Сіз не дейсіз?
Лесбек Байжанов, «Ақиқат» ұйымының жетекшісі:
-Ішкі саясат басқармасы - өте маңызды мекеме. Бастығы жоқтан ба, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір соңғы кездері осы басқарма бас қатыруы қажет бірнеше жайт мені әттеген-ай дегізіп жүр. Таяуда өзім қатысқан мерекелік іс-шараның бірі мемлекеттік гимн ойналмай аяқталды. Ол іс-шараға қандай баға бересің? Тағы бір жаныма бататын мәселе - бірқатар аудандағы халық отандық телеарналарды көре алмай отыр. Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында тұратын тұрғындар қазақша бағдарламаларға қол жеткізе алмай, өзбек телеарналарын қашанға дейін тамашалайтыны белгісіз? Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қазақ тіліндегі телеарналарды көруге мүмкіндік туғызатын қондырғы орнату үшін бюджеттен қаржы бөлгенімен оны игеру, елді қуантатын игілікті іс жүзеге аспай жатыр. Облысымыз шекаралық аумақта орналасқан. Келімсек діни ағымдар мен секталар күн санап көбеюде. Бұған тосқауыл қоятын кім? Бірінші кезекте ішкі саясат саласының қызметкері мен облыстағы имамдар. Олар болса жуырда газеттің бетінде христиан дінінің басқа бір секта өкілдерімен бірлесіп мәлімдеме жасады. Бұл идеологиялық тұрғыдан жіберілген қателік емей немене? Дін мемлекеттен бөлек десек те ол да идеологияның маңызды бөлігі. Қазақтың қаймағы бұзылмаған өлкеде, республикалық деңгейдегі мәдениет пен руханияттың, ұлттық идеологияның алтын қоры болып табылатын облысымызда осындай мәселелер ақсап жатыр. Қазақтың бай мәдениеті өз деңгейінде насихатталмайды. Базарда, қоғамдық көлікте немесе басқа да жерлерде кілең шетелдік әндер шырқалады. Осының барлығына ішкі саясат басқармасы қарамағанда кім қарайды? Шымкенттегі оқиғалардың жаңғырығы бүкіл республикаға таралатындықтан бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Сондықтан, бұл қызметке қай жағынан алғанда да сай адам, қоғаммен, көпшілікпен жұмыс істей алатын азамат келуі тиіс.
Бекжігіт Мәуленов, «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі:
-Ішкі саясат басқармасы бастығының орынтағы бес айдан бері бос тұрғаны түсініксіз. Ол қалай, неге бос тұрады? Әлде бізде бұл қызметті атқара алатын азаматтар жоқ па? Кейбіреулер «кадрлық кризис» деген ұғымды алға тартады. Бәлкім бұл «кадрлық кризис» емес, «кадрлық бизнес» болар. Қалай болғанда да, бұл қызметке кездейсоқ адам келмеуі тиіс. Бастықтың орынтағынан үміткер азаматттың бойында міндетті түрде дипломатиялық қасиет болуы керек.
Любовь Доброта, республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі:
-Облыстық ішкі саясат басқармасына қатысты мәселені жуырда өзім де көтердім. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтан «ішкі саясат басқармасы бастығының орны неге бос тұр? Бұл атқарушы билік жүйесінде ең маңызды басқармалардың бірі емес пе?», деп сұрадым. Маған берілген жауап біреу ғана болды: қазір осы орынға лайықты азаматты іздестіріліп жатыр.
Әлбетте, басқарма бастығының жоқтығы мекеменің жұмысына тікелей әсерін тигізеді. Нақты дәлелдерді қазір келтіре алмаспын, бірақ, соңғы жарты жылда облыста бірқатар маңызды іс-шаралардың орын алғанын ескерсек, ішкі саясат басқармасының қызметкерлеріне оңай тимегені анық. Бұл орынға міндетті түрде демократиялық немесе либералды көзқарастағы адам келуі тиіс деген пікірді қостамаймын. Себебі, бұл партия немесе қоғамдық ұйым емес, бұл мемлекеттік қызмет. Кез келген мекеменің жұмысы бірінші кезекте басшылықтағы адамға байланысты. Сондықтан, үміткерге қойылатын талаптар көп. Солардың ең маңыздысы – қоғамда болып жатқан жағдайларды жіті бақылап отыру, маңызды оқиғалардан шет қалмау. Менің ойымша, осы орынға лайықты азаматтар арамызда баршылық.
Клара Әліпова, «Оңтүстік Қазақстан азаматтық альянсы» үкіметтік емес ұйымының төрайымы:
- Басқармадағы бұрынғы басшылардың арасында үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуге дайын болмай шыққандары кездескен. Олар уақыт өте келе үйреніп, басшы ретінде жұмыс істеуге үйренді. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы бұрынғыдай жалғасып келе жатыр. Бірақ, шынын айтқанда, осыншама ұзақ уақыт бойы ішкі саясат басқармасының басшысыз жұмыс істеуі бұл дұрыс емес. Бұған қазір барлық қоғамдық ұйымдар алаңдап отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын облыстық форумды өткіздік. Ол кезде ішкі саясат басқармасының бастығы жоқ болатын. Күні кеше ғана Астанадан оралдық. Онда төртінші республикалық азаматтық форум болып өтті. Бұл өте үлкен іс-шара. Форум бізге үлкен міндеттер жүктеді. Ал осы жиынға байланысты дайындығымыз тағы да ішкі саясат басқармасының бастығынсыз өтті. Бұл, әрине, дұрыс емес. Олай болмауы тиіс. Ең бастысы ол өз ісінің маманы болса екен деймін. Кездейсоқ адамның келуінен қорқамын. Бұл мәселені шенеуніктермен болған кездесуде бір емес, бірнеше рет көтердім. Бірақ, әзірше олар тарапынан тек уәде беріліп кеде жатыр. Идеолог болуы тиіс. Бұл қызметке идеологияны жүргізе алатын азамат қана лайық. Жан-жақты азамат болуы тиіс.
Жанысбек Өтегенов, «Азат ЖСДП» партиясы облыстық филиалының төрағасы:
-Бір кісі «әкім болатын адам қалмады» деп айтқан еді. Мен айтамын, әкім болатын адам көп қой. Лайықты адам таба алмай жатқан шығар. Ал шын мәнінде осы орынға қай жағынан алғанда да лайық жігіттер жоқ емес бар. Партияларда, үкіметтік емес ұйымдарда небір жігіттер жүр. Олар барлық деңгейде істей алады, қоғамдық ұйымдармен жұмыс жасай алады. Ондай ұсыныс та жасадық. Бірақ, қоғамдық ұйымдардың құлағына билік құлақ аспай жатыр ғой. Білуімше, облыс әкімінің атына осы мәселе бойынша хат та жолданды. Неге осы қызметке қоғамдық ұйым өкілдерін тағайындамасқа деген ұсыныс та айтылған. Мұндай басқарманың басшысыз қалып отыруы өте қиын. Бұрынғы басшы қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей алды. Дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды, барлығымыз бірлесіп коммуналдық тарифтердің бағасын түсіре алдық.
Біз тілдескен адамдардан, пікірі алдағы уақытта газет бетінде жарияланатын оқырмандардың бірқатарынан бос тұрған басқарма бастығының орнына кімдерді үміткер ретінде атай алатынын сұрадық. Әрқайсысы әрқилы пікір білдірді. Сейіт Ертаевтың іскерлігі жайлы еске салғандар жетерлік. Гүлмира Тағаеваның тірлікке тындырымдылығы тілге тиек етілді. Үміткерлер қатарында Ерлан Нұрмаханов пен Бейсенбай Тәжібаевтың да аты аталды. Біреу Лесбек Байжановты, енді біреу Владимир Жариновты ұсынды. Жолдасбек Күздеубаев пен Қуандық Құлажановты атағандар да бар. Басқарманың бұрынғы бастығы, Астанаға қызмет ауыстырған Баһадүр Нарымбетовті қайтадан кері шақырсақ дегендер де кездесті. Бұл енді оқырмандардың көзқарасы, олар да ойын білдіруге құқылы ғой. Ал ой-пікір қаншалықты ескерілетінін облыс әкімінің өзі шешер. Кім білсін, басқарманың болашақ бастығы бұлардың ішінен іріктелмей мүлдем басқа біреу тағайындалуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да ішкі саясат басқармасының бастығы қашанға дейін бос тұрмақшы? Бұл кадрлық кризис пе, кадрлық бизнес пе? Әр алуан алыпқашпа әңгіме туғызып елдің аузындағы сауалды ашық айтқанның ешқандай айыбы жоқ шығар.