261 кәмелетке толмаған қыз жасанды түсік жасатып, 53 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған

af663c5e0af1a0225a6f5281a8d7f689_crop_l_7_t_57_w_688_h_387_resize_w__h_820.jpg

“Жастар бұзылып барады”. Бұл сөз мың жыл бұрын тұрғызылған тарихи ескерткішке жазылған екен. «Шошимын кейінгі жас балалардан» деп  кемеңгер Абай күңіренгелі де шамамен жүз жылдай уақыт болды. Ұрпақ тәрбиесі қай заманда да қоғамдағы ең өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспей тұр. ХХІ ғасырдың жастары да жаға ұстатып отыр. Таяуда облыс әкімдігінде құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі өтіп, ертең ел тізгінін ұстайтын жасөспірімдер арасындағы келеңсіздіктер кеңінен талқыланды. Алдымен цифрларды сөйлетейік.

Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр  кәмелетке толмаған жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс күрт өскен. Оның ішінде есірткіге байланысты қылмыс 50 пайызға, кісі тонау 54 пайызға, көлік ұрлау 87,5 пайызға көбейген. Шындығында жасөспірімдердің қылмысы ресми тіркелген деректен әлдеқайда көп. Өйткені жасөспірімдер қандай жәбір, жапа шексе де бір-бірін «жауға бермеуге» берік серт байласып, жазылмаған заңдылықты қай-қайсы да қатаң сақтауға үйренген.  Әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде оған қатысқан оқушылардың небәрі 11 пайызы, колледж студенттерінің 14,4 пайызы ғана өздеріне қатысты зорлық-зомбылық туралы полицияға хабарласады екен. Полицияның қаншалықты пәрменді қимылдап жүргені мен бүгінгі беделіне бұдан артық қандай баға беруге болады?  Облыста 383 кәмелетке толмаған жасөспірім нашақор және маскүнем ретінде тіркелгені жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Мұның да тек ресми түрде анықталған мәлімет екенін ескертіп қоялық. Тіркеуге алынбаған жасөспірім нашақорлар қаншама. Кәмелетке толмаған Э.Ризманова есірткінің ауыр түрі есептелетін 2 грамм героинді 4600 теңгеге сату кезінде құрыққа іліккен. Тінту барысында үйінен тағы 1,5 келі героин табылған. Бір таңқаларлығы, әлі бесіктен белі шығып үлгермеген жасөсіпірім қыз бұған дейін де есірткі саудасымен айналысқаны үшін шартты жазаға сотталған.  

«Қызға қырық үйден тиым» дейтін қазақпыз. Алайда денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мына  мәліметтен аз бойыңыз қаза болатыны анық. Былтыр оңтүстікте 261 кәмелетке толмаған қыз жасанды түсік жасатыпты. Тағы да қайталап айтайық, бұл да тек тіркелген фактілер. Ал тіркелмеген жасанды түсіктер жайлы ойлансаң тұла бойың тітіркеніп түршігіп кететіні түсінікті. Дәрігерлердің кеңесіне жүгінсек  алғашқы жүктілікке жасанды түсік жасатқандардың көпшілігі болашақта перзент сүю, ана болу бақытынан айырылады. Өз болашағына өздері балта шауып, аяулы, ардақты ана атану бақытынан айырылған қыз балалар үшін өмірдің не мәні бар дейсіз?! Біле білсек мұны жеке бастың мәселесі деп жылы жауып қоя салмай халқының санын 20 миллионға жеткіземіз деп ұрандатып жүрген мемлекетіміздің, ең алдымен тұтас ұлттың қасіреті ретінде қарастыру қажет сияқты. Мақтаарал ауданында 11 сыныптың оқушы қызы босанып, өз сәбиін өлтіріп, әжетханаға тастаған…

Мектеп оқушыларының “авторитет” болуға таласуы соңғы жылдары күрт белең ала бастапты. Ондай оқушылар сынып жетекшісі мен директорды тыңдағаннан көрі «жабайы Армандардың» жетегіне еріп, солардан «сабақ оқығанды» дұрыс санайды. Оларға түнгі клубтарға қыдыру, демалушылардың тыныштығын бұзу, билетсіз кіру, күзетшіні қорқыту түк емес.  Шетелдің фильмдеріндегі “боевиктерге” қарап бой түзеуге құмарлықтан қыздар жағы да қалыспай мектепке қаламсап орнына қару-жарақ алып барудан  ұлдармен жарысуда.  Айталық 1991 жылы туылған жасөсіпірім қыздың сөмкесінен 8 оғы бар “ИЖ 79-8” тапаншасы, 7 оғы бар Макаров тапаншасы, бірнеше оқ, екі пышақ, 58 грамм анаша табылуы осыны дәлелдемей ме? Екі жыл  бұрын Шымкентте өздерін “авторитет” санайтын үш қыздың әлсіздерді бопсалап, оларды қалай ұрып-соғатыны ұялы телефонға түсірілу арқылы жан-жақты жарнамаланғаны, өзге мектептерге әдейі жіберілгені елді шулатқан еді. Шектен шыққандар жазасын алғанымен, жаман әдет енді ауыл мектептеріне ауысыпты. 25 ақпанда Түлкібас ауданындағы “Рыбалко” мектебінің 9 сыныбында оқитын екі қыз сынып ішінде жұлысыпты. Бұл «боевикті»  ұлдар жағы “соткаға” басып алған. Қазір олардың түсірген “фильмдері” өздеріне қарсы айғақ болып, төбелескіш қыздар мен “оператор” жігіттер қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.  Жасөспірім қыздар ауыр қылмыс жасаудан да жасқанатын түрі жоқ. Солардың бірі Н.Радионова ағайынды Аниськиндермен бірігіп қу ақшаға бола шешесін өлтірген. 

Бүгінде күш сынасу үшін жұдырық жұмсасып төбелесуді жұрт ұмыта бастады. Қазіргілер қолындағы қаруына сенеді. Мәселен, 29 қаңтарда Шымкенттегі №9 мектептің оқушысы жеке көлігімен барып, (кәмелетке толмай жатып рулге отыру қалыпты үрдіске айналғалы қашан.Ғ.Е.)  №35 мектептің оқушыларына оқ атқан. «Разборкадан» екі бала ауыр жарақат алып, қаңғыған оқтың бірі көшедегі кездойсоқ жолаушыға тиген. Ақпан айында №26 мектептің 8 сыныбында оқитын жасөспірім қызға екі жерінен қаңғыған оқ тиіп, ауруханаға түскен. 29 ақпанда №41 мектептің ауласында 9 және 10 сынып оқушылары төбелесіп, ақырында пышақтасуға барған. Төбелестің салдарынан екі оқушы аурухана төсегіне таңылды. 

Тәрбие бетімен жіберілген соң мектептердегі білім сапасы қайдан оңсын? Бүгінде ауыл мектептеріндегі бітіруші сыныптың оқушылары ұлттық бірыңғай тестке дайындалу үшін  қала кезіп жүр. Сонда ауылдағы білім ошақтарына бөлінетін қыруар қаржы не үшін, кім үшін? Прокуратура ұйымдастырған реидттік тексеру тестке дайындалатын олардың ешқандай санитарлық талаптарға сай келмейтін жеке тұрғын үйлерді паналайтынын анықтаған.  Назар аударарлық жайт оқушылардың өз өзіне қол жұмсауы ҰБТ кезінде жиілейді екен. Былтыр  53 жасөспірім өз өмірін қыршынынан қиыпты. 2006-2008 жылдар аралығында 132 жасөсіпірім өз-өзіне қол жұмсап, оның 117-сі қайғылы оқиғамен аяқталған. Мектептерде бала моралдық-психологиялық ахуалды басынан кешірген шақта  оған қол ұшынан созатын, жәрдемдесетін психолог мамандар жетіспейді. Мектептердегі педагог-психологтардың 61 пайызы басқа мамандық иелері.

«Өзің қаңбақсың, кімге тұлға болмақсың?» демекші оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру арқылы үлгі-өнеге танытуы тиіс оңтүстіктегі ұстаздар қауымының өзі соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша ұдайы көш басынан көрініп жүр. 2009 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткішке сүйенсек  облыстағы барлық сыбайлас жемқорлық қылмыстардың  ішіндегі білім саласының үлесі 19,4 пайыз болып отыр. Өткен жылы 319 білім саласы қызметкерлерінің теріс әрекеті әшкереленіп, облыс көлеміндегі жалпы жауапкершілікке тартылғандардың 46,4 пайызын құраған. Мектеп директорлары бірінен кейін бірі парамен ұсталуда.  Білім ошақтарында ақша жинау айтыла-айтыла жауыр болды. Қайсыбірін айтайық оңтүстікте білім саласы бітеу жараға айналғалы қа-ша-а-ан. Үйлестіру кеңесін қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов “бұл салада жүйелі жұмыстар жүргізілмеген” деп қысқа қайырып, келеңсіздіктерге байланысты жауапты адамдарға қандай нақты шара қолданылатынын кесіп айтқан жоқ. Бәлкім…

Жалпы, Асқар Мырзахметов облыс әкімі болып келгелі өте өткір мәселені талқыға салатын мұндай мәжілісті ай сайын өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Наурыздағы мәжілісте  заңсыз таратылған субсидияның жайы  қаралып, бастапқыда ешкім жауапкершілікке тартылмағанымен соның қорытындысы бойынша көп ұзамай облыс әкімінің пәрменімен біраз атқамінерлер топ-тобымен топырлап атынан ауып түскен еді. Бірқатарының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Демек білім саласына қатысты кесімді шешімнің айтылар уақыты әлі алда шығар деген үміт те жоқ емес.  Кім білсін… 

Ғалымжан Елшібай, «Жас Алаш» газетінің тілшісі


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: