Облыстың тізгінін ұстаған бар-жоғы 11 айдың ішінде оңтүстіктің өміріне өзгеріс енгізіп кеткен Өмірзақ Шөкеевтің тұсында Шымкент қаласындағы «қызыл сызыққа» түскен нысандарға атқарушы билік қырғидай тигені есімізде. Әкімнің көзіне түсіп қалғысы келгендіктен бел шешіп, білек сыбана кіріскен белсенділер қатары көбейген еді. Өкініштісі сол бұл да өткінші науқан болып шықты. Әкім ауысқан соң алашапқын әрекет қайта саябырсып қалды. Баспасөз беттеріндегі «қызыл сызыққа түскендердің барлығы да таяу уақытта жұмысын тоқтатады, бұзылады» деген әкім Әшімовтің әңгімесі қызыл сөзден қырман суырудан әріге аспады. Ол Шөкеевтің батыл қадамын жалғастырамын деп қанша құлшынғанымен «қызыл сызықтың» үстінен түскен құрылыстардың қылы да қисайған жоқ. Сондай нысандардың бірі Адырбеков көшесі нөмірсіз үйде орналасқан «Ұтан» көпсалалы дүкені. «Заңның да, қызыл сызықтың да белінен басып, сәулетімен сән-салтанат құрып тұрған бұл қай дөкейдің меншігі болды» деген журналистік қызығушылық туды. Сөйтсек, бұл біздің ғана емес, көпшілік оқырмандардың да санасынан сығалап жүрген сауал екен. Олардың қайта-қайта хабарласып, дүкен жайлы сұрауы осы ойымызды шегелей түсті.
Хош, сонымен журналистік зерттеуімізді Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен бастадық. Бөлім бастығы Есбол Жанбатыров пен бөлімнің бас жоспар секторының бастығы Жақсылық Мықтыбаев «Ұтанға» қатысты құжаттарды алдымызға қойды.
Расында да «Ұтан» қызыл сызыққа түсіпті. Тіпті, жолаушылар жүретін жолдың үстіне салынып кеткеніне, әлі бұзылмай тұрғанына қарағанда жердегі жарты құдайлардың бірінің меншігі екенін айтпай-ақ түсіндік. Жер телімі сол кездегі Шымкент қаласының әкімі Ғ.Жұмжаевтың 2003 жылдың 2-қыркүйегінде шыққан 2031 санды қаулысымен Е.А.Мамытбеков деген азаматтың жеке меншігіне беріліпті. Көпсалалы дүкен тұрғызу үшін. Қаланың бас сәулетшісі ретінде Жанболат Төлтаев қол қойыпты. Алайда, бұл қаулының заңсыздығы дау тудырмайды. Реті келгенде айта кетейік, құрылыс салуға тиым салынған қызыл сызықтар жөнінде әңгіме қозғала қалса, Төлтаевтың есімі кесе көлденеңдеп шыға келеді. Оның заңсыз құжаттарға қол қойғаны жөніндегі фактілер папкімізде толып жатыр.
Шымкент қалалық жер кадастр филиалынан алынған мәлімет бойынша көпсалалы дүкенді 25.02.2005 жылғы №32-3408 санды сатып алу – сату келісімі бойынша Шалабаев Азамат Исмаилбекұлы сатып алған. Бұл кезде Азаматтың жасы небәрі 19-да болған. Жаңылмасақ, жас кәсіпкер облыстың қаржы басқармасын талай жылдар басқарған, қазір осы басқарма бастығының орынбасарлығы қызметінде отырған Исмаилбек Шалабаевтың ұлы. «Бал ұстаған бармағын жалайтыны» дәлелденген дүние. Осыдан кейін жыл жылжыған сайын көлемі күрт көбейе бастаған қаржы саласының тізгінін ұз-а-а-ақ уақыттан бері уысында мықтап ұстап келе жатқан Исекеңе, Исмаилбек Шалабаевқа көпшіліктің де құрметпен қарайтынын, өзгелердің заңсыздықты көрсе де көрмеген бола қалатынын білмей ақылымыздан адасты дейсіз бе? Құрылыс нысанының қай жерге түсу керектігін анықтайтын, рұқсат беретін, яғни сәулет жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) орындайтын сәулет және қала құрылысы бөлімі.
- Сәулетшілер тарапынан құрылыс нысанына қатысты ұсыныс қана беріледі, - дейді осы бөлімдегі бас жоспар секторының бастығы Жақсылық Мықтыбаев. – Одан әрі қарайғы эстафета жер қатынастарына, арнайы сараптама мекемесіне, тағысын тағы да құзырлы мекемелерге жалғасып, ең соңында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының сұрыптауынан өтеді. Заңсыздық болса, осы аталған мекемелер тоқтатуы керек. Ал біздің қолымызға құжат осы мекемелердің жіті тексеруінен өткеннен кейін ғана келеді. Құжаттары мүлдем келмей қалатын жайттар да аз емес. Үш қабатты «Ұтанның» тұрған жеріне бір қабатты, уақытша құрылысқа рұқсат етілген. Соңғы кездері қызыл сызыққа түсіп кеткен нысандар саны артып кеткендіктен, қазір жер қатынастары бөліміне арнайы хатпен шығатын да болдық.
Сәулетшілердің сынына іліккен Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Серғали Жансейітовтың соңына екі күн бойына түссек те тілдесудің сәті түспеді. Әрине, ерігіп жүрген ешкім жоқ. Ұялы телефонының арғы жағынан «қазір келемінді» қайта-қайта айтқанымен, бір сөзді басшыға, одан қалса мемлекеттік қызметкерге лайықты қылық көрсете алмады.
-«Ұтанның» жағдайын жақсы білемін- дейді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сұлтанбек Сүгірбаев. – Ол «легализация» кезінде заңдастырылған. Алайда, заңсыз болса «легализацияны» да бұзуға болады. Негізі қызыл сызықтың үстінде тұр ма, жоқ па, барлығын зерттеп, рұқсат беретін негізгі мекеме - архитектура. Бас жоспар дегеніміз бұл қала құрылысының Ата заңы, Конституциясы. Ал оның қожасы бас архитектор. Біздің міндетіміз тек қана құрылыстың сапасын қадағалау. Басқаша айтқанда, «Ұтан» құлай ма, құламай ма, соны ғана қадағалаймыз. Қызыл сызықтағы нысанды сүруге құзыретіміз жүрмейді. Тек тиісті құжатының біреуі кем болса ғана шешімнің күшін жою үшін сотқа бере аламыз.
Қалада дәл осы секілді қызыл сызыққа түскен нысандар мыңдап саналады. Оның себебін сұрай бастасаң, құрылыс салуға рұқсат беретін, жерін заңдастыратын, тағы басқа да мекемелер осылайша заңды бір-біріне допша теуіп домалатады. Архитектура жер бөлімін кінәлайды, сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тікелей архитектураны айыптайды. Әйтеуір, соңы жоқ ойын.
Өткен жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуроры Қ. Артықбаев қала әкімінің 2003 жылғы 2 қыркүйекте шығарған №2031 қаулысын, сату-сатып алу туралы келісім-шартты, жер телімінің жекеменшік актісін, жылжымайтын мүлікті заңдастыру жайлы комиссия шешімінің заңсыз деп танылуын, сондай-ақ, Азамат Шалабаевтың мүлкіне тыйым (арест) қоюды талап етіп, сотқа арызданды. Мән-жайды жан-жақты қараған судья прокурордың уәждерімен келісіп, арыз қанағаттандырылды.
«Ұтанның» меншік иесі кішкентай Шалабаев болғанымен, жүрісті үлкен Шалабаевтың жасап отыруы ғажап емес. Себебі, біз білетін үлкен Шалабаев қаншама жыл облыстың қаржы қазанының құлағын ұстап, билік эшалонында ауыр салмақ жинаған танымал азамат. Облысқа әкім болып Б.Сапарбаев келгенге дейін басқарма басшысы болған Шалабаев біршама уақыт орынбасар болып отырды да, қайтадан бірінші басшы сатысына көтерілді. Жақында қайтадан орынбасар орытағына сырғыды. Алайда, ескі дәстүр, жазылмаған заңдылық тағы да қайталануы әбден мүмкін. Исмайылбек Шалабаевтың қызметтік жолында шатағымыз жоқ, әрине. Бірақ, Шалабаев жөніндешатақ әңгімелердің шетін шығарушылар аз болмай тұр. Бұл енді алдағы күндердің еншісіндегі әңгіме.