Әрине, әкім болуға әркімнің таласы бар. Кешегі Кеңес Одағы кадр мәселесіне өте қатаң, аса байыпты қарайтын. Қазір кадр таңдау мәселесі бетімен кеткені соншалық, кешке қойшы болып ұйықтап, таңертең әкім болып тұратын жәйттер жиі кездеседі. Кеңсеге қарапайым қызметкер болып келіп, талай жыл тәжірибе жинақтап, әбден ысылған соң қызметте жоғарылау үрдісі адыра қалды. Қызметкердің қарым-қабілетін, іскерлік қасиетін бағалаудан гөрі тамыр-таныс, ақша, жең ұшынан жалғасушылыққа жол берушілер көп. Бүгіндегі кадр мәселесінің қатаң қағидасы мынау: «Бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады». Былайша айтқанда, бір көкесі әкім болып тағайындалса, оның бірнеше інісі мен танысы бір-бір қызметтің құлағынан ұстап шыға келеді. Мұндай командалық үрдістің өрістегені соншалық, әкімдік қызметтің ең кіші сатысы - ауыл әкімі лауазымында бір-ақ күн отырып, ертеңіне үлкен қызметке секіріп кеткен жәйттер де кездесіп жатыр. Яғни, ауыл әкімдігін трамплин ретінде пайдаланады. Ел арасында мұндайларды «бір күндік әкімдер» дейді. Әкімдік қызметті әкесі сыйлаған ойыншық сияқты ермек еткен еркетотайлар саны ондаған болғандықтан олардың барлығын түгелдей тізіп шығу мүмкін емес. Тек бірнешеуіне ғана тоқталуды жөн санадық. Ендеше таныс болыңыздар:
1. Елікбай Тоқбергенов – 19.10.2006 жылы Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылдық округінің әкімі болып тағайындалып, бір күннен кейін, яғни, 20.10.2006 жылы өз еркімен қызметінен кетеді. Сол күні облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры болып тағайындалады.
Біз осы округ әкімінің орынбасары Құрманбек Тастеміровке хабарластық:
- Елікбай Тоқбергенов деген әкім болған ба?
- Кім? Елікбай? Осындағы ауылдық әкімдікте 19 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмын, ондай адамды көрмек түгілі естімегенмін де, айналайын.
Бұдан кейін Тоқбергенов Елікбай мырзаның өзіне хабарластық:
- Сіз Ордабасы ауданында жұмыс істегенсіз бе?
- Жо-оқ! А.. иә, иә істегенмін. Қажымұқан ауыл округінің әкімі болып.
- Қай жылдары?
- Дәл қазір есімде жоқ. Не үшін сұрап отырсыңдар?
- Сізді осы қызметте бар-жоғы бір күн істеген деп естідік.
- Жоқ, мен бір ай қызмет еттім ол жерде. Бұны дәлелдей де аламын. Жалпы, ол сіздерге не үшін керек? Что-то маған «подозрительный» болып тұр.
- Бір ай істегеніңізді дәлелдейтін құжаттарды көрсете аласыз ба?
- Енді... көрсете алмаймын.
- Әкімдік қызметтен не үшін кеттіңіз?
- Енді ... значит повысили в должности
- Қандай жұмыс атқардыңыз?
- О, көп шаруа атқардым ғой. Қайсыбірін айтайын.
- Мәселен?
- Мәселен, су мәселесі ... сонымен айналыстым. Департаментке директор болып ауысқанымда да осы мәселені үнемі назарда ұстап жүрдім.
2. Арман Құмашев – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Оның алдында бірнеше күн, нақтырақ айтқанда 20.09.2007-24.09.2007 жыл аралығында Отырар ауданы, Көксарай ауыл округінің әкімі. Қазіргі қызметі белгісіз.
Сонау Арқаның төсінен келген А. Құмашевтің неліктен құмдағы Көксарайды таңдағаны және қызмет атқарған төрт күннің ішінде не тындырып, нені бүлдіргенін біз әрине, білмейміз. Алайда, бұл мәселені біз ғана емес, қазіргі ауыл әкімі Халмұрат Сейітбеков те білмейді екен. Ал аудандық әкімдіктің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Маханбет Бейсенбаев былай дейді:
- Құмашевтің бізде жұмыс істегені рас.
- Не жұмыс атқарды?
- Барды, танысты...
- Артынша қоштасты ма?
- Жоқ, енді...
- Сонда түк те істемеген ғой?
- Ол жағын айта алмаймын.
- Қызметінен не үшін кетті?
- Көксарайда жағдай жоқ еді. Жататын орны жоқ, аудан орталығынан өте алыс, шалғайдағы ауыл.
- Қанша километр?
- 32 километр. Біз оған үй тауып бере алмадық, содан кетті ғой...
3. Бақытжан Әшірбаев - 09.10.2006 – 11.10.2006 жыл аралығында Шардара ауданы, Сүткент ауыл округінің әкімі. Артынша Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі болды. Шардара аудандық әкімдігінен Бақытжан Әшірбаев жайлы мәлімет ала алмадық. Аудандық әкімдіктегі кадр бөлімінің меңгерушісі Мырзағали Қарымсақовтың айтқан уәжі мынау:
- Ол үшін аудан әкімінің арнайы рұқсаты болуы керек. Онсыз ештеңе айта алмаймын.
- Жоқ, Әшірбаев Сүткент ауыл округінде жұмыс істеді ме?
- Иә...
- Барды ма өзі, сол ауылға?
- Әрине, барды. Жалпы, бұл бұған дейін әбден тексерілді ғой, қайта қазбалаудың не қажеті бар?
4. Нұрғали Рысымбетов – 15.05.2006-29.05.2006 жылы Бәйдібек ауданы, Бөген ауылдық округінің әкімі болыпты. Құжат жүзінде. Артынша өз еркімен жұмыстан кетіп, екі-үш күн өткен соң, яғни 01.06.2006 жылы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бүгінде жиһаз жасайтын өз бизнесіне кетті ме, әлде басқа жақта ма, бұған бас ауыртқан,оны іздеген адам байқалмайды.
Ал, Жаңа жылдың алдында апыр-топыр қызметке тағайындалып, ескі жылды шығарып салып, тойлап біткен соң сол қызметінен босап кеткен мына төмендегі шенеуніктерді «Аяз-ата әкімдер» десе де болады.
Кенжетай Құрманбайұлы – 30.12.2005 жылы Түркістан қаласы, Шорнақ ауылдық округінің әкімі болып тағайындалып, 6 қаңтар 2006 жылы өз еркімен қызметінен босап кеткен. Алайда артынша Түркістан қалалық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Жарқын Нұрпейісов – 2006 жылдың 29 желтоқсан күні Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылдық округіне әкім болып тағайындалып, 05.01.2007 жылы өз еркімен кетті. Сол күні облыстық қаржы департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.
«Ат аунаған жерде түк қалады» деуші еді, міне, бұл азаматтар өздері жұмыс істеген ауылда із қалдырмақ түгілі ауыл адамдары ондай әкімнің қызметке тағайындалып, қайтып босап кеткенін де білмейді. Түр-басын танымайды, аты-жөнін енді естіп отыр. Сонда ауыл әкімдігі бұлар үшін ойыншық па? Әкімдік қызметті біреулер күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айрылып, жатса да, тұрса да армандайды. Сол үшін ұзақ уақыт тер төгіп еңбектенуге, өзінің іскерлігін танытуға тура келеді. Ал, базбіреулер жалғанды жалпағынан басып, ауыл әкімі мансабын мазақ қылады. Заңның осал тұсын пайдаланып, қызметтің қызығын көргісі келеді. Негізі әрбір мемлекеттік қызметке арнайы конкурс жарияланады. Бірақ, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның кейбір тұстары лауазымды қызметтерге ауыл әкімдігінен бірден конкурссыз-ақ тағайындалып, бір күнде бастық болып шығуына мүмкіндік береді. Содан кейін ғой, жоғарыдағы жандардың бәрі аяқ астынан ауыл әкімі атанып, артынша-ақ жоғарылап кетіп жатқаны... «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның осындай осал тұстары бар екенін, ол кейбір «қолы ұзындарға» қызметте даңғыл жол ашатынын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің аймақтық басқармасындағылар да жасырмайды.
О баста қиюы келіспеген тірліктің соңы да баянсыз болатыны рас екен. Жоғарыда аты аталған шенеуніктердің ешқайсысы да о баста діттеп барған қызметтерінде тұрақтап қала алмады. Бірі төмендеді, бірі қызметінен босатылды, енді бірінің сайда саны, құмда ізі жоқ.«Жетекке ерген тазының түлкі алмайтыны» секілді «бір күндік әкімдерден» үлкен басшы, қайраткер жасамақ болғандардың мақсаты іске аспады. Ең болмағанда арасынан біреуі іріктеліп, белсеніп шыққанда ел оның «космостық карьерасын» ұмытып та кетер ме еді?... Қайтесің енді...
Ауылға асығыс түрде бас сұғып, кеш батырып, түнделетіп қалаға қайтып кеткен кадрлерден не үміт, не қайыр? Елді бір алдап, мемлекеттік қызметкерлерден шынайылықты, тазалықты талап етіп отыратын Елбасы саясатын екі алдап, қызмет үшін қырық түрлі қулық-сұмдыққа баратын мұндай шенеуніктер елге қалай адал қызмет етпек?! Кадрден қадір кеткен заман болып тұр ғой бұл өзі...
Оралхан Дәуіт,
Жандар Көшенов
"Рейтинг" газеті