген адамға жұрттың көзінше бір бума долларға сатып кеткен. Ұзамай ерлі-зайыптылар құжаттары болмағандықтан полицияның қолына түсіп қамауға алынады, кейіннен елге қайтарылады. Міне, ерлі-зайыптыларды осыншама қорлағанына қарамастан Гүлнар мен оның досы Раушан Бәйтен олардың кепілге қойылған үйінің құжаттарын өз пайдаларына жаратуды көздеген. Олар сабан қышпен тұрғызылған, төбесі уақытша қара қағазбен жабылған үйді жалған құжаттар арқылы  күйдірілген қыштан соғылған, төбесі черепицамен жабылған деп туралап, «АТФ» банкке кепілге қойып, 50 мың АҚШ доллары көлемінде несие алған. 50 мың доллардың 35 мыңын Гүлнар, 14 мың долларын Р.Бәйтен алып, Раушан Рысбекке үйді екі жылдың ішінде кепілден шығарып беруге уәде еткен. Бірақ алаяқтар уәдесінде тұрмай, күні бүгінге дейін қашып жүр. 

Жәбірленуші Шолпан Серимбетова 2005 жылы «Банк центр кредит» банкіне үйін  кепілге  қойып несие алады. Осындай күндердің бірінде ол ескі танысы Раушан Бәйтенге жолыққан. Раушан оған «1 миллион теңге беремін, банктегі қарызыңнан құтылып, үйдің құжаттарын ал, АТФ банкінен бір аптаның ішінде 55 мың доллар алып беремін» дейді. Оның сөзіне сенген Ш.Серимбетова Р.Бәйтеннің берген 1 миллион теңгесін банктегі қарыздарын жауып, үйін АТФ банкке кепілге қойып, 55 мың доллар алады. Бұл 55 мың доллардың бұдан кейінгі тағдыры мынадай:

Заңды не заңсыздығы белгісіз 900 долларды банк қызметі үшін ұстап қалады. 12 мың долларды Р.Бәйтен ай сайын төлемін өзім беріп тұрамын деп қарызға, ал, 5 мың долларды несие шығарып бергені үшін банк басшылыған беремін деп алады. Бұдан кейін 1 аптаның ішінде қайтарып беремін деп, 20 мың долларды тағы алады. Сонымен жәбірленушінің өзіне 8300 доллар ғана қалған. Басқасының бәрін Р.Бәйтен түрлі қитұрқылық жолмен талан-таражға салған. Тіпті ол алдында жәбірленушіге берген 1 миллион теңгеге өсім қосып, артығымен, яғни 8 800 доллар көлемінде өндіріп алды.

Жәбірленуші Толапбергенова Шарифа 2 бөлмелі үйін сатып, оның орнына 4 бөлмелі үй алуға ниет етеді. Іздегенге сұраған демекші, бұған Р.Бәйтен делдалдық қызметін ұсынған. Ол 2 бөлмелі үйді банк арқылы 39 мың долларға сатып, О.Сайпенов деген азаматтың төрт бөлмелі үйін 57 мың долларға тауып береді. Ш.Толапбергенова үй иесіне алғашқы жарна ретінде 30 мың доллар береді. Бұдан кейін Р.Бәйтенге тағы 30 мың доллар берген. Арадағы келісім бойынша оның 27 мың долларын Р.Бәйтен О.Сайпеновке үйдің қалған ақшасы ретінде беруге, ал, қалған 3 мың долларды қызметақысы ретінде  алуға және үйді толығымен Ш.Толапбергенованың атына заңдастырып беруге уәде етеді. Кейіннен белгілі болғандай, Р.Бәйтен үйді тез арада АТФ банкке кепілге қойып, 50 мың АҚШ долларын алуға құжаттарын әзірлеген. Жәбірленуші бұл алаяқтықты банкке ақша алуға шақырған кезде бірақ білген. Ол несиеден бас тартып, ақшаны алмай кетіп қалады. Осыдан кейін Раушан Бәйтен жүргізушісі Б.Өмірзақов екеуі жәбірленушіні үйінен алдап алып шығып, пышақпен қорқытып, «АТФ банктен 50 мың АҚШ доллар несиені Раушан Бәйтеннің алуына рұқсат етемін» деген сенімхат жаздыртқан. Банктен алған бар қаражатты қалтасына басқан Р.Бәйтен  осы уақытқа дейін не қарызын қайтармайды, не банкке төлемақы бермейді. 

Бірнеше мәрте ауыр қылмыстар жасағанына қарамастан Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімінің тергеушісі А.Рысмбетов, тергеу бөлмінің бастығы Р.Ендібаев  айыпталушы Р.Бәйтенді жауапкершіліктен босату туралы қаулы қабылдап, оны Еңбекші ауданының прокуроры С.Ақтаев пен оның көмекшісі Н.Төлегенов бекітіп берді. Бірақ біздің қайта-қайта арыздануымыздан соң, Еңбекші аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Н.Сембаев қазір Р.Бәйтеннің үстінен қайта қылмыстық іс қозғап отыр. Осы қылмыстық іс барысында біз айыпталушымен бірге сыбайластыққа барған АТФ банк қызметкерлерін де жауапқа тартуды және Ш.Төлепбергенованы пышақпен қорқытып сенімхат жаздыру фактісі бойынша да тексеру жұмыстарын жүргізуді өтінеміз. Жәбірленуші Раушан Рысбекті Кореяға жұмысқа алып барамын деп, сан соқтырып, Р.Бәйтенмен бірге оның үйін жалған құжаттар арқылы банкке кепілге қойып, 50 мың долларды өзара бөлісіп алған компанияның қызметкері Гүлнардың да  жаупкершілігін қаралуы тиіс деп ойлаймыз. Сондай-ақ, Раушан Бәйтеннің алаяқтық әрекетінен зардап шеккен бізден басқа да азаматтар болса, хабарласуын сұранамыз (57-92-63).

Егер құқық қорғау органдары әділетті болса, қаншама азаматты алдап, ірі көлемде шығын тартқызған Р.Бәйтен сыбайластарымен бірге заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылып, жәбірленшулерге келтірілген шығын өндірілуі тиіс. Былтыр Елбасының өзі де халыққа арнаған Жолдауында қаржы дағдарысы кезінде құқық қорғау органдарына алаяқтық қылмыстарды ауыздықтауды міндеттеген еді. Сондықтан бұл істі облыс прокуроры Берік Құлтасов пен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Серімжан Досымов өз бақылауына алса деген өтінішімізді газет арқылы жеткізгенді жөн көріп отырмыз. 

Жәбірленушілер:

Раушан РЫСБЕК,

Қыздығой АЖАРҚҰЛОВА,

Шолпан СЕРИМБЕТОВА,

Шарифа ТОЛАПБЕРГЕНОВА.      

2010 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: