Шымкентте алаяқтар несібесін несиеден іздеп жүр

Screenshot_36.jpg

Жақында  облыс орталығында 250-300-ге тарта адам санкцияланбаған ереуіл ұйымдастырды. Айдың-күннің аманында бұл қандай ереуіл деген сұрақ туындайтыны заңды ғой. Ендеше тыңдаңыз. 

Әлбетте адам баласы заманның құбылуына қарай түрлі айла-амалдарға барады екен. Дағдарыс басталғалы ел арасында естіген елдің жағасын ұстататын оқиғалар көбейіп кетті. Қолы жеңілдер ұрлықты көбейтсе, білегінде күші, бойында қуаты барлар тонаумен, қарақшылық шабуылмен дүние таба бастады. Ал алаяқтар тарапынан адамның ойына кіріп-шықпайтын әрекеттер белең алуда. Шымкент қаласы Жұмабек Тәшенов атындағы көше бойында орналасқан «МКО Шах-Тас» ЖШС осындайлардың бірі ғана. 

Олардың ойластырған «жобасы» бойынша операция үш сатыдан тұрады. Алғашқы сатысында серіктестікке 10 адам 5200 теңгеден ақша жинап береді де осыны ұйымдастырған бір адамға, яғни ең алғаш ақшасын өткізгенге 40 мың теңге беріледі. Қалған тоғызы да өзінен кейін тағы 10 адамды тартып, ақшаны алу үшін кезекке тұрады. Осылайша бірінен кейін бірі «жобаның» екінші сатысына өте береді. Бұл сатыға көтерілген азамат несие алуға арыз және ең бастысы, қолында 50 000 теңгесі бар 10 адамды жинау керек. Сол кезде оған 660 000 теңге несие 48 айға беріледі. Алайда, несие алушы оны толығымен ала алмайды.  429 000 теңге нақты қолына беріледі де қалған 231 мың теңге кепілдік жарна ретінде серіктестіктің үлесінде қалады. Ендігі жерде несие алған азамат ай сайын серіктестікке 13 750 теңге төлеп отыруы тиіс. Дәл осындай қаражат келесі кезекте 50 000 теңгені екінші болып өткізген адамға беріледі. Осылай жалғасып кете береді. 

Үшінші сатыда жоғарыдағы несиені алған адам енді 10 адамнан 150 000 теңгеден жинап өткізеді. Ең алғаш өткізген адамға 10 жыл мерзімге 2 миллион теңге тиесілі болады. Мұнда да кепілдік жарна ретінде 700 000 серіктестік қоржынында қалып, қалған 1,3 миллион теңге қолма-қол беріледі. Бұ ақшаны алған адам 10 жыл бойына ай сайын 16 700 теңгеден төлеп отыратын болады. «Пирамида» деп аталатын бұл тәсіл бойынша ақша берген әрбір адам соңынан тағы да «клиенттер» тартуы тиіс. 

  Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуратурасы аудандық ішкі істер органы қызметкерлерімен бірлесе отырып, аталған серіктестікке тексеру жүргізді. «МКО Шах-Тас» ЖШС әділет департаментіне өткен жылдың 9-желтоқсанында тіркеліпті. Құрылтайшысы Төлеби ауданының Г.Қасымбеков деген тұрғыны мен шымкенттік Е.Жолдыбеков екен. Ал серіктестік директоры – К.Жолдыбеков. Онда 5 адам жұмыс істейді екен. Тәшенов көшесінің бойында бір-бірінен 50 метрдей қашықтықта орналасқан 5 бірдей мекемесі бар. Оларда азаматтардан өсіммен қайтару туралы ауызша келісу арқылы 6000 теңгеден ақша жиналып отырған. Келесі күні ол адамға 9000 теңгеден беріледі. Келген азаматтардан тек жеке куәлігі ғана талап етілген. Ақша алғандардың ешқайсысына да кіріс-кассалық ордер берілмеген. Сондай-ақ, заңды тұлғаның белгілері, төлемді алу негізі, ақшаны қабылдаған тұлғаның аты-жөні көрсетілмеген. Тексеру барысында аталмыш серіктестіктен 7 миллион 231 мың 100 теңге алынды. Жиналған құжаттар облыстық ішкі істер департаментіне заңды шешім қабылдау үшін тапсырылды. 

Осынау тексеру барысында несиемен жарылқаушы ЖШС-ны жабылып қалды деп қорыққан болуы керек, теңгесін өз қолымен санап берген азаматтар енді не болады деген күдікпен ереуілге шығып, дүрбелеңге жол берген ғой. Алайда, неліктен екені түсініксіз, араға аз ғана күндер салып, «МКО Шах-Тас» ЖШС түк болмағандай тірлігін қайта жалғастыруда. Кілең ауылдан келген қазақтың қара домалақтары «аспаннан киіз жауғандай», таласып кезекте тұр.  Прокуратура «алаяқтардың» заңсыз әрекеттері әшкереленді, жұмыстары тоқтатылды деп баспасөз мәслихатын өткізіп жатқанда «МКО Шах-Тас» алаңсыз, ашық түрде айласын асыруды жалғастырып жатты. Өкініштісі, айласын асырудан айылын жимағандардың алаяқтық әрекеттері аудандарда да белең ала бастаған сыңайлы. 

Несиесін төлей аламағандықтан өкінішті жағдайларға ұрынып жатқандар қатары арта бастаған тұста бұл да ауыл қазақтарын сазға отырғызып кетпесе болғаны. Тұрғындардың сеніміне әбден кіріп, ақша өткізгендер қатары көбейгенде тірлігі түгелдей заңсыз серіктестіктің етек-жеңін жинап, бір-ақ күнде елеске айналып кетпесіне кім кепіл? Сонан кейін тауып көріңіз. Сан соғу, отбасындағы ұрыс-керістің көкесі сол кезде басталмай ма? Аузы күйген үріп ішуші еді, дағдарыс бәрін ұмыттырған ба, қалай?

Шадияр Мекенбайұлы,

"Рейтинг" газеті

                                                                       


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: