Кейінгі жылдары ауылда мал ұрлығы өршіп тұр. Екі аяқты бөрілердің құрыққа түспей, есіріп кеткені де жасырын емес. Есіргендіктен ғой, бірі малды қорадан алса, бірі жайылымнан атып әкетуге көшті. Ал, Бәйдібек ауданы Жамбыл ауылында бөтеннің малын иеленудің өзгешелеу тәсілі қолданылады екен. Оны не ұрлыққа, не барымташылыққа, не қарақшылыққа жатқыза алмай далмыз.
...Редакцияға келген аталған ауылдың төрт қариясы Ербол Бұзауханов деген азаматтың жазып берген тілхатын ұсынды. Бірақ тілдей қағаздан ештеңені ұғып болмайсың. Айбақ-сайбақ жазудың әр сөзінен екі қате табылады десек өтірік айтпағанымыз шығар.
«Осыны жазған сауатсыз адам ауылдағы 17 отбасы тақырға отырғызып кетті. Егер көзі ашық, көкірегі ояу болса, қанша адамды сорлатарын құдай біледі,--деп бастады әңгімелерін арызданушылар.
--Біз Жамбыл ауылының тұрғындары 2000 жылдан бері қарай жылқыларымызды Бұзауханов Ербол деген жігітке баққызып келгенбіз. Ербол 1974 жылы туған. Осы ауылдың азаматы. Бұрын-соңды оның артық қылығын байқаған жоқпыз. Аманат еткен малды көктемде жайлауға айдап кететін, қара күзде қайта айдап келетін,--деді Шырынбай ақсақал.
Он жыл бойы сенімнен шықпаған жігіт осы биыл тәпсісінен жаңылыпты. Қаңтарда ауылдағы 17 отбасы Ерболға жылқыларды ауылға айдап келуді сұранады. Бірақ жылқышы жігіт ананы-мынаны сылтау қылып, жамбылдықтардың өтінішін орындауды созып жүріп алады. Оның бұл әрекетінен әлдебіреулер секем алса керек, аттарын ерттеп жайлаудағы жылқыны өз көздерімен көруге аттаныпты. Алайда жер-жерде шарлағанмен олар ауылға құр қол қайтқан. Жылқы ұшты-күйлі жоқ. Ақыры күндердің күнінде Ербол «Жылқы жоқ, бәрін сатып жібергенмін. Бірақ жоқ малдың орнын толтырып беремін» деп бар шындықты түйеден түскендей етіп айтып салады. У-шу осыдан кейін басталған.
Қазір жылқыларынан айырылған жамбылдықтардың арасында «Ерболдың жылқыларды сатқаны өтірік. Құдай біледі, жылқыны не Сырдың бойына, не Қызылдың құмында апарып жасырған» деген күңкіл сөз желдей есіп тұрғанға ұқсайды.
Дегенмен жылқылардың сатылып кеткені де рас сияқты. Себебі Ербол былтыр күзде апта сайын ауылдағы көлігі бар жігіттерді жалдап, базарға жылқы апарып отырған екен. Оның Қарабұлақтағы мал базарда жылқы сатып тұрғанын сегіз мәрте көрген куәгерлер де бар.
Ербол әуеліде ауылдастарына жоқ жылқылардың орнын бір айдың ішінде толтырып беруге уәде етеді. Бір ай өтеді. Наурызда тағы бір айға мұрсат сұрайды. Ауыл халқы сенімнен шығып бара жатқан соң одан тілхат жаздыртып алады. Борышкер осы уақыт ішінде бірнеше адамға тай-құлынын, сиыр-бұзауын бергенімен мойнындағы қарызының негізгісінен құтыла алмайды. Бұдан кейін жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымданған.
--Жуырда ауданға облыс прокуроры Берік Құлтасов келіп, азаматтарды жеке арыз-шағымы бойынша қабылдаған болатын. Ол кісі келеді дегеннен бір күн бұрын полиция Ерболды қамауға алды. Облыс прокуроры біздің мәселемізді тыңдап, тиісті шешім қабылдананытынын айтты. Күні кеше Шымкентке келіп, ол кісінің қабылдауына тағы да кірдік. Бірақ бұдан ешқандай өзгеріс болмай отыр. Тергеудің қазіргі беталысына қарасақ, келтірілген шығынның өндірілетініне сенбей отырмыз. Тіпті, тергеушілердің өздері де айыпталушының иелігінде ешқандай дүние-мүліктің жоқ екендігін айтып, шарасыздық танытып отыр,--дейді Ноғайбек ақсақал.
--Бізге Ерболдың соттатып жібергеннен пайда жоқ. Одан да малымызды өндіріп берсін. Оның иелігінде түгі жоқ дегенге сенбейміз. Ерболдың ауылда үлкен қорасы болатын. Онда 300-ге жуық қой ұстаған. Істі болардың алдын қораны 3 миллион теңгеге сатыпты. Қойларын да базарға шығарған. Сол ақша қайда кетті? Мұны бір деңіз. Екіншіден, Ербол жылқыларды екі інісімен және жездесімен бірге баққан. Олардың малды көлікке бірге артқанын жүргізушілер де растап отыр. Бірақ полиция бір Ерболды ғана жауапқа тартты. Қалғандарының қайда жүргені белгісіз, --дейді Төлеген мен Сәни ақсақал.
Қазірдің өзінде жәбірленушілер Ербол Бұзаухановтың дүние-мүлкін иеленуге көшіпті. Бірі үйіндегі сиырын, бірі көлігін тартып алса, бірі үйінің құжаттарын кепіл ретінде ұстап отырған көрінеді. Алайда ол 64 жылқының орнын толтыра алмасы бесенеден белгілі емес пе?!
Біздің түсінгеніміз, арызданушылар әлі де болса «құқық қорғау органдары малымызы өндіріп береді» деген үмітпен жүр. Егер өндіріп бере алмаса ше? Онда не болады? Халық «бас аман болса, мал бітер» деп, іштен тынып қала бере ме? Жоқ, әлде, айқай-шу шығарады ма? Ал, құқық қорғау органдары осы айқай-шудың алдын алу үшін қолдан келер шараның бәрін жасап отыр ма?
Сіз не дейсіз?
«Қолдан келген шараның бәрі жасалды»
Еркін СЕЙІТҚҰЛОВ, Бәйдібек ауданының прокуроры:
--Бұл мәселені жақсы білеміз. Бұдан облыс прокуроры да хабардар. Құқық қорғау органдарына 5-6 азамат осы жөнінде арыз берген болатын. Сол бойынша Ербол Бұзаухановтың үстінен Қылмыстық кодекстің 176-бабы бабымен, яғни, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жәбірленушілердің келтірілген шығынды өндіру туралы талап арыздары да осы іске тігілген. Сот оны да қылмыстық іспен бірге қарайтын болады.
Келтірілген шығындарды өндіру үшін тергеу орындары қолдан келген шараның бәрін жасады. Қазір айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды.
Мұрағаттан, 2010 ж