Әбділдә Тәжібаев - әдебиетіміздің асқар тауы

1536830465_13tazhibayev1.jpg

І

      Өлең-назымның дүлдүлі, Батыс пен Шығыстың көркемдік жетістіктерін терең меңгерңп, әйгілі шығармалар жаратқан; шыншыл, жаңашыл, батыл туындылары ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әсем айшығы болып қаланған; сыршыл суреткерлікті ойшылдықпен ұштастырған; шығармашылық құлашы энциклопедиялық жан-жақтылығымен ерекшеленетін корифей тұлғаларымыздың бірі Әбекең - Әбділда Тәжібаев. Ол әдебиеттің  тынысын тарылтқан небір қиын кезеңдерде шындық деп жаны шырқыраған, ұлт перзентінің намысты сөзін айта білген, ақиқат туын қолдан түсірмеген, жаратылысынан қайсар мінезді, адал ер азамат еді. Заманның, қоғамның күн тәртібіне қойылған адамгершілік, ар, парыз мәселелеріне әрқашан көркемдік жауап айтып келген алып ақынның жүрегі мәңгілікке тоқтады дегенді есту қандай ауыр! Бірақ пенденің тағдыр үкіміне қарсы тұрарлық шарасы жоқ!

ІІ

      Әбекең поэзиядағы жолын кедей, пролетариат ақыны болып бастап, бірте-бірте тақырып шеңберін кеңейткен, ақырында адамзаттық құндылықтарды жырлайтын биікке көтерілген. Кей ақындар белгілі идея, аңсардың жаршысы болып, әдеби дамудың нақтылы бір кезеңінде ғана көрінсе, Ә. Тәжібаев бүкіл шығармашылық өмірінде ізденуі ізденуін, жаңа айдындарға құлаш ұруын тоқтатпаған. Соның нәтижесінде ол бәйге жарыстың барлық айналымында барабар келген хас жүйріктей қарқынға қарқын қосып отырған.

III

        Ол социалистік реализмнің шарты бойынша қаламгер ірі, қоғамдық мәселелерді көтеріп, бүгінгіні ғана емес, болашақты да қоса ойлап жазуы керек делінген заманда «таза» көңіл-күй лирикасына бет бұрған санаулы ақындардың бірі. Отызыншы жылдардың орта шеніндегі қазақ поэзиясында «Алтын ай», «Қарлығаш», Меруерт моншақ тіземіз», «Сырдария» тәрізді лирикалық шығармалар жоққа тән еді. Бұл секілді өлеңдер, М. Әуезов дәл тауып айтқандай, қазақ поэзиясына өзгеше ағын қосқан болатын. Бірақ сол кездегі белсенді сыншылар ақынды дарашылдыққа, жеке басының ғана көңіл-күйін айтуға тыс ойысып кетті деп жазғырып, оны өмірді боямалап суреттейтін ұраншылдар дүрмегіне қосқысы келген.  Бірақ ақын жаратылысына біткен турашыл мінезінен айнымай, сүйінгені мен күйінгенін жасырмайтын жырлайтын сыршыл лирик қалпында қала берді...

ІҮ

     Ақын өлеңдерінде әуел бастан публицистикалық және лирикалық ақын қос өрімдей қатар байқалған. Бұл бағытты тереңдете келіп, суреткер кейінірек философиялық лирика жанрында да елеулі із қалдырды.   

Ү

      Елуінші жылдардың орта тұсына дейін Ә. Тәжібаев сол кездегі көрнекті ақындарымызбен үзеңгі қағыстырып, бірде озып, бірде қалыңқырап жүрген. 1956 жылғы «Аралдар» кітабынан кейін ол қатарынан «қара үзіп», озып шықты, қазақ поэзиясының көшбасшысына айналды. Ақын кең дүниеге көңіл көзімен қарайды, таптық шектеушілікке бой алдырмай, күллі адамзат өкілі болып сөйлейді. Қазақ поэзиясына жаңа сапа әкеліп, бетбұрыс жасаған «Аралдар» өлеңінен үзінді келтірсек те бұл бағамыздың әсірелеу еместігі көрінер деп сенеміз.

       ...Шығыстан басын көтерді,

       Ерке күн алтын айдарлы.

       Есімді жидым, ояндым,

       Ертектер өтті ойдағы.

       Кемеден күнге қарайды,

       Елімнің қызыл байрағы.

       Жүгірді көзім алысқа

       Аралдар қанша алдағы.

       Тереңнен өскен жартас та,

       Секілді батыр найзалы.

       Сақтана бағып тұрғандай,

       Пиренейге барар жолдарды.

       Аралдар қандай, аралдар,

        Қараудан көзім тоймайды.

        Осындай сұлу дүниеге

        Сұмдықтар неге орнайды?..

ҮІ

       Қазақ және шығыс поэзиясына тән көне сарындардың бірі – ғибратшылдық, тәлімгерлік болса, аақынның көп өлеңдері осы дәстүрді жалғастырып, дамытудың үлгісі болды. Өмірдің басталуынан қарттыққа дейінгі аралықтың сыры мен шерін төккен ұлы шайырлар дәстүрі оған етене жақын еді.

ҮII

      Ә. Тәжібаев көп қырлы суреткер. Оның ақын, драмашы, прозашы, аудармашы, сыншы, фольклоршы, көсемсөзші сипатындағы еңбектерінің  ішкі байланысы терең. Әр жанрдағы шығармалар суреткер көңілін кернеген ой мен асыл мұратының түрліше көрінісі.

YIII

      Ол - өлеңді монологтық түрде жаратып, сезім мен ой бірлігіне көтерілген ақынымыз. Әсіресе, оның «Сәкеннің монологы» шығармасы терең, кесек ой мен жаңашыл батылдықты енгізудің өнегесі. Бұл үрдісті ақынның замандастары мен ізбасарлары жалғастырып әкетті. Бейнелеп айтсақ, Әбекеңнің барлық туындылары асқақ арманмен, азаматтық парасатпен нұрланған тұтас, ұзақ монолог деуге болады...

ІХ

      Өкімет пен партияны бірыңғай марапаттау машығының нәрсіз, дәмсіз екенін ерте ұғынған ақын «қаны сорғалаған» шындықты қысылмай айту үшін, тарихи және фольклорлық тақырыпқа ден қойды. Суреткердің ең құнды, өміршең шығармалары да осы тарапта туды. Орыс, европа әдебиетінің қазынасын кәміл таныған сайын Ә. Тәжібаев түрі мен мазмұны соны шығармалар бере бастады. Бірақ мұндай «еркіндікті» кешірмейтін партиялық әдебиеттің сойыл соғарлары Әбекеңнің өзіндік  соқпақ іздегенін қырағы бақылап, оған шоқпарын сілтеп отырды. Мәселен, оның «Біз де қазақпыз» деген пъесасы жаттанды өлшемдерден «ауытқығаны» үшін баспа жүзін көрмей-ақ, сахнада қойылмай-ақ жылдар бойы қараланумен болғаны әдебиет жұртшылығына мәлім. Ақын, драмашының нақақ ғайбаттан жасып қалмай, жаңа ізденістерін тоқтаусыз жүргізе берген мақсаттылығы қайран қаларлық!

Х

       Ә. Тәжібаев ірі ақын ғана емес, поэзияның да аса көрнекті сыншысы еді. Оның «Өмір және поэзиясы» - кеңес дәуіріндегі қазақ өлеңі туралы теңдесі жоқ зерттеу. Мұнда жазушының жүйрік қаламы поэзия құбылыстарын нақтылы талдаумен ұштасқан. Сондай-ақ ол драматургияның да туындыларын өмір, қоғам заңдылықтарымен бірлікте қарай алатындығын көрсетті. Өзге жанрдағы шығармаларын айтпағанда оның өлеңдей оқылатын әдеби зерттеулерінің өзінен әрі ғибрат, әрі ләззат алуға болады. Бір кісінің басында ақындық пен сыншылдықтың қосылуы әдебиет әлеміндегі сирек құбылыс...

ХІ

      Әбекеңнің халық ақындары, фольклор жөніндегі жазғандары өз алдына бір төбе. Оның «Жылдар, ойлар» деген кітабы ақын, жырау шығармашылығы психологиясын дәл, суреткерше бейнелі тілмен баяндаған, інжу-маржан ой тізбегіне толы рисала. Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Нартай, Кене сынды ақындар жайында жазылған зерттеулер аз емес. Бірақ халық әдебиеті дәстүрінде өлең, дастан жаратқан төкпе ақындардың қайталанбас тұлғасын сомдаған мұндай еңбек жоқ деп сеніммен айтуға болады. Қазақтың телегей теңіз өлең мұрасын жасаған кімдер екенін білгісі келген қазіргі және келешектегі қауымның түсінігі бұл кітап болмаса, олқы соғар еді...

ХII

      Суреткердің драмалық поэмалары – қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, сомдалуы жағынан классикалық биікке көтерілген туындылар, ауыз әдебиетінің мәңгі өлмес сарындарын жаңаша пайымдаудың жақсы үлгілері.

ХШ

        Тарихи, мәдени, әдеби құбылыстар жөнінде батыл пікір қозғайтын публицист сипатында да Ә. Тәжібаевтың өзіндік орны бар. Күштілер мен лауазымдылар алдында қамысша иілмей, өз пікірін іркілмей, жан жүрегімен жалындап айтатын, намыстың, елдіктің сөзін сөйлейтін ақынның тұла бойы өжеттіктен, ерліктен жаралғандай еді.

ХІҮ

     Адамдардың бір-бірімен жолдастық, достық қарым-қатынасы көп жағдайда осы қасиетті сөздерге толық мағынасында сәйкес келе бермейді. Біреулер өзіңе ісі түскенде ғана дос, жолдас, басыңа бұлт айналса, бұғып қалады. Бұл да бір жартыкеш бақыт, жартылай адалдық дегендей нәрсе. Мұны «жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың» деп Абайдан артық сипаттаған ешкім жоқ шығар. Әбділда ақын өмірде де, шығармашылықта да жалғандықты жаратпайтын, айтса тура айтатын, сүйсе шын сүйетін жан еді. Оның маңында жалған дос тұрақтай алмайтын, оның есесіне көрсе жаны жадырайтын, көрмесе сағынатын достары көп болатын. Мұны:

            Мен жартылай махабатты да алмаймын,

            Мен жарты дос шақырса да бармаймын.

            Маған тұтас жүрек керек берілген,

            Сұрайтыным осы ғана өмірден, -

деп өзі де жақсы айтқан ғой. Қадір-қасиетіңді есеппен емес, шын жүрекпен танитын, бағыңды емес, барыңды бағалайтын досқа не жетсін?! Өмірдегі сұмдықтарға нала боп, мұң шағып сөйлегенінде «қайтесің, заман осындай ғой» деп жалтармай, «осы сөздерден залал шегемін-ау» демей, ағынан жарылып сыр шертетін Әбекеңдей аяулы аға қайда?

ХҮ

     Әбекеңнің бір әңгімесі еске түседі. Қайта құру деп аталған кезеңнен өтіп, еліміз егемендік алған кезде бір орыс газетінің тілшісі ақыннан сұхбат алуға келіпті. Тілшінің: «Еңбегіңіз даңққа бөленді, халқымыз  сіздің кітаптарыңызды сүйіп оқиды, өзіңізді шығармашылық бақытына жеттім деп ойлайсыз ба?» - деген сұрағына бірден: «Мен ең бақытсыз ақынмын», - деп жауап бердім деуші еді. Мұндай тосын жауаптан үрейленіп қалған тілшінің: «Неге?» - деген сұрауына: «Мен қолыма қалам алғалы бері елімді, жұртымды, елдің игі жақсылары дегендерді шын көңіліммен жырға қосып келіп едім, енді сол кеңестік кезеңде жазғандарымыз шетінен жарамсыз болып жатса, бүкіл саналы өмірім бекерге кеткен болмай ма, ендеше мен өзімді қалай бақыттымын дей аламын», - деген екен...  Әбділда ақын еліміз тәуелсіздік жарияланғанына шын қуанған жандардың бірі. Содан бергі жылдарда да ол бұрынғы шабысынан танбай, қайта еселеп жыр туғызған еді. Оның газет беттерінде жиі жарияланып жататын топтама өлеңдерінен ақындық дарыны әлсіз тартты дейтіндей ештеңе байқалмайтын. Ол өмірінің ақырына дейін халқының сүйікті ақыны деген деңгейден бір мысқал да төмендеген жоқ. Ақын өзінің еңбегіне лайық құрметті атақ алмағанына өкінді ме, өкпеледі ме – оны біз білмейміз... Қайсар да қажырлы суреткер өз сырын өзімен бірге ала кетті. Бізге анығы – оның жалынды да жарқын шығармалары қазақ елі мен тілі аман тұрғанда жасай беретіндігі...

Академик Рахманқұл Бердібай


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: