«Саған да ВИЧ инфекциясы жұққан баланың қанын салып жазалаймыз»

        Screenshot_2.jpg

Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев өткен аптаның аяғында Шымкент қаласында өңірлік кеңес өткізіп жатқан кезінде орын алған оқыс оқиға көпшілікке ашық күнде найзағай ойнағандай әсер еткені анық.  Білгір ғалым, білікті басшы Жұмағали Исмаилов тізгінін ұстаған Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер кеңінен тілге тиек етілген алқалы жиынның шырқын бұзған суыт хабарды  ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың құқын қорғау мақсатында құрылған қоғамдық қордың төрайымы Жанетта Жазықбаева жеткізді. Алғашқы алауы әлдеқашан тұтанғанымен жанайқай жар басындағы жаңғырық күйі қалғандықтан құрғақ шөпке тиген өрттей өршіп әбден шарықтау шегіне жеткен дау бұл жолы былай өрбіген еді: 

         Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Шымкент қаласында өңірлік кеңес өткізіп жатқан күні еліміздегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуші жалғыз дистрибьютор-«СК Фармация»  компаниясының басшысы Вадим Зверьков та осы жаққа амалсыздан ат басын бұрған болатын. Шымкенттіктер шақырса келмей жүрген оған ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың ата-аналары тарапынан туындаған келіспеушіліктің себеп-салдарын анықтау үшін «Ана мен бала» сауықтыру орталығына арнайы баруға  Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаевтың өзі  тікелей тапсырма берсе оныңкін амалсыздық демей не дейміз?! Оның онсыз да жүректері жаралы, жүйкелері жүндей түтіліп жұқарған адамдарды нақты жәрдеммен жұбатпай алдап соғам деп  олардың ашу-ызасын өршітіп алғаны өкінішті-ақ. «СК Фармация» компаниясы тағдыр тәлкегіне түскен балаларға арналған дәрі-дәрмектен енді тапшылық туындамайтынына, жыл соңына дейінгі сұранысты өтейтіндей толық көлемде қамтуға бірнеше рет уәдені үйіп-төккендерімен кездесуге келгенде әкелінген дәрі-дәрмектің бір аптадан әріге жетпейтіні әшкереленіп қалған. Онымен қоса «СК Фармация» атың өшкір ауруға қарсы бұған дейін қолданылып келген түпнұсқа дәрілердің орнына оны алмастыратын бағасы арзандау балама дәрілерді, яғни генериктерді қолданысқа енгізуге көшкеніне қамкөңіл ата-аналардың сәуір айынан бері шу көтеріп жүргені тағы бар. «Кемшілік кешікпей түзетіледі» делінгенімен бұл уәде де орындалмай мұзға жазылып, күнге кеуіп кетсе, жауапты басшымен әрең жүздескенде аузын қу шөппен сүртіп тұрса ашынған адамдардың ашу-ызасы бұрқ ете түспегенде қайтсін? Алайда Зверьков амалын тауып ашулы адамдардың арасынан сытылып шыққанымен орынбасары Берік Шәріповті бір топ дәрігерлермен бірге «тұтқынға» қалдырып қашқанына күлесіз бе, жылайсыз ба? Наразы топ қойған шарттарының бәрі орындалғанша Шәріпов пен жанындағы адамдарды  кепілдікте ұстап тұруға ұмтылып, ашумен ағат қадамға барған. Оларды құқық қорғау органының қызметкерлері күш қолдану арқылы құтқарып қалмағанда екі жақты ерегістің, қақтығыстың ақыры үлкен жанжалға жалғасуы әбден мүмкін еді. Өйткені киімдері жыртылып дене жарақатын алған Шәріповке «саған да ВИЧ инфекциясы жұққан баланың қанын шприцпен салып жазалаймыз» деуге дейін бару тұла бойыңды түршіктіретін әрекет қой. Мұны сол оқиғаның қақ ортасында болған кепілдіктегі кейіпкерлердің өзінен естідік. Тіпті шіріген жұмыртқалармен атқылағандары алдын ала дайындалған әрекет екені белгілі. «Өкпесі қара қазандай» жақтың ағат қадам, артық әрекетке баруы бір бұл емес. Бұған дейін де дәрігерлерге әр алуан жәбір-жапа шектіріп жүр екен. Пенде атаулының басына салмасын дейтін қайғы-қасірет жүйкені жүндей түтіп жіберетінін түсінгендіктен олардың үстінен ешкім шағымданбай шыдамдылық танытуда. Қашанға дейін?... 

      Деректерді сөйлетсек бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған 204 бала  тіркеуде тұр. Оның 55- і аты жаман аурудың асқынған түрінің тізімінде. Аурудың азабынан 12 баланың өмірі қыршынан қиылса, 1 баланы шетелдіктер асырап алыпты.   Мамандардың сөзіне сүйенсек ашуланып, ашынып шу шығарудан шаршамайтын ата-аналардың  арасында ауруға шалдыққан баласынан көрі оған берілетін мемлекеттің жәрдемақысын көбірек күйттейтіндердің де кездесетіні жасырын емес. Заң шеңберіне сыймайтын көмекті талап  ететіндер де табылады екен. Әлдеқашан бақилық болған баласына бір ата-ана  жасырын түрде жәрдемақы алып келсе, енді біреуі ауру перзентін Балалар үйіне өткізіп жіберіп өзі оған тиесілі жәрдемақының қызығын көруден қымсынбапты. Тағдыр тәлкегіне ұшырағандарға қол ұшын созатын, қоян-қолтық жұмыс істейтін қоғамдық қордың төңірегінде де ақшаға байланысты айтыс-тартыстардың көрініс беруі көңілге қаяу салады. Қоғамдық  қордың құрылғанына төрт жыл толса, қазіргі тізгінін ұстап отырған адам үшінші басшы екені біраз жайтты аңғартпай ма?  

Төрт жыл бұрын  оңтүстікқазақстандық бейкүнә балалар ВИЧ инфекциясын жаппай жұқтырып жұрт ұлардай шулағанда осыған кінәлі  деген 20 дәрігерге соттың үкімі шықты. Бірқатары бірнеше жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң жазаға тартылды. Бірқатарының дүние-мүлкі тәркіленді. Қызмет бабын асыра пайдаланып, пара сұрағандарға, салақтық пен салғырттыққа салынғандарға нақты айғақпен сот үкімі шыққанына ешкім талас тудырмайды. Алайда сотталған дәрігерлердің ішінде кінәсі дәлелденбесе де жауапкершілікке тартылғандар да бар. Не үшін деймісіз? Сапасыз медициналық қызмет көрсеткені үшін. Сонда дейміз-ау,  қатерлі дерт дендеген сол тұста қан орталығындағы құрал-қондырғылардың 60 пайызының тозығы жетіп, әлдеқашан қолданыстан шығару мерзімінің өтіп кеткені үшін, “гемакон” деп аталатын бір мәрте пайдаланылатын пластикалық пакеттің облыс орталығындағы ауруханаларда болмағаны үшін, катетердің жетіспей, тіпті қарапайым шприцтер мен инелердің тапшылығы  үшін қарапайым дәрігерлерді айыптау ақылға қона ма? Есесіне құрығы ұзын,  құқығы күшті шіренген шенеуніктердің ешқайсысының қылы да қисайған жоқ. 

       Және бір мысал. Оңтүстік Қазақстан облысында кенеден тарайтын атышулы жұқпалы дерт-қырым қанды безгегінен соңғы бір жылда 11 адам ажал тырнағына ілікті. Оның екеуі адам тағдырына араша түсуге жанталасып  жүріп ауруға жұқтырып алған антына адал дәрігерлер. Тағы екі дәрігер кәсіби міндетін адал атқармағаны үшін бас бостандығынан айырылып, абақтыға жабылды. Байқайсыз ба, қызмет барысында ажал құшқан да дәрігер, сотталған да дәрігер болып тұр. Түсініксіздігі сол жұқпалы аурудың алдын алуға, малдарға дезинсекциялық жұмыс жүргізуге 2005 жылдан бері бюджеттен бақыр тиын да бөлінбегені үшін, осы тірліктерді мүлдем назардан тыс қалдырғаны үшін айыпты атқамінерлердің ешқайсысы жауапкершілікке тартылмады.  

       Мұның  бәріне неліктен егжей-тегжейлі тоқталып отырмыз? Себебі «СК Фармация» компаниясының сапасыз қызметінің, арзан дәрігерге қызығып ақша үнемдеуінің салдарынан бүгіннің өзінде айыпталып отырған  дәрігерлердің басына ертеңгі күні кезекті мәрте зобалаң туып жүрмей ме? Мемлекет басшысы басқа басқа денсаулық саласын сауықтырудан қаржы аямау қажеттігін қадап айтып жүр. Ал «СК Фармация» компаниясы қасіретке шалдыққан балалардан қаржы үнемдегенін мақтаныш тұтады. Бұл неғылған қарама-қайшылық? Бұған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қарсылық білдірмей көзжұмбайлық танытып келгені қалай? «Зверьковтің сөзі басқаша еді, тірлік тіпті басқаша екен, енді бұл тірлікті оңынан шешуге өзім кірісем» деді ол жұқпалы ауруға шалдыққан балалардың ата-аналарымен кездескенде. Денсаулық сақтау саласына Бірыңғай жүйені енгізіп сыннан көз ашпай келе жатқан тым сәтсіз реформамен әуре-сарсаңға түсіп кеткен  министр Досқалиев сонда ауру балалардың ата-аналары айқай шығармағанда ай қарап жұлдыз санап жүре берер ме еді? Әйтпесе жалғыз дистрибьютор ретінде елдегі бүкіл ауруханаларды қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етуге тиісті «СК Фармация» компаниясының монополист болып менменсіп кеткені тек  ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың дәрі-дәрмегіне байланысты шу шығарумен шектелмейді. Олар өзге науқастар тұтынатын бұрынғы  дәрі-дәрмектерді де баламалы түрлерімен алмастырып бағасы арзандау сапасызын жаппай сатып алуға көшіпті. Бұрын бір түйір дәріге шекеңізден шып-шып тер шықса, қазір оның атауы бірдей, күш-қуаты бөлек басқа сапасыз түрі болғандықтан бесеуін ішсеңіз де былқ етпейтініңізді жиі естіп жүрміз. Осылардың өзін тұтынушыларға уақтылы жеткізбегендіктен келісім-шартқа сәйкес кінәлі болғандықтан 20 пайыз айыппұл төлесе үнемдедік деп масаттанған қаржылар желге ұшқалы тұр. Облыс әкімінің денсаулық сақтау саласына жауапты орынбасары  Сәкен Қаныбековтің айтуынша биылғы жылдың жартысы өтіп қойғанымен «СК Фармация» компаниясы осы өңірге 97 түрлі дәрі-дәрмек әкелуге міндетті болса,  57 түрі  әлі күнге дейін жеткізілмеген. Оның ішіндегі 27-сі күнделікті қолданылатын, қажеттілігі өте жоғары дәрілік препараттар екен. Қазір оңтүстікте науқастар қалай емделіп жатқанына бұдан артық қандай баға беруге болады?  Осылайша «СК Фармацияның» пендешілігі шектен шығып барады. 

  «СК Фармация» компаниясы өзіне жүктелген міндеттемені атқара алмай жатқандығы баспасөз беттерінде талай рет жазылды.  Парламент депутаттары да ауыр сынға алды. Алдымен Мәжілісмен Сәуірбай Есжанов денсаулық сақтау саласындағы бетімен кеткен бей-берекетсіздікке байланысты нақты айғақтарды алға тартып, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Оған үн қосқан ақмолалық сенатор Серік Аяғанов мынадай мәліметтерді айтты: «Біздің облыстағы ауруханалар дәрілік заттармен қажетті мөлшерден тек 61 пайызға ғана қамтылыпты. Бұл не деген масқара деп  мәселені тереңірек зерттей бастадым. Сөйтсем, республика бойынша бұл ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екен. Дәрілік препараттармен Солтүстік Қазақстан облысы небәрі  40 пайызға, Қарағанды облысы 50 пайызға, Алматы қаласы 40 пайызға, ал Оңтүстік Қазақстан облысы 55 пайызға ғана  қамтылған екен. Бұл не деген сұмдық?». Әріптесін қолдаған тағы бір сенатор Иран Әміров «СК-Фармацияны» мүлдем таратып жіберуді ұсынды. 

  Сонымен «СК Фармация» компаниясын сынап халық та, халық сайлаған депутаттар да шу көтеріп жатыр.Үкімет жақ үнсіз. «СК Фармация» өткен жылдан бері Қазақстандағы дәрі –дәрмек нарығын жалғыз өзі жаулап алған дистрибьютер. Үкіметтің №1729 қаулысының 8 тармақ 83 тарауымен медициналық ұйымдарға дара дистрибьютер тізіміне кіретін препараттарды басқа жабдықтаушылардан сатып алуға тиым салынған. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің №733 қаулысымен дара дистрибьютердің бағытын басқа жабдықтаушылардан сатып алуға рұқсат етілгенімен өте төмен белгіленген шектеулі бағалар белгілегендіктен кім шаш-етектен  шығынға батқысы келеді дейсіз. Қандай айқай-шу шығарса да «СК Фармация» компаниясының айтқаны болып Үкіметтің өзі ұршықша үйіріліп отырғанына қарағанда оларға сыртай диспетчерлік жасайтын «дәудің» расында да мықты болғаны ғой. Әйтеуір оны қолдаушы, қорғаушы Тимур Құлыбаев деген сөзді құлағымыз шалып жүргенімен жел сөз, әлде жөн сөз екенін анықтаудың қиын екені түсінікті. Егер рас болса, халықтың денсаулығын ермек етіп ойнау -бұл отпен ойнау емес пе? Осындайда оның экс-бажасы Рахат Әлиевтің еріксіз еске түсіп тұрғанын қарасаңызшы.

Мұрағаттан, 2010 ж

Screenshot_19.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: