"Құрметті азматтықтың" құны болмай тұр. Шенеуніктер атақ алуға неге шетінен құмар?

Screenshot_4.jpg      

Соңғы жылдары «Құрметті азаматтықтың» құны болмай тұр. Қайдан құны болсын? Киелі Түркістан қаласына жол салып бергені үшін атақ алған Виктор Храпунов шетелге қашып кетті. Қазақтың қызына үйленген күйеу бала атаққа ұсынылғанда «Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына ел қатарлы көптің бірі болып үлесімді қосып жатқандықтан маған айрықша құрмет көрсетудің қажеті жоқ» деп одан бас тартқан да жоқ, одан ыңғайсызданған да жоқ. Бәлкім ол атаққа зәру болып сұрамаған болуы да әбден мүмкін. Тек жергілікті биліктегілердің, мәслихаттағылардың жарамсақ әрекеті шығар. Әйтпесе Түркістанның мерейтойын лайықты атап өтуге атсалысқандардың барлығына бірдей неліктен атақ берілмеген?     Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» атанған Өмірзақ Әметтің  қызмет бабын пайдалану арқылы былық-шылыққа белшесінен батқаны әшкереленіп, бірнеше аудан, қалада талай сойқанды салуының соңы сотталумен аяқталды. Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» Ғалым Жұмжаев Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарам деп басын шырғалаңнан шығара алмай үстінен қозғалған қылмыстық іс жүйкесін жүндей түтіп жібергенін білеміз. Мақтаарал ауданының «Құрметті азаматы» атанған Ауыл шаруашылығы министрлігі су шаруашылығы комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевтің тендер өткізгенде «тәспісінен жаңылғаны» анықталып, жуырда тұтқынға алынғаны тағы бар. Атаққа іліккендердің арасында қызметінен қатаң сөгіспен қош айтысып, жергілікті тұрғындар құтылғанына қуанып жүрген экс аудан, қала әкімдері де аз емес. Солардың бірі, Отырар ауданының экс әкімі Зәуірбек Салықбай. Мұндай көңілге кірбің түсіретін фактілерді әрі қарай әрбір аудан, қаладан жалғастыра беруге болады. 

   «Құрметті азаматтықтың» құнын жоғалтатын, қадірін қашыратын тағы бір жайт, бірқатар аудан, қалаларда бірдестен 20-30, 40-60 адамға «Құрметті азаматтық»  ұсынғанына ел аң-таң болып жүргенде Сайрам ауданындағылар атақ алушылар санын бір бергенде 200 адамнан асырғанына жылайсыз ба, күлесіз бе?  Республика бойынша «Құрметтi азамат» атағын ең көп берген облыс Оңтүстiк Қазақстан болуы осыдан шығар.Таяудағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының  кезектен тыс ХVII сессиясында «Құрметті азамат» атағын беру мәселесі қаралып, жаңа ережесі бекітілді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жасалған ережеге сәйкес бұдан былай облыстың «Құрметтi азаматы» атағы жылына бір мәрте 5 адамға берілетін болса, аудан, қалаларда бұл атақты иеленушілер 10 адамнан аспайтын болды. Таяқ лақтырсаң “Құрметті азаматқа” тиетіндей күн туып тұрғанда бұл өте дұрыс шешім болғаны анық. Алайда  «Құрметтi азамат» атағына әкiмдiк емес, әкiм ұсынады. Ұсынылған кандидатура туралы толыққанды мәлiмет жергiлiктi мәслихаттың талдауына 1 ай бұрын жеткiзiлуi керек» деген әкім Асқар Мырзахметовтің пікіріне қатысты келіспейтін тұстарымызды кесіп айтуды жөн көріп отырмыз. 

   Мәселе мынада. Президент Нұрсұлтан Назарбаев “мемлекеттік қызметкерлер қарапайым болып, этиканы сақтасын” деп қатаң тапсырғанынан хабардармыз. Өкініштісі сол атқамінерлер қарапайымдылықты шетке ысырып қойып,  жұртқа тәтті күлше тәрізді ағыл-тегіл сыйға тартылып жүрген “Құрметті азаматтықты” алуды алдымен өздеріне үлестіретіні ет өліп, көз үйренген құбылысқа айналды. Аудан, қала әкімдері бір-біріне “Құрметті азаматтық” сыйлайтыны сән болды. Қайсысы қай аудан, қалада  қызмет атқарса, сол аудан, қаланың “Құрметті азаматы” болып шыға келетіндерін қайтерсіз? Ұзақ жылдардан бері биліктің бишігін ұстап, бірнеше ауданды ауыстырып басқарып жүргендердің алған атағын санаудан жаңыласыз. Өзге жақты қайдам Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары аудан, қала әкімдері «Құрметті азамат» атануға тым әуестеніп алды. Өзара ұйымдастырылған социалистік жарыста әкімдердің бір-бірімен қызу бақталастыққа барғандары соншалық қайсысының озғанын айтудың өзі қиын. Әйтеуір қазіргі Сенат депутаты, бұрынғы әкім Қуаныш Айтахановтың «Құрметті азамат» атанудан көш басында келеді. Сондай дейміз-ау, “Құрметті азамат” болу үшін әркім әкім болуы керек пе? Әлде әкімнің досы болсаңыз да жетіп жатыр ма?  Атақ алғанмен ел, ертеңгі ұрпақ абыройлы азамат деп танып, сыйлап жатпаса, ондай “Құрметті азаматтықтың” құны бір тиын ғой. Ой-хой, бұл құрғыр «Құрметті азаматтық» кімдерге сыйға тартылмай жатыр дейсіз? Оңтүстікке 10 жылда бір рет аяқ  баспаған атаққұмар жерлестерімізге де, ол ол ма оңтүстікке он қайнаса сорпасы қосылмайтын сырттан келген қонақтарға да қолжаулық болғаны қынжылтады. Әйтеуір «Құрметті азамат» атандыру арзан шапан жауып алдандырып қойған сияқты оңай болып кетті. Есесіне оңтүстік өлкесінің, қала берді Қазақстанның атын әлемге танытып келе жатқан талантты спортшылардың, өнер мен шығармашылықпен шұғылданатын азаматардың, білгір ғалымдардың, өзге де саладағы нағыз құрметке лайық азаматтардың талайы ешбір еленбей атақтан құралақан қалып келе жатыр. Сонда олардың елге сіңірген еңбегі, оңтүстікті сырт көз сыншыға сүйсіндіріп таныстырғаны жөндеп бердім деген жолы бір жылға да жетпей құритын, қайтадан жыртық-жамау күй кешетін қалаталы кәсіпкердің немесе депутаттың тірлігіне де татымағаны ма? Онымен салыстырғанда спортшының жеңісі немесе талантты адамның туындысы, болмаса білгір ғалымның туындысы  мәңгілік емес пе? Әрі мұны оңтүстік халқымен қатар күллі  қазақ елі мақтаныш санаумен қоса шетелдіктер де біліп, бұл қандай өңірдің азаматы деп қызығушылықтары туса, жарты шақырым жолға тас төсеген қалталы адамның тірлігін сол түкпірдегі ауылдағылардан басқа кім бағалайды? Бұл ойды неге айтып отырмыз?  Небәрі бір шақырым жолға тас төсегендер де омырауына “Құрметті азаматқа” берілетін төсбелгіні тағып жүр. Мектеп, медпункт, мешіт салуға үлес қосқан меценат мырзалардың біреуі тұрғызған мешітіне бабасының атын берсе, екіншісі “салдырған мешітіме, мектеп пен медпунктке  кімді қызметке қойып, кімді жұмыстан қууды өзім шешемін” деп, білгенін істеуге көшкені көңілге қона ма? Байлығының шетін шығарса, халықтан бұрын бас пайдасын ойлап, бақай есепке баратындарды тұрғындар қайтып құрмет тұтсын? Сөйте тұра солардың бақай есеппен жұмсаған қаражатын бұлдап, міндетсініп, «Құрметті азамат» атағын алудан арланбайтындары шектен шығушылық қой. «Күлшелі бала сүймелі» демекші әкімдердің солардың ығына жығылып, әуеніне төңкеріле қалатыны түсініксіз. Ендеше облыстың басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бекітілген су жаңа ережеге сәйкес «Құрметті азаматтыққа» ұсынудың барлық билігі мәслихаттың емес, әкімдік құрамының да емес, жеке әкімнің өз құзырына тисе есіл атақтың қадірі баяғыдан бетер қаша түсе ме деген қауіп бар. Бүйте берсек, “Құрметті азамат” атағында не құн қалады? Одан қайта мәртебелі атақ алатындарға қойылатын талап, тілек  күшейсе нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, “Құрметті азамат” болудың негізгі критерийлері қандай?  Осы критерийлердің мінсіз орындалуын әкім мен мәслихат депутаттары қалай қадағалауда? Шетін тартсаң, ащы ішекше шұбатылып шыға беретін сансыз сауалға қайтаратын жауап жалғыз: Мәслихатқа “мінез” жетіспей жатыр. Депутаттардың басым бөлігі биліктегілерді көргенде “құлдық ұрып, құрақ ұшатыны” жасырын емес. Десек те, “мәслихаттағылардың барлығы бірдей атқарушы биліктің айтқанына көніп, бас шұлғудан әріге аспайды”, деп айыптаудан аулақпыз. Бірен-саран мінезді депутаттар бар. Мәртебелі атақ алатындарды іріктеу, оларды алдын ала жан-жақты  талқылау, сараптау мәслихаттың емес, әкімнің сынынан, сүзгісінен сүрінбей өтіп барып, содан кейін ғана сессияның талқысына түсетіні қисынды ма? Жергілікті басқару жүйесін жандандырудың, мәслихаттың мәртебесін биіктетудің сиқы осы ма? Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Өмірхан Өксікбаевтың мәслихаттың тексеру комиссиясына көптен бері көз тігіп, өзіне тікелей бағынышты етіп алуға жанталасып жүргені анау.Президент тапсырмасына сәйкес мәслихаттың мәртебесі биіктеудің орнына құқығы азая бастағаны алаңдатады. 

     “Мәслихаттың шешіміне сәйкес ауданның, облыстың “Құрметті азаматы” атағын алу екінің бірінің еншісіне жазылмауы тиіс. Мұндай аса мәртебелі атақты лайықты азамат алса, оған шын мәнінде ерекше құрметпен қарайтын едік”. Елдің пікірі осындай. 

Ғалымжан Елшібай

                                                                                                                                        

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: