Өткен жылдың қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысына ресми іссапармен келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласына арналған республикалық кеңес өткізіп, күн тәртібінде өткір мәселелер қозғалған еді. Денсаулық саласын қаржыландыру бірнеше есеге көбейіп 403 миллиард теңгені құрағанымен әлі де шешімі табылмай шиеленіскен күрделі мәселелердің көптігіне, келеңсіздіктердің жиі кездесетініне көңілі толмайтынын ашық мәлімдеген Президент әсіресе тендердегі сыбайлас жемқорлық пен іске қосылмай тұрған медициналық қондырғыларға кінәлі адамдар қатаң жауапкершілікке тартылуын қадап айтқан болатын. Мемлекет басшысының өзі өткізген алқалы жиыннан санаулы уақыт бұрын облыс прокурорының бірінші орынбасары Ержан Ералиев облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуарбек Маймақовқа дәл осы сыбайлас жемқорлық пен іске қосылмай тұрған медициналық қондырғыларға кінәлі лауазымды тұлғалардың атын атап,түсін түстеп, тиісті шара қолдануды еске салған, ерекше ескерткен қызметтік хатында олардың қандай былық-шылыққа батқанына,нендей заң бұзушылықтарға барғанына байланысты бұлтартпас айғақтарды алға тартқанынан хабардармыз. Бір ғана мысал. Тендер-оңай жолмен қыруар табыс табудың көзі, сауын сиырдың нақ өзі екеніне «Нидиа фарм» серіктестігі қожайындарының есі ауғаны соншалық келісім-шартта көрсетілгендей сұранысқа сәйкес денсаулық сақтау саласындағыларды медициналық қондырғылардың бірнеше түрімен қамтамасыз етудің орнына барлығы бірдей 51 данасын сатып ала салудан шімірікпеген. Қондырғылардың барлығы бірдей болғанымен бағалары әртүрлі. 8-і 1 115 277 теңгеден, 43-і 1 623 807 теңгеден. Екеуінің айырмасын есптегенде 21 миллион 866 мың 790 теңге. Демек 43 медициналық қондырғының әрқайсысына 508 мың 530 теңге бюджеттің қаржысы артық шығындалып, талан-таражға түскен.
Айтайын дегеніміз мынау- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «кінәлі адамдар қатаң жауапкершілікке тартылсын» дегенді қадап айтқанына 3 айдан асып барады. Бұған облыс прокурорының бірінші орынбасары Ержан Ералиевтің заңсыздықтарды әшкерелеген қызметтік хатын қосыңыз. Прокуратура өкілі «заң бұзушылыққа кінәлі» деп атап көрсеткен лауазымды тұлғалардың бірі, облыстық денсаулық сақтау басқармасында бөлім бастығы болған Ғалымжан Әбішев жазаға ілігу былай тұрсын қайта қызметі өсіп, Шымкент қаласындағы жаңадан салынған медициналық құралдарды заласыздандыру орталығын басқаруға тағайындалғаны таңдандырады. Ең болмаса Елбасының сынынан кейін де ел күткенімен ешбір өзгеріс жасалған жоқ. Елбасының тапсырмасына, прокуратураның пәрменіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуарбек Маймақов елең етпей жүр. Мұны Маймақовтың өзі немен түсіндіреді екен?..
Жәнібек Тархан