Аяулы ата-анамды аяусыз қорлап өлтіргендерді құқық қорғаушылардың өзі қорғап отыр

Screenshot_1.jpg

Дүниедегі әрбір адам үшін ата-анадан қымбат не бар дейсіз?! Менің әкем Бахадүр Мырзатаев ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен, білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атағын алған, зейнеткерлікке шыққан соң ауылдың қадірменді қариясы атанған жан болатын. Анам Үрзада Сейдуалиева да өмір жолын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, сегіз ұл-қыз бағып-өсірген ардақты ана еді. Өзекті өртер өкініштісі сол, бейнетінің қызығын көрер жасқа жеткенде асқар таудай әкеміз бен асыл жүректі анамыздан ойда-жоқта айырылып қалдық.  Жазықсыз жандар қаныпезер қарақшылардың қолынан қаза тапты.

Жұртшылық арасында үлкен үрей туғызған қанды оқиға 2008 жылдың 27 тамызында орын алды. Осы күні түн мезгілінде сегіз адамнан тұратын қылмыстық топ Төлеби ауданы Жамбыл ауылындағы біздің отбасымызға қарақшылық шабуыл жасап, әкем Бахадүр Мырзатаев пен анам Үрзада Сейдуалиеваны аяусыз соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған жәбірленушілер ауруханада ес жимастан қайтыс болды. Асқан қатыгездікке барған қылмыскерлер  үйден ірі көлемде ақша мен алтын бұйымдарын және екі аңшы мылтығын алып кеткен. 

Арада бір жарым ай өткен соң осы қылмысты ұйымдастырушылардың бірі Махмұд Анесов деген азамат ұсталды. Бұдан кейін топ құрамындағы Бағлан Сәлімбаев пен Ерлан Тасқұлов қолға түсіп, бұлардың алдыңғы екеуі облыстық соттың  11 маусым 2009 жылғы үкімімен 20-19 жылға, ал соңғысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, қарақшылықты ұйымдастырушылардың тағы біреуі, «Сека» деген лақап атпен танымал Серік Бестереков былтыр қазан айында құрықталды. Бірақ тергеушілер мен мемлекеттік айыптаушылардың өз істеріне салғырт қарауынан қарақшылық топтың серкесі заң алдында тиісті жазасын алмай отыр. 

С.Бестерековтың оқиға кезінде үйге кірмей, сыртта жүргенін сылтау еткен тергеушілер оған айып ретінде Қылмыстық кодекстегі қарақшылық және қаруды ұрлау баптарын ғана таққан. Осыған байланысты Төлеби аудандық соты істі былтыр желтоқсанда қайта тергеуге қайтару туралы қаулы қабылдаған болатын. Бірақ онымен келіспеген Төлеби аудандық прокуратурасы облыстық сотқа шағымданды. Облыстық соттың қаулысымен С.Бестерековтың ісі қайтадан Төлеби аудандық сотына жіберілді. Осылайша сегіз ай бойы сергелдеңге түсіп, сот пен тергеушілердің арасында қақпақылға айналған «Секаның»  ісіне әлі нүкте қойылмай отыр. Жуық арада қойылатын түрі де көрінбейді. 

Іс қайта қарау үшін Төлеби аудандық сотына келгенімен, судья Н.Жорабеков әділдігінен танған жоқ. Оның 2010 жылдың  13 сәуір күні шығарған қаулысымен С.Бестерековтың ісі осыменен екінші мәрте тергеуге қайтарылды. Қандай мүдде жатқанын кім білсін, тергеушілер мен мемлекеттік айыптаушылар тағы да онымен келіспей отыр.   

Судья Н.Жорабеков сотталғандар М.Анесов, Б.Сәлімбаев және Е.Тасқұловқа қатысты шығарылған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 11 маусым 2009 жылғы заңды күшіне енген үкімі мен С.Бестерековке тағылған айыптың арасындағы жер мен көктей қарама-қайшылыққа назар аударылмағанын алға тартады. Біріншіден, үкімде М.Анесов пен С.Бестереков аталған қылмысты ұйымдастырушы және орындалуына басшылық еткен адам ретінде танылған. Алдымен ол автокөлік және екі белгісіз жігітті іздеп тапқан. Б.Сәлімбаевтың көлігіне өз есебінен 5 мың теңгеге жанар май құйып берген. Екіншіден, осы көлікті өзі жүргізе отырып  өзінің құрған тобын қылмыс орнына алып келген. Жол-жөнекей ол өзінің айтқанынан шыға алмайтын жандайшаптарына үйде тек екі адам болатынын, осы үйде ірі мөлшерде мүлік сақтаулы жатқанын айтып, қарақшылық шабуыл жасауды бұйырған. «Саспаңдар, қобалжитындай ештеңе жоқ» деген көрінеді, жігіттерін психологиялық тұрғыдан дайындықтан өткізген «Сека». Қылмыс кезінде сыртта тұрып, ешкімнің келіп қалмауын қамтамасыз еткен С.Бестереков іштегі жәбірленушілердің айқайлаған дауыстарын естіген. Қайтар жолда сыбайластары оған қос қарияны өлердей етіп ұрып-соғып, сарайға сүйреп апарып тастағандарын да баяндаған. Бірақ бұған «Сека» шірмікпеген. Ал, 10 жылға бас бостандығынын айырылған Е.Тасқұлов оқиға кезінде жәбірленушілердің ауыр халін көріп, мұндай қатыгездікке бұдан ары қатыспайтынын айтып сыртқа шығып кеткен екен. С. Бестерековтың бойынын тым құрыса мұндай да аяушылық табылмаған. Шымкентке келген соң ол қарақшылық жолмен тапқан дүниелерді сыбайластарына өзі бөліп берген. Оның аса ауыр қылмыстың негізгі ұйымдастырушысы екені осы жерден тағы бір байқалады. 

Ал, осындай қатыгездікті жасаған адамның ісін сотқа жеңіл айыппен өткізу кімге керек болды? Облыстық ішкі істер департаментінің тергеушісі  Атығаевтың, Төлеби аудандық прокуратурасы қызметкерлерінің ойында не бар? Аудан прокурорының көмекшісі Т.Айдарбековтың судья Н.Жорабековтың қабылдаған екі қаулысына да наразылық білдіріп, облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымдануының ар жағында нендей мүдде жатыр? 

1 маусым күні Төлеби ауданы прокурорының көмекшісі Т.Айдарбековтың шағымын қараған облыстық соттың апелляциялық алқасы  Н.Жорабековтың қаулысын бұл жолы өзгеріссіз қалдырды.  Іс қайта тергеуге қайтарылды. Олай болса, С.Бестерековтың ісін объективті түрде жүргізе алмаған облыстық соттың тергеушілері мен оған тиісті деңгейде бақылау жасамаған Төлеби аудандық прокуратурасы қызметкерлерінің жауапкершілігі неге қаралмайды? Облыстық прокуратура мен ішкі істер департаменті неге кесімді шешім қабылдамайды?  

Заң алдындағы тиісті жазасын алмаған бір «Сека» емес. Осы уақытқа дейін қарақшылық топтың құрамындағы  төрт қылмыскер ғана сот алдында жауапкершілікке тартылып, қалған төртеуі әлі ұсталған жоқ. Құрыққа түспеген төртеудің біреуінің ғана аты-жөні белгілі. Қалған үшеуінің жеке бастары әлі анықталмаған. Оны анықтауға жеткілікті мәліметтер болғанымен, полиция тарапынан ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ. Айталық, қылмыстық топтың құрамында «Жасұлан», «Вася» және «Маньяк Руслан» деген лақап атымен белгілі жігіттердің болғаны, олардың барлығының Шымкенттегі бір кафеде жұмыс істегені, тіпті, соңғысының Шымкенттегі қай мектепте оқығаны да белгілі (мұны тергеу барысында сотталғандардың өздері айтқан). Сондай-ақ, Махмұд Анесовтың бұрын «Жасұлан» есімді жігітпен бірге ұрлық істеп, сотталғаны туралы дерек бар. Бірақ тәртіп сақшылары бұл мәліметтерді анықтауға ықылас тынытпай отыр. Екі бірдей жазықсыз адамды, пайдакүнемдік мақсатпен және аса қатыгездікпен өлтірген қылмыскерлерді құрықтауға тәртіп сақшылары құлықсыздық танытса, не дейік? 

Мемлекеттік ең қымбат қазынасы адам өмірі және адам құқығы. Ата заңда айшықталған осы қағиданы қамтамасыз етуге келгенде облыстың құқық қорғау органдары салғырттық танытуда. Тергеушілер тарапынан табандылық, прокурорлар тапарынан пәрменділік байқалмайды. Кімге сенеміз сонда?

Гаухар МЫРЗАТАЕВА, 2010 ж

Screenshot_19.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: