Ғасырлар бойы халық даналығы ауызша айтылып келді. ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап ғашықтық жырлар қағаз бетіне түсіріліп, оның алғашқы қолжазбалары пайда болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің Орта Азия, татар мен азербайжан халықтарының және басқа Шығыс елдерінің әдебиетімен байланысы тереңдеп, кең өріс алғандығы мәлім. Осындай байланыстың тағы да бір көрінісін тікелей қазақ және шығыс оқығандарының бірге жүріп, бірге шәкірт болғандығы деп атауымыз керек. Бұхарада 1896 жылы «Мирараб» медресесінде қазақтың дарынды ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов пен тәжік әдебиетінің классигі Садриддин Айнидің бірге оқығандығы, Жүсіпбек Шайхулисламұлының да, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің де Бұхара медресесінде оқуы сияқты жайттар бұл пікірімізді растайды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент, Омбы қалаларында көптеген қисса, хикая-дастандар кітап болып шықты. Мұндай қисса-дастандардың жарыққа шығуында «кітаби ақындардың» үлкен үлесі болды. Олар халық ауыз әдебиеті үлгілерін өздерінің шабыт-шалымына сай қайта өңдеуден өткізіп, кітап етіп бастырды. Бұл топтағы ақындар көбіне белгілі сюжетті пайдалана отырып, оны қайта жырлады, яғни өздерінің нұсқасын жасады. Осындай кітаби ақындардың ішінен Жүсіпбек Шайхулисламұлы бұл кезеңде қазақтың халықтық шығармаларымен қатар, шығыс сюжеттері желісіне құрылған «Жүсіп-Зылиха», «Шәкір-Шәкірат», «Дариға қыз», «Кербаланың шөлі», «Зарқұм» сынды туындыларды кітап етіп бастырды.
Жастайынан талапты, сауатты, Шығыс елдерінің біраз тілдерін жетік меңгерген Жүсіпбек Шайхулисламұлы ел арасындағы ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырды. Шығыстық дастандары мен классикалық әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне аударды, өзі де шығармалар жазды. Оның 1897 жылы Қазан қаласында баспадан шыққан «Жүсіп-Зылиха» дастаны – осындай туындының бірі. Ақын Жүсіп пен Зылиха оқиғасының араб, парсы, татар, өзбек, түрікмен тілдеріндегі нұсқаларымен танысып, «Жүсіп-Зылиха» дастанының қазақша нұсқасын жасады. Әрине, Жүсіпбек Шайхулисламұлы өзгелердің шығармасын қайталап қана қойған жоқ, оларды шығармашылықпен өңдей отырып, дастанға өзіндік өзгешеліктер мен тың эпизодтар енгізді. Жүсіпбек Шайхулисламұлының жазған «Жүсіп-Зылихасы» 1898 жылдан 1918 жылдар арасында бірнеше рет түрлі баспалардан шықты. Қазақ тілінде жарық көрген «Жүсіп-Зылиха» да басқа қиссалар сияқты халықтың қызығып оқитын кітаптарының біріне айналды. Жүсіпбек Шайхулисламұлының «Жүсіп-Зылихасы» қазақ әдебиеттану ғылымы мен фольклортануында өз алдына зерттеу нысаны етіп алынбаса да, ғалымдарымыздың мақала-зерттеулерінде оған көңіл аударылып, оны сюжетті лирикалық поэма, халық романы, ғашықтық-салт романы, дастан, жыр, поэма, ғашықтық жыр деп атағаны белгілі. Біздіңше, Жүсіпбек Шайхулисламұлының қазақша шығарып бастырған «Жүсіп-Зылиха» шығармасын «халық кітабы» деп атау орынды сияқты. Оның көркемдік тәсілдерінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің элементтері астасып жүреді. Әрине, қай елдің болса да өз топырағында «Жүсіп-Зылиха» хатқа түскенге дейін ел арасында ауызша айтылып жүргені ақиқат. Сондықтан да ұзақ уақыттар бойы бұл тақырыптағы аңыз-әңгімелер қазақ арасында дәуірмен бірге сан өзгерістерге ұшырап фольклорлық дәстүр бойынша XIX ғасырдың екінші жартысына жетті. Бұл жайында әдебиеттің алыбы Мұхтар Әуезов те ХІХ ғасырдың 60-жылдарында қазақ ертегілерінің барлық түрлеріне тұрмыс-болмысқа кірген жаңалықтардың неше алуан ықпалы, әсері араласқандығын айта отырып былай деген еді: «Қиял-ғажайып ертегілерінің тобына кіретін алуан әңгімелер, ертектер, аңыздар қазіргі советтік Шығыс елдерінің ерте замандағы классик ақындары қалдырған ұлы мұралардың ауызша қайталамасы боп та келеді. Бұл ретте парсы, тәжік елінің классигі Әбілқасым Фердаусидің «Шахнамасынан» ертегі боп тараған «Рүстем батыр» әңгімесін айтуға болады».
Көне дәуірде, яғни түркі тектес халықтардың әрқайсысы өз алдына жеке ұлт болып бөлініп шыққанға дейін туған жазба ескерткіштерге, әдеби мұраларға қазіргі күнгі түркі тілдес елдердің бәрі де ортақ. Көне дәуірдің ескерткіші – Орхон-Енисей жазбалары (VІІ–VІІІ ғғ.) Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғұ біліг» поэмасы (1069), Махмұд Қашқаридің «Девани лұғат-ат түрк» сөздігі (1072–1074), «Оғыз наме» (ХІІІ ғ.), «Мұхаббат наме» (ХІV ғ.) сияқты дастандар мен Құл Әлінің «Қисса-и Жүсіп» поэмасы (1233), Рабғұзидің «Қисса-сул әнбия» (1309–1310) атты шығармасын осы топқа жатқызсақ болады. ХІІІ ғасырдың бастапқы шенінде Орта Азия мен Қазақстан жері монғол шапқыншыларының қол астында қалған кезде түркі халықтары әдебиетінің дамуы Алтын Ордамен тығыз байланысқа түсті. Сол дәуірде Құл Әлінің «Қисса-и Жүсіп» поэмасы (1233 ж.) дүниеге келді. «Қисса-и Жүсіп» поэмасы, қазіргі қолдағы бар мәліметтерімізге қарағанда, бұл тақырыпқа жазылған түркі тіліндегі тұңғыш шығарма, сонымен бірге Құл Әлі Шығыс әдебиетінде алғаш рет Жүсіп туралы аңыз сюжетін қайта жырлауда елді басқару мен оның басшысы, ел бірлігі мәселесін негізгі нысана етіп қойды. Сондықтан да ақынның монғол жаугершілігі кезінде халықтың қатты күйзелісін, ел азаматтарының тұтқынға түсіп, басы құлға айналған қиыншылығын сезіне отырып, өз оқушысын төзімділікке, туыстықты қадірлей білуге шақырғанын байқаймыз. Құл Әлі поэмадағы Жүсіптің құл болып сатылуы, азапты күндерді басынан кешуі, ұзақ жылдар зынданда жатуы, одан шығып өзінің ақылдылығымен ел басқарып, халықты аштық апатынан құтқарып, ел берекесін кіргізуі, ағаларының күнәсін кешуі сияқты эпизодтарды өзінің идеялық мақсатына шығармашылықпен пайдаланды.
ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында өмір сүрген оғыз тайпасынан шыққан Рабғұзидің (Насреддин ұлы Бұрһанеддин) «Қисса - сул әнбиясында» да Жүсіп жайындағы аңызға бір тарау берілген. Рабғұзидің «Қисса – сул әнбиясы» түгелдей әулиелер, пайғамбарлар туралы хикаялардан құралмай, жинаққа ерте дәуірдегі түркі тектес халықтардың қисса-хикаялары, аңыз-әңгімелері, өлең-жырларының өңделген түрлері де енгізілген. Профессор Бейсенбай Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихына арналған еңбегінде: «Қисса-сул әнбиядағы» әңгімелерде неше түрлі қоғамдық оқиға, шежіре тарих, күнделікті тірлік баяндалады: сол замандағы жалпы ізгілік, адамгершілік, зұлымдық, қастық, достық, ғадауат, махаббат, қайырымдылық мәселелері жырланады», - дейді.
Әр ақын бір сюжетті қайталай жырлағанда тек сол сюжетті қайталап қана қоймастан, оған өзінің көзқарасын, өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын енгізетіндігі анық. Сондықтан да бір сюжетке құрылған дастандардың негізгі арқауы бір болса да, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болатындығы шындық. Мысалы, Рабғұзи дастанында өзі өмір сүрген ортадағы әлдінің әлсізге жасаған зұлымдық, озбырлық әрекеттерін, әділетсіздікті шенейді. Қиссадағы кейіпкерлер арасындағы тартысқа құрылған оқиғалардың шешімінде қылмыстылар жазаланатындығы оқшау көзге түседі. Қиссадағы күңнің баласы Баширді анасынан айырып сатып жіберген Жақыптың сүйікті ұлы Жүсіптен айырылуы, ас пісірушінің Мысыр билеушісі Риянды өлтірмек болған арам пиғылына сай оған өлім жазасын бұйыру секілді оқиғалар Рабғұзидің әділеттілікті жақтау идеясымен астасып жатады.
«Жүсіп-Зылиха» дастаны жазылғанда (1409) Орта Азия мен Қазақстанда өзара тартысқан феодалдық соқтығыстардың өршіп тұрған кезі еді. Әлемге әйгілі ақсақ Темір қайтыс болған соң, оның орнына таққа отыру үшін Темір ұрпақтары және әмірші-төрелердің күресі қанды соғысқа айналды. Оның зардабын халық тартты: қамалдарда аштық ауыртпалығы басым болды, ел-жұрт қатты күйзелді. Осындай сыртқы дұшпандардың Балх қаласын қамалға айналдырғандағы халықтың тартқан азабын Дүрбек дастанның кіріспесінде шеберлікпен суреттеп берді. Қала халқының үш ай бойы тартқан қайғы-қасіретіне Дүрбек те ортақ болды. Соның үшін де ақын феодалдар арасындағы ала ауыздықты, қарапайым халықтың күйзелісін тереңдетіп отырған бір-бірімен жауласушылық соғыстарын кінәлайды. Дүрбек ақын феодалдар ортасындағы көре алмаушылық, бақ таластық мақсатындағы арандатушылықты Йемен патшасының Мысыр патшасын өлтірмек болған арам ниетті іс-әрекеттері арқылы көрсетеді. Дастанның өн бойында әрқашан жамандықты жақсылықтың жеңіп отырғандығы сияқты Йемен патшасының да қыңыр істері әшкереленіп, қастық жасаушылар жазаланады.
Дүрбек «Жүсіп-Зылихада» мемлекет пен халықтың тағдыры оны басқарушыға байланысты деген тенденцияны ұсынады. Егер мемлекетті басқарушы ақылды, әділетті, білімді болса, халықтың қарны тоқ, тыныштығы сақталады деген ойын Мысыр патшасы Риян арқылы көрсетіп, оның қысылтаяң кезеңде өзінің орнын Жүсіпке беруін құптайды. Әділетті патша болуды арман ету – феодалдық орта ғасырға сай келетін прогресшіл құбылыс, адамгершілікке ұмтылудың бір көрінісі. Дүрбек ақынның дастанында өзекті мәселенің бірі адамның адамға деген сүйіспеншілігі Жүсіп пен Зылиханың араларындағы ынтызарлық, шынайы махаббаттары арқылы бейнеленген. Жүсіп пен Зылиха көп қиындық-машақаттардан соң қосылады, бұл арқылы автор шын махаббаттың, іңкәрліктің жеңбейтіні жоқ деген қорытынды жасайды.
Нұрмұхаммед Әндалибтің (1765–1766 жж. туылған) «Жүсіп-Зылиха» дастаны – түркі тілінде Дүрбектен кейінгі Жүсіп пен Зылиха оқиғасына байланысты сюжетті қайта жаңғыртып жырлауда бір адым алға жылжығандықтың белгісі. Ақын өз шығармасы арқылы өмірге деген құштарлықты дәріптейді, адам өмірде бақытты болуы үшін күресу керек деген түпкі ойды білдіреді. Дастандағы кейіпкерлер өз мақсаттары жолында үмітсіздікке салынбай күресуі, сабырлылық пен төзімділік көрсетуі нәтижесінде аңсаған армандарына жетіп, бақытты өмір сүреді. Әндалиб аңыз сюжетін баяндауда Жүсіп және оның әкесі мен ағаларын пайғамбарларға тән қасиеттерінен арылта түсіп, оларды шындық өмірдегі нағыз адамдар бойынан табылатын сипаттарымен суреттейді. Әсіресе, Жүсіптің халқына қамқоршы екендігіне, Отан сүйгіштігіне, мейірімділігіне ақын терең көңіл бөліп, өз кейіпкерінің (Жүсіптің) зынданда жатқанда да, ел басшысы болғанда да халқының тағдырын терең ойлап, ел жұртын, әкесін, інісі мен анасын бір сәт естен шығармайтындығын шебер көрсете алған.
ХІХ ғасыр халықтардың бір-бірімен қатынас жасауы, өзара мәдени-әдеби байланыстарының өріс алуы сияқты арнаға бұрынғыдан гөрі (ортағасырлық феодалдық дәуірден) кеңірек жол ашты. Әрине, мұндай байланыстардың дамуы қазақ қоғамында да, әсіресе, әдеби өмірінде елеулі өзгеріс жасады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ақындары шығыс халықтары әдебиетінің классиктерінен үйренуді тереңдетіп, олардың кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударды, жекелеген қисса мен хикаялары негізінде шығармалар жазды. Шығыс халықтарының поэмалары мен әңгімелерін медреседе ілім алған, араб, өзбек, тәжік, татар, әзербайжан тілдерін жақсы меңгерген ақындар жазып отырды. Қазақ ақындары ішінен алғаш шығыс сюжетіне құрылған дастандардың арасында баспа жүзін көргені Жүсіпбек Шайхулисламұлының «Жүсіп-Зылихасы» осы дәуірдің жемісі болды.
Тұрдыбай Қалдыбаев,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті