Жұмыссыздар 25 мың теңге жалақысы бар жұмысқа барғысы келмейді

57b3a1d6454600f867e6a352e667f800-768x362-800x480.jpg

Жамбыл облысында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша адамдарды еңбекпен қамту орталықтарының жолдамасы арқылы жұмысқа орналастыру жөнінен жүзеге асыру мәселесі  өте алаңдатарлық жағдайда. Үкімет «Жол картасы» бағдарламасын қабылдағанда жұмыссыздарды еңбекпен қамтуды оның басты мақсаты әрі ерекшелігі ретінде айқындап, бұл мақсатқа қыруар қаржы бөлді. Бірақ, көптеген құрылыс компаниялары тендер шартында олардың 20 да 80 теңдігін сақтауы керектігі, яғни жұмысшыларының 20 пайызы өз мамандары болса, 80 пайызын еңбекпен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша алуы тиістігі атап көрсетілгеніне қарамастан осынау маңызды мемлекеттік шешімді орындамай отыр.

Олар еңбекке алдымен жұмыссыздар тартылуы қажет екенін естен шығарған. Мәселен, қалада жұмыссыздар үшін 1360 жұмыс орны ашылуы тиіс болса, еңбекпен қамту орталығының жолдамасымен бар болғаны 130 адам ғана қамтылған. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарында да осымен шамалас жағдай қалыптасып отыр. Онда 3198 жұмыс орнына еңбекпен қамту орталығының жолдамасымен бар болғаны  668 адам қабылданған. Мәдениет саласында да елеулі кемшіліктер бар. Атап айтқанда, тоғыз мәдениет үйіндегі жөндеу жұмыстарында 787 жұмыс орны ашылса, еңбекпен қамту органдарының жолдамасымен 296 адам ғана қабылданған. Тараз қаласында әлеуметтік жұмыс орындарын ашу мәселесінде де (87 пайызға орындалған), «Жастар практикасы» бағдарламасын жүзеге асыруда да (50 пайызға орындалған), кадрларды даярлау мен қайта даярлауда да (үшінші лекте 256 адамның орнына 105 адам оқып жатыр) үлкен проблемалар бар. Мұндай жағдайға енді төзуге болмайды, деді Бөрібай Биқожаұлы. Сондай-ақ облыс әкімі Бөрібай Жексембин облыс әкімдігінің еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет басқармалары мен Тараз қаласы әкімдігінің бұл мәселедегі сылбырлығын қатаң сынға алды. «Жол картасы» аясында айқындалған нысандарда әлеуметтік, қоғамдық-ақылы, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша анықталған жұмыс орындарына жұмыссыздарды тарту мәселесін қабылдаған жоспарға сәйкес орындамағаны үшін Тараз қаласының әкімі І. Тортаевқа тәртіптік жаза – сөгіс, облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы К. Бекболатовқа қатаң сөгіс берілді. 

Бөрібай Биқожаұлы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлініп жатқан бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуы, әсіресе жұмыссыздарды еңбекпен қамту және оларға еңбекақы төлеу мәселесі қаржы және құқық қорғау органдары тарапынан көп қайтара тексерілетініне назар аударды. Сондықтан да, «Жол картасын» жүзеге асыруға жауаптылардың бәрі бұл мәселеде тәртіп орнату жөнінде тездетіп пәрменді шаралар қолданулары қажет. 

Ал, Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры Қаржаубай Бекболатов бұл мәселенің себебін басқа жақтан іздейді. Ресми мәліметтерге қарағанда Жамбыл облысында өткен жылдан бері жұмыссыздар саны 6 есеге өсіпті. Әрине, дағдарыс дауылы көптеген кәсіпорындардың шаңырағын шайқалтып тұрған қазіргі заманда бұл адамдарға жұмыс тауып беру қиынның қиыны. Бұдан шығатын бірден-бір жол – бұл жұмыссыз ретінде тіркелген жандарды қайта оқытып, қазіргі заманда сұранысқа ие мамандық беру еді. Алайда шағын курстарды оқып, осындай мамандық алған жұмыссыздар «Жол картасы» бойынша бөлінетін 25 мың теңге жалақыны қанағат тұтпай, жұмсаған жағына бармай отыр.

Өткен аптада Тараз қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келген екі жұмыссыз әйел 25 мың теңге жалақыға көше сыпырып, құрылыста жұмыс істегісі келмейтінін ашық айтыпты. 

-- Менің бұл жандарға таңым бар, -- дейді Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры Қаржаубай Бекболатов. – Бұл екі әйел бір тоқсанда табатын табысымыз небәрі 8 мың теңге ғана деп көрсеткен. Сөйтеді де ай сайын 25 мың теңге төлейтін жұмысқа барғысы келмейді. Біз оларды көше сыпыруға бекерден-бекерге жіберіп отырған жоқпыз ғой. Олардың мамандығы жоқ. Ал курстарға жіберсең, оқығысы келмейді. 

Бұл айтылған әңгімені «Водоканалстрой» ЖШС-інің директоры Константин Ли де растап отыр. Бұл мекеме бағдарлама бойынша 72 адамды қабылдапты. Әлі тағы 40 жұмысшы қажет екен. «Бірақ бірде-бір жұмысшы таппай отырмыз. Бәрі 25 мың теңге жалақыны азсынады. Оларға бірден 100 мың теңге жалақы беру керек...» деп күйінеді К. Ли. 

...Иә, қалай айтсақ та, екі жақтың да айтып отырған мәселесі көңілге қонымды. Қазіргі заманда ешкімді мәжбүрлеп, артына мылтық тіреп бір жаққа жұмсай алмайсың. Бұл мәселені сараптап, тез арада бір шешімін таппаса,  ел болып қолға алған «Жол картасы» бағдарламасы осылайша жолда қалатыны сөзсіз...

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: