Нұрғали Әшімов, ОҚО әкімі: Аудан әкімдерінің арасында ротация болады

Screenshot_3.jpg

Жасыратыны жоқ, «Нұр Отанның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы төрағасының бірінші орынбасары ауысады екен» деген әңгіме бұған дейін шыққан. Кешегі бейсенбіде сол ұзын сөз расқа айналып, төрағаның бірінші орынбасары Әуелхан Тұрғынбеков партия қызметінен босап, облыс әкімінің кеңесшілігіне сырғытылды. Әдетте «пәленше қызметінен кетеді екен» деген әңгімемен бірге ол орынға кім келетіні де қосыла жүреді емес пе? «Нұр Отанның» бірінші орынбасарлығына Сарыағаш ауданы әкімі Ұласбек Сәдібеков келеді екен» деген әңгіме әжептәуір елдің құлағын елеңдетіп тастап еді, бірақ болжам расқа айналмады. Партия жетекшісінің  бірінші орынбасары болып Шәріпбек Жамалбеков бекітілді.

Шәріпбек Жамалбеков... Оңтүстікке белгілі азамат. Бірнеше рет облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Бірақ соңғы додада сыннан өте алмай, депутаттық мандатқа қол жеткізе алмады. Алайда, жігері мұқалмаған Жамалбеков Сенат сайлауына ат қосып, белсеніп-ақ кірісіп еді, ортан жолда аттың тізгінін тартуға мәжбүр болды. «Нұр Отанға» таяуда ғана Дархан Қалетаев сынды жас, жігерлі азамат республикалық деңгейде басшылыққа келгені белгілі. Олай болса, «Нұр Отанға» жастардың жалыны, жігері, қайрат-күші, жастардың пікірі, ақыл-ойы ауадай қажет болып жатқанда Оңтүстік Қазақстан облысында партия басшылығына пайғамбар жасына жақындаған Жамалбековтің  сайлануы көпшіліктің таңданысын туғызды. Кім білген... Бәлкім, облыс әкімі  Нұрғали Әшімовтің кешегі Коммунистік партияның қатаң тәртібінен өткен адамды «Нұр Отанға» аттай қалап алуында біз білмейтін бір сыр жатқан шығар.

Әуелхан Тұрғынбеков... Ел аузында іскерлігімен Шардара ауданын басқарғанға дейін де ілікті. Осы ауданды аз ғана уақыт басқарса да соңында жақсы пікір қалыптастыра білді. Сайрам ауданын басқарған кезде де ел тірлігін мақтап жүретін. Облыс әкімінің аппарат жетекшісі қызметін абыроймен атқарды. Елдің де, биліктің де көңілін тауып, жігін жымдастыра білген Әуелхан Тұрғынбеков алдағы уақытта  тек кеңесшілік  қызметпен  ғана шектеліп қалмаса керек-ті. Соңғы жылдары кеңесші деген «уақытша аэродром» болды ғой. Кеңесші болып жүріп, аздап ес жинап алған соң күндердің күнінде басқа бір қызметке топ ете қалады. Талай жыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің облыстық департаментін басқарған Фарид Ақбердиев те қызметінен босап қалғанда облыс әкімінің кеңесшілігіне келіп, ес жинаған. Біраз уақыт тұрақтады да ақырында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметіне ауысып кетті. Бұл бір ғана мысал. Сондықтан Тұрғынбеков кеңесшілік қызметте көп тұрақтамайды, облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі, басқарма бастығы, әйтеуір биліктің  бір тұтқасын ұстайды дегенді шамалаймыз. 

Жалпы, үлкен басшының төңірегінде бірнеше топтың болатыны, төңірегін топқа бөлу арқылы үлкен басшыға оларды басқару оңайға түсетіні бұрыннан бар нәрсе. Ондай топтар бірін-бірі жұтып қоюға  дайын тұрады. «Оңтүстіктің әкімі Әшімов пе, Әбішев пе» деген әңгімелер біраз уақыт бұрын жиі айтылатын. «Мәселені Әбішевпен келіссең бітті, Әшімов те қолдады дей бер» дегенді облыстың «ақ үйі» жағынан жиі естіп қалатынбыз. Бірақ биліктің дәлізі  түрлі ойындарға толы ғой. Дәл қазір жағдай мүлдем басқаша... Әбішев «әлсіреді»...Тіпті соңғы кездері «Әбішев Мақтааралға әкім болмақшы екен, депутаттар жағы қолдамапты» деген де әңгіме айтылып жүр. Дәл осы Әбішевтің дәурені жүріп тұрған кезде елдің айтуынша соның демеуімен қызметке келген Елікбай Тоқбергенов департамент  бастығы қызметінен төмендетілсе, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Өскенәлі Панзарбековтің күні кеше облыс әкімінен «жұмысы қағаттанарлықсыз» деген баға  алуы жоғарыдағы ойымызды нақтылай түскендей. Қызметке тағайындалғанына енді бір жыл толып, тәп-тәуір тірлігін атқарып жүрген Панзарбековке  мұндай баға берілуі Әбішевке қатысты кадр тізіміне ілігуі  өзіндік септігін  тигізген болуы әбден мүмкін. Біз Ислам Әбішев мырзаның өзімен хабарласқанда «қазір кезекті еңбек демалысында жүрмін, ақпан айының басында жұмысқа шығатын болармын, денсаулығым болыңқырамай жүр» деген жауап алдық. 

Әрине, әкімнің төңірегі ықпалды топтарсыз қалмайды. Дәл қазір облыстың «ақ үйінде» Әли Бектаевтің дегені болып тұрған сияқты. 

Айтпақшы «Нұр Отандағы» жиында Нұрғали Әшімов жақын күндері аудан әкімдері арасында ротация болатынын айтып қалды. Рас болса, Сарығаш ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков  Астанаға вице-министрлік қызметке ауысады екен деген әңгіме бар. Сайрам ауданының әкімі Мұхит Әлиев те орынтағын ауыстыратын көрінеді. Кезінде Арыс қаласына әкім болып сайланып, одан Президент әкімшілігіне мемлекеттік инспектор болып кеткен Серік Тәукебаев мырза жақын күндерде бір басқармаға бастық болып оралады-мыс.  Көптен бері «ақ үйдің» сынына ілігіп жүрген мәдениет басқармасының  бастығы  Айдар Ниязов осы аптада айды аспанға бір-ақ шығарды. Есеп беру кезінде «жұмысы қанағаттанарлықсыз» деп баға алған оған облыс басшылығы тарапынан «қазақ драма театрына орыс тілді  режиссер алып  келдің» деген кінә тағылған болатын. Сол орыс тілді режиссер Асқар Алтынбеков осы аптада белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Мұңлық-Зарлығын» сахнаға шығарды. Халықтың өте көп жиналғаны өз алдына, көрермен қауым да, шығарма авторы да спектакльге  қатты риза болды. Көпшіліктің алдында Дулат ағамыз ризашылығын тебіреніп тұрып жеткізді. Әрине бұл жағдай Айдар Ниязовтың қыл үстіне тұрған тағдырына  қорған бола ала ма, жоқ па оны алдағы уақыт көрсетеді.. Тегінде жақсы дүниені жақсы деп айтып, оны бағалай білген де жақсы ғой.

Жәнібек Тархан 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: