Кентаудағы мектеп-интернаттың жағдайы сын көтермейді

Screenshot_6.jpg

Прокуратура оның жұмысын тоқтату туралы сотқа талап арыз жолдады

Кентау қаласында орналасқан «Ерекше жағдайда тәрбиелеуді қажет ететін, сондай-ақ, девианттық мінез-құлықты балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесіне тексеру жүргізген облыстық прокуратура мен Кентау қалалық прокуратурасы көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Дәлірек айтқанда, тәрбиелеу процесін ұйымдастыру мен тәрбиеленушілерді қамтамасыз ету мәселелерінде  заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталды. 

Облыстық прокуратураның мәліметіне сенсек, мектеп-интернатта тәрбиеленетін жасөспірімдердің санына кесте бойынша кезекшілік ететіндердің қатары сәйкес келмейді. Осыған орай кесте талапқа сай сақталмаған. Мектеп-интернат басшылығы тарапынан жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан, әрекетсіздігінен бірқатар жеке тәрбиешілер тиісті міндеттерін мүлдем орындамаған. Соның салдарынан тәрбиешілер қолымен ауыр қылмыстың жасалуына жол берілген. 

Өртке қарсы және санитарлық-эпидемиологиялық заңдылықтардың сақталуына байланысты жүргізілген тексерудің нәтижесінде  бұл мекеме ғимаратының жағдайы талапқа жауап бере алмайтыны анықталды. Ғимарат типті емес және интернатқа лайықталмаған. Спортпен шұғылдануға арналған зал көлемі жағынан сәйкес келмейді. Спорттық құрал-жабдықтарға және киім ауыстыруға арналған арнайы бөлме жоқ. Интернатта, тіпті, тәрбиеленушілер тазалығын қамтамасыз ететін монша да жоқ. Өрт қауіпсіздігіне жауап беретін автоматтандырылған белгі беру аппараты жұмыс істемейді. Ағаш жабдықтар арнайы өртке қарсы сұйықтықтармен сырланбаған. Өртсөндіргіш құралдар толтырылмаған, крандар орнатылған шкафтар да пломбаланбаған. Өрт болған жағдайдағы эвакуация жоспары жасалмаған. 

Прокуратура тарапынан бұл тексеру ызғарлы желтоқсан айында жүргізілген. Осы уақытта тәрбиеленушілердің жатын бөлмесіндегі ауа температурасы 14 градус қана жылылықты көрсеткен. Талап бойынша ол 21 градустан төмен болмауы тиіс. Сондай-ақ, консервіленген және сүт өнімдерінің сапасын мақұлдайтын құжаттар да болмай шықты. Тәрбиеленушілерге арналған қажетті жиһаздардың жетіспейтіні белгілі болды. Бар жиһаздардың өзі сынған, жарамсызданған. Көрпе-төсектері әбден кірлеп кеткен. Санитарлық құралдармен толық жабдықталмаған. Қаралған 72 унитаздың бар болғаны төртеуі ғана жұмыс істесе, олардың өзі сынық күйде.       Сонда бұл интернатта тәрбиеленушілердің азаматтық құқықтары аяққа тапталып, қиын жағдайда өмір сүріп отырғандықтарын көрсетпей ме?!

Өткен жылдың қараша айынан бастап 8 тәрбиеленушінің мектеп-интернат директоры тарапынан заңсыз үйлеріне жіберілгені анықталды. Ал мекемеге қайтып оралу жөнінде ешқандай шара көрілмеген. Осы және өзге де кемшіліктерге орай интернаттың жұмысын уақытша тоқтату жөнінде сотқа арыз түсірілді. Сондай-ақ, өз лауазымды қызметіне немқұрайлы қараған басшылардың жауапкершілігі қаралмақ.  

Мұрағаттан: 10.01.2013


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: