Шымкенттте қарақшылық топ құрықталды

Screenshot_4.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс полицейлері бірнеше мәрте қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты құрықтады.

1 мамыр күні Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы  әл-Фараби аудандық полиция бөліміне облыс орталығындағы жанар-жағар май бекетінің операторлық бөліміне қарақшылық шабуыл жасағаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына аталған бөлім мен облыстық ішкі істер департаментінің тәртіп сақшыларынан құрылған  жедел-тергеу тобы келіп жетті. Жәбірленушілер мен куәлардан сұрастыру барысында белгілі болғаны,  бір топ қарақшылар бекет аумағына кіріп, операторды ұрып-соғып, 90 000 теңгесі мен ұялы телефонын тартып алып алып кеткен.

Қарақшылар оқиға орнынан із суытқанымен ұзамай тәртіп сақшыларын қайта тік тұрғызды. Олар тағы да жанар май бекетін нысана еткен екен.

9 мамыр күні сағат түнгі сағат екілердің шамасында қылмыстық топ Сарыағаш ауданындағы жанар жағармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған. Екі операторды ұрып-соғып,  21 000 теңге мен екі ұялы  телефонын тартып алған. Қылмыскерлердің аудандарға жасаған «гастрольдік сапары» мұнымен бітпейді. Осы  күні кешкісін тағы бекетке шабуыл жасап, оператордың 300 000 теңге мен ұялы телефонын тартып алып кеткен.

«Бөрілер» бұдан кейін  Қазығұрт ауданында бой көрсетті. Олар аудан орталығынан 7 шақырым қашықтықтағы жайлаудағы бақташыны ұрып-соғып, аяқ-қолын байлап, ұялы телефонын олжалаған. Жәбірленушінің айтуынша, қарақшылар оқиға орнынан шетелдік автокөлікпен іс суытқан.

        Облыстық тергеу басқармасының қызметкерлері осы жәйт бойынша ҚР ҚК-нің 179-бабымен (қарақшылық) қылмыстық іс қозғайды.

Қарақшылық шабуылдың ашылуы ішкі істер департаменті басшылығының  жеке бақылауына алынады. 25 мамыр күні ізкесушілер жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Сарыағаш ауданында жоғарыдағы қарақшылыққа қатысы бар  үш күдікті құрықталды. Олар Шымкент қаласы мен Сарыағаш және Сайрам аудандарының 20-22 жастағы тұрғындары болып шықты. Барлығы жұмыссыз жастар. Топ құрамындағы төртінші жігіт Қазығұрт ауданындағы үйінен ұсталды. Оның жасы 19-да.

Айғақты заттар ретінде күдіктілерден «Фольксваген-Пассат» автокөлігі, «ОСА» тапаншасы және төрт ұялы телефон тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда ұсталғандар уақытша тергеу абақтысында отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде. Облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы Серік Шалқаровтың айтуынша, қарақшылар жанар май бекеттеріндегі күзет күшінің әлсіздігін арқа тұтқанға ұқсайды. Көп жағдайда бекет қожайындары күзетшілікке өздерінің туыстарын қоя салады. Артық шығынға барғысы келмейді. Қарақшылық шабуыл жасалған бекеттердегі жағдай дәл осындай.  Сарыағаш ауданындағы бекетте күзетші мүлдем жоқ. Ал, облыс орталығындағы бекетке күзетші қойылғанымен, оның қолында қылмыскерлерге қарсы қауқар көрсетерлік ешқандай қару болмаған.

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: