Ақсақал: "Кентау әкімі қызымды мүгедектікке жеткізді"

Screenshot_4.png

Кентау қаласының әкімі Нұржігіт Қалмырзаев пен оның командасына  наразылық білдірушілердің қатары толастамай тұр. Бұл жолы "Рейтингтің" редакциясына қаланың Құрметті азаматы Сейдулла Адыршаев мәселесін айтып арнайы келді. Оның сөзіне қарағанда, үш жылдан бері «Дәуір» бала-бақшасының мегерушісі болып келген  қызы Тамара Оспанованы әкімдіктегілер біраздан бері сергелдеңге түсірген.   

- Қалаға Нұржігіт Қалмұрзаев жаңадан әкім болып келгелі бері қызым «құрғақ сәлем» бергені үшін қудалауға ұшырады. Өзім әкімге  осы мәселемен екі рет кіріп, сөйлескенімнен нәтиже шықпады. Білім беру бөлімі арқылы қудалауды тоқтатқан жоқ.  2010 жылдың желтоқсан айы мен келесі жылдың сәуір айы аралығында облыстық қаржылық бақылау инспекциясы 2 рет, қалалық білім беру бөлімі 3 рет тексеру жүргізіп,  соның барысында 5 рет жасанды құжат даярлаған, - дейді әрі әкесі, әрі соттағы сенімді өкілі  С.Адыршаев. 

Болған жайттарды қысқаша баяндап өтелік. 2010 жылдың 30 қарашасы күні қала әкімінің тапсырмасымен балабақшаларды жаппай тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде мекемелерде бірқатар кемшіліктер табылады. Алайда, шара тек «Дәуір»  балабақшасының жетекшісіне көріліп, Тамара Оспановаға қатаң сөгіс беріледі. Сондай-ақ, білім беру бөлімі өз тарапынан мемлекеттік сатып алу бойынша тексеру жүргізіп, «Дәуір» балабақшасында мемлекеттік сатып алу туралы заңының талаптары бұзылғандығын анықтапты.  

Шиеленіскен іске прокуратура араласуға мәжбүр болып, олар білім бөлімінің әрекетінен шикілік тапты. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу саласын тексеру бұл бөлімнің құзырына мүлдем кірмейді екен. Сонымен қатар, тендердің дер кезінде өтуіне бөлімдегілердің жайбарақаттығы, балабақшалардың кіріс және шығыс сметаларын дер кезінде бекітпегені кері әсерін тигізгені белгілі болды. Мұндайда бүлдіршіндерді тамақсыз қалдырмауы үшін мекеме басшыларына алғашқы тоқсанға сатып алу конкурсын жүргізіп, мәселені өз бетінше шешуден басқа амалдары қалмаған. 

Әйткенмен, 12 сәуір күні қалалық білім бөлімінің бастығы «Дәуір» балабақшасының меңгерушісін қызметінен босату туралы  бұйрық шығарады. Т.Оспанова бұған келіспеушілігін білдіріп, сотқа арызданған. Кентау қалалық соты арызды қанағаттандырмаған соң облыстық соттың апелляциялық, кейін кассациялық алқасына шағымданып, нәтижесінде былтыр 25 қазан күні соттың қаулысымен «Дәуір» балабақшасының меңгерушісі қызметіне қайта орналастырылады. Бірақ, білім беру бөлімі жұмысқа қайта орналасу туралы шешімді 14 қараша күні орындаған. Алайда бөлімнің бастығы Н.Әбілдаева Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, кассациялық соттың қаулысын бұздырады. 

- Жоғарғы сотта өткен отырысқа біз шақырылмадық. . Қандай шешімнің шыққанын өзіміз Жоғарғы соттың кеңсесіне қоңырау соғып білдік. 24 қаңтарда шыққан  шешімді білім бөлімдегілер сол күні-ақ іске асырып, бұйрық шығарды. Міне, осы секілді жағдайлар қызымның денсаулығына да кері әсерін тигізді. Соның салдарынан  мүгедектікке де  шықты. Шындықты іздейміз, әділеттілікке жетеміз деп бір жылдан бері осылайша сергелдеңге түсіп келеміз. Осыған кінәлілер  жауапкершілікке тартылады ма? Менің мақсатым – шындыққа қол  жеткізу,--дейді С.Адыршаев.  

 Бұған қала әкімі Нұржігіт Қалмырзаев не дер екен? 

Айбар АЛШЫН

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: