Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың қызметтен кетіп, орнына Әділ Шаяхметовтың тағайындалуы көпшілік үшін тосын жаңалық болды. Елбасының ең сенімді адамдарының бірі ретінде танымал Шабдарбаев еліміздегі ең сыр алдырмайтын шенеуніктердің бірі болғаны мәлім. Комитеттегі ауыс-түйіске қатысты түрлі жорамалдар айтылып жүр. Ресми түрде Шабдарбаевқа, әрине, ешкім кінә тағып отырған жоқ. ҰҚК-ның жаңа басшысы Әділ Шаяхметов журналистерге мынадай мәлімдеме жасады: «Шабдарбаев өзінің қызметін мінсіз атқарды. Ол комитеттің деңгейін көтерді, үлкен ұйымдастыру және кадрлық жұмыстарды жүргізді. Елбасының оны өзінің кеңесшісі етіп тағайындауы көп жайтты аңғартады».
Дегенмен, сарапшылар Шабдарбаевтың қызметтен кетуін басқа себептермен түсіндіруге тырысады. Алдыңғы кезекте айтылатын әңгіме – қаржы полициясының Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің тұтқындалуы. Бұл лауазымды қызметкер есірткілік заттарды тұтынған деген күдікпен ұсталғанын елдегі ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Алайда, Жантелеевтің бағына орай ҰҚК мен қаржы полициясының арасындағы дауға Бас прокуратура киліге кетті. Бұл құзырлы органның өкілдері өз бетінше тергеу жүргізіп, нәтижесінде «Жантелеевтің іс-әрекеттерінде қылмыстық құрамның жоқтығын» анықтап, қылмыстық қудалауды тоқтату жайлы шешім қабылдады. Прокуратура қызметкерлерінің айтуына қарағанда, лауазымды шенеунікті тұтқындау кезінде бірде-бір куәгер болмаған көрінеді. Оларды ҰҚК қызметкерлері тек 20-30 минуттан соң барып «түгендегенге» ұқсайды. Оның үстіне, түсінік берген куәгерлердің бірі Жантелеевті тұтқындауға қатысқан ҰҚК қызметкерінің туысқаны болып шыққан. Анықталған жайттарға байланысты Бас прокуратура ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірқатар қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғады.
Шабдарбаевтың тұсында өрбіген тағы бір даулы мәселе – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі. Жәкішевтің тағдыры қалай шешілетінін әзірше белгісіз қалып отыр. Қалай десек те, Шабдарбаевтың тұсында елімізде даулы мәселе аз болған жоқ. Бір нәрсе анық: Шаяхметовтың осы қызметке тағайындалуы ұлттық қауіпсіздік қызметінде елеулі өзгерістер әкелуі бек мүмкін.