"Меланж" мемлекеттік тілді менсінбай ме?

146d5a8a-0dde-4f8a-a818-73892d4ae859.jpg

Жуырда оңтүстікке сенатор Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты Сергей Дьяченко, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ұлт жанашыры Дос Көшім сынды Астанадан, Алматыдан елге танымал азаматтар келді. Парламент депутаттары, еліміздегі саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері топтасқан делегация Шымкентті аралады. Қонақтарды алып жүрген облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп біраз жерді көрсетті. Облыс орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігінен мағлұмат берді. Мақтан етерлік өндіріс орындарынының жұмысымен де таныстырды. Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан «Алтын сапа» жүлдесін алып келген «Меланж» акционерлік қоғамында болған қонақтар мақтаның матаға айналып жатқан процесін көрді. Өнімін қайда өткізіп жатқанын сұрады. Қысқасы бәрі дұрыс, көрсететін де, мақтан ететін де нәрселеріміз баршылық.

Алайда, өзгені қайдам, сол қонақтардың қасында сөзін тыңдап, пікірін қағазға түртіп жүрген журналистер жерге қарардай бір жәйт болды. «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дос Көшім бір сәтте бізге қарап: «Мыналары енді ұят екен. Қазақша жазса қайтеді. Бұл қазақтың қаймағы саналатын оңтүстік қой. Өскемен болса бір сәрі» деді. Сөйтсек, ол өндіріс орнын аралап жүргенде қабырғалардағы хабарландыруларға, маңдайшалардағы жазуларға да мән беріп жүрген екен. Төбемізден суық су құйып жібергендей болған әлгі сөзден соң, біз де түрлі хабарландырулар мен арнайы стендке қойылған хабарламаларды «оқи» бастадық. Бәрі ресми тілде. Қазақшасы жоқ. Тек шығар есіктің жанындағы орысша хабарландырудың үстіне қаламмен «есікті жауып жүріңіздерші» деген жалғыз қазақша сөйлемді көзіміз шалды. Жаураған ғой... қазақтар. Кәсіпорында қазақтар істемей ме, деп сол арадағы жұмысшылардың бірінен сұрадық, Сөйтсек, жетпіс пайыздан астамы өзіміздің ағайындар екен. Сонда олардың арасынан мемлекеттік тілді «жоқтайтын» бір азамат шықпағаны ма? Ұят болды.

Диас ЕРКІНБЕК.

Шымкент қаласы.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: