Көш соңында қалған Кентауда ел қуанатындай ештеңе жоқ

Screenshot_1.jpg

Өткен аптаның  жұмасында Кентау қаласының әкімі Бақытбек Байсалов облыс әкімдігінде алты айдың қорытындысы бойынша есеп берді. Қарамағындағылар әкім мырзаның астына көпшікті қалыңдау тастағысы келді ме екен, кім білсін, әйтеуір, тілшілерге арналған пресс релизді «Жуық арада Кентау қаласының әкімі болып тағайындалған қаланың төл перзенті Байсалов Бақытбек Шорабайұлы аз уақыт ішінде бірқатар жұмыстар атқарып келеді» деген сөзбен бастапты. Ойланып қалдық. 

Расында да,  соңғы 10-15 жылдың көлемінде Кентауды басқарған әкімдердің арасынан жергілікті жерден шыққан кадрды есімізге түсіре алмадық.  Әкім ылғи да сырттан әкелініпті. Б.Байсаловтың есебін қабылдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов те:

--Ешкімнің бізге қояр өкпесі жоқ шығар, сырттан әкеліп қойғанымыз жоқ,--деп, Байсаловтың Кентаудың төл перзенті екенін тағы бір тұспалдап өтті. Өтпелі кезеңде көптеген қиыншылықтарды бастан кешірген Кентауды жергілікті кадр Б.Байсалов қаншалықты көркейте алады? Тағайындалғанына үш ай өткен жаңа әкім нендей бастамаларымен көзге түсе алды? Жетістік қайсы, кемшін түсіп жатқан тұсы қайсы? Енді соған тоқталайық. 

Естеріңізде болса, атқарған жұмысы туралы облыс әкімдігінде есеп берген Кентаудың бұрынғы әкімі Нұржігіт Қалмұрзаев «Кентауда қолынан іс келетін адамдардың бәрі кетіп қалған» деген еді. Әкімнің бұл сөзіне бір топ кентаулық реніш білдіріп, редакциямызға хат та жолдаған. Алайда жаңа әкімнің тұсында да Кентауда кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласынан оң өзгеріс байқалмайды. Жергілікті шенеуніктердің бұл бағыттағы жұмысы әлі де шабандау. Алты айда қалада «Индустриалдық-инновациялық даму» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары  бойынша бірде-бір жоба картаға енгізілмеген. 

Жиында Кентаудағы ауыл шаруашылығының кенжелеп тұрғаны баса айтылды. Аталған салада өнім өндіру жаман болмағанымен, басты назарда тұрған жылыжай мен тамшылатып суару тапсырмалары оңбай тұр. Жылыжайды 5 гектар жерге ендіру межеленсе, оның  1,2 гектары ғана орындалған. Тамшылатып суару әдісін 500 гектарға ендіру жүктелсе, нақты жүзеге асқаны—112 гектар ғана.

Айтқандай, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбековтың айтуынша,  жұмыссыздар жөнінен Кентау алдыңғы орындарды иеленеді. Соған қарамастан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көңіл көншітпейді. Бұдан бөлек, ауыз су мен жолға бөлінген қаржы да игерілмеген. Ауыз су Байылдыр, Ащысай елді мекендерінде тәулігіне 4 сағат ғана беріледі.  

--Әкім болып тағайындалғаныңызға біраз уақыт өтті. Кемшіліктерді көретін уақыт болды емес пе?—деді жиында облыс басшысы. 

 Бақытбек Байсаловтың есеп беруден кейін журналистерге берген сұхбатына қарағанда, Кентау кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға онша қолайлы аймақ емес. Электр энергиясы қымбат. Темір жол байланысы жоқ. Қалаға тартылған бұрынғы 44 шақырымдық темір жол 2000 жылы «Южполиметалл» кәсіпорнына, яғни жекеменшікке өтіп кеткен. Оны мемлекетке қайтару үшін келіссөздер жүріп жатыр екен. 

Қорыта айтқанда, қысқа уақыт ішінде әкімнің тірлігінен оң өзгеріс байқалмайды. Бақытбек Байсаловтың өзі мойындағандай, атқа қонып үміт жетелеген үш ай ішінде «қуанатындай ештеңе жоқ». Аудан, қалалардың рейтингісінде қашанда соңғы орындарда жүретін Кентау алты айдың қорытындысы бойынша 13 орында тұр. Кентауда әкім ауысқанымен жаңа басшы кері кеткен тірліктердің кенеуін келтірудің еш ебін таппағандықтан «баяғы жартас, сол жартас...». Сонда қалай, сол өңірдің төл перзенті деп төбесін көкке тигізіп мадақтап, мапаздап жүрген әкім шырақ Бақытбек Байсалов көтере алмас шоқпарды беліне байлағаны ма? Әрине, әзірге бұлай деп бірден кесіп айтуға болмас. Әліптің артын бағалық. Байсаловқа байланысты жан-жақты әңгіме қозғайтын күндер әлі алда... 

Мұрағаттан, 02.08.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: