Сабақтан шығып саунаға, мектептен шығып моншаға...

Screenshot_4.jpg

Шетелдік фильмдерде   «саунаға барып, рахатқа бір баттым» дейтін сюжеттер жиі кездеседі. Ол жақтың азаматтары шындығында саунаның, ыстық будың рахатын сезініп, жан ләззатына батады. Бізде ше? Өзіңіз де біліп отырсыз, керісінше. Саунаны ыстық будың рахаты, жан ләззаты деп емес, ыстық құшақтың рахаты, тән ләззаты деп қабылдайтындар басым. Оны ересектермен қатар мектеп оқушылары да бес саусақтай біліп алған. «Саунаға барған 100 еркектің 10 пайызы ғана суға шомылады екен» деген әзіл-шыны аралас әңгіме тарап кеткен. 

Осы мақаланы дайындау барысында қаладағы көптеген білім ошақтарын араладық. Қырғы базардың үстіңгі жағындағы Т.Әлімқұлов көшесі бойындағы қазақтың ұлттық салт-дәстүрін қайта жаңғыртушы біртуар азамат, тарихшы-этнограф, өнертанушы Өзбекәлі Жәнібековтың есімін иеленген №19 мектептің қарама-қарсы бетінде «Алтынай» саунасы бар. Біз барсақ есігінде де дәу қара құлып тұр екен.  Қарауыл жігітке жолықтық.

- Бұрын сауна болушы еді, жабылған білемін ғой, - дедік біз. 

- Моншасы жабылды, саунасы сақталып қалған, жақында қайта іске қосылмақ, - деді ол бізден сүйінші сұрағандай, - мына телефонға өзіңіз хабарласып көрсеңізші. 

Дарбаза сыртында ұялы телефонның нөмірі жазулы тұр екен. Тердік. 

- Алло, сіздің телефоныңызды дарбаза сыртындағы тақтайшадан алып тұрмын, сауна істемейтін болды ма?

- Жақында қайта іске қосамыз, жалға алмайтын ба едіңіздер, әлде саунаға түсейін деп пе едіңіздер, қыздарыңыз бар ма?.. – деп сауалдың астына ала жөнелді. Қарама-қарсы бетте мектеп бар, «оқушылар емес пе екен» деп, мүмкін жасымды сұрайтын шығар деген ойым санамда-ақ тұншығып өлді. 

№19 мектептің табалдырығын аттадық. Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Бибіхан Жөкебаеваға жолықтық:

- Қарама-қарсы бетте сауна тұр, оқушыларыңыздың тәрбиесіне кері әсерін тигізбейді ме? – деп сұрадық

- Ол жабылып қалған емес пе?

- Дұрыс айтасыз, бірақ, жақында қайта ашылғалы жатыр екен. 

- Оның тәрбиеге қандай әсері болуы мүмкін. Қайта сауна істеп тұрғанда Алтынай апай қаржылай да, басқалай да жәрдем беріп тұратын.

- Оқушылар саунаға бармайды ма әйтеуір?

- Дағдарыс кезінде қайдағы сауна? Оқушыларда қайдан ақша болсын, олар түгілі өзім де бармаймын саунаға...

   Мектеп жанынан салынған сауналар қалада аз емес. Қ.Сыпатаев атындағы атақты №7 мектеп-гимназияның қарама-қарсы бетіндегі аялдама түбінде қанша жылдан бері сауна істеп келеді. Оқушылардың ішінде жолдың бергі бетіне өтіп, қоғамдық көлікке мінетіндер өте көп. Солар саунаны көрмейді дегенге сену қиын. Қалалық ақыл-есі кем балаларға арналған мектеп-интернаттың қарама-қарсы бетінде де сауна жұмыс істейді. Әрине, бұл үшін мектеп басшыларын кінәлауға болмайды. Олардың қолынан бұл мәселені шешу құдіреті келмейді. Бар қолдан келетіндері – шәкірттерінің жүріс-тұрысына бақылау жасау ғана. Өзгесі құзырлы мекемелердің билігіндегі дүние. Оқу орындары ғимаратының жанынан сауна салуға тыйым салынса, кәсіпкерлер жергілікті биліктен асып қайда бара алады? 

«Менің жылағанымды көргенде өзгелер өз жылағанына ұялып қалады» деген екен уайымы қатты бір бейбақ. Белгілі Социалистік Еңбек Ері М.Тасованың есімін иеленген №12 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директорының уәжін тыңдағанда осы жайт санама еріксіз оралды. Тарихы тереңде жатқан бұл білім ұясында кімдер тәрбиеленбеді десеңізші. Бүгінгі білім министрі Жансейіт Түймебаевтың өзі осы мектептің түлегі екені неге тұрады? Осындай тұлғаларды ұшырған білім ұясы қазір мазасыз моншаның машақатынан көз аша алмай, қауқарсыз күйде отыр. Қол ұшын берер шенеуніктердің белсенділігі де байқалмайды. 

- Саунадағы «сайран» жабық ғимарат ішінде өтеді ғой, ал біздегі жағдайдың бәрі көз алдымызда, жабайы түрде, ашық жүріп жатыр, - дейді мектеп директоры Сыпабек Мамешов. – Жабайы тән саудасын қыздыратын моншалар дәл біздің балалар жататын жатақхананың түбінде орналасқан. Күндіз-түні тән саудасы қызып жатады. Түнде айқай-шудан көз аша алмайсың. Біздегі шәкірттердің барлығы ауыл балалары. Ауылдан келіп, мұндай келеңсіз көрініске тап болған баланың санасына қалай әсер етеді? Осы жайт он жылдан бері менің ең үлкен бас ауруыма айналды

- Құзырлы органдардан, жергілікті билік өкілдерінен көмек сұрамайсыз ба?

- Осы кезге дейін көмек сұрап хат жолдамаған мекеме қалған жоқ шығар. Ішкі істер департаментіне де, прокуратураға да, әкімшілікке де жаздым. Ешқандай нәтиже жоқ. Сөзім дәлелді болу үшін ең соңғы жазған хатымды көрсетейін. Міне, оқып көріңіз.

Хат мектеп-интернаттың ұжымы мен ондағы оқитын 520 шәкірттің атынан жазылыпты. Оқушылардың барлығы да жетім, аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары. Онда 10-12 жылдан бері Курнакова көшесі бойында жезөкшелердің мекеніне айналған моншалардың жұмыс істейтіні, ол моншалар дәл жатақхана терезелерінің түбінде орналасқандығы айтылыпты. Арсыздықтың шектен шыққанынан бөлек моншадан шыққан барлық қоқыс, лас су мектеп ауласына тасталып, құйылады екен. Моншалардың қасында спирттік ішімдікті кімге болса да бөтелкелеп те, стаканға құйып та сата беретін, темекінің түр-түрін саудалайтын коммерциялық дүңгіршіктердің жұмыс істейтіні  айтылған. Кеш түссе болды ішімдік ішіп алғандар аузына келген боқтық сөзді айтып, айқайлап, тыныштықты бұзып, соңынан жаға жыртысуы күнделікті көрініске айналған. Әр моншаның «жеке меншік» жезөкшелері күндіз-түні жұмыс істейді. Осының бәрі балалардың көз алдында өтеді. Мектеппен қатар мұнда колледж жатақханасы да қатар орналасқан. Онда қаншама студент жастар тұрады. Мектеп пен колледж ұжымы осы келеңсіздіктер жөнінде ішкі істер департаментіне, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасына бір емес бірнеше қайтара өтінішпен шыққанымен, әзірге дейін ешқандай нәтиже жоқ. Тек комиссия құрылып, акт түзілгендігі, монша иелеріне санитарлық талаптама берілгендігі, күл-қоқыстың тазанғандығы, дүңгіршіктерде спирттік ішімдіктер сатуға болмайтындығы ескертілгендігі айтылыпты. 

Алдамшы жауап, уақытша қадағалау. Хатта жазылған келеңсіз көрініс көп ұзамай-ақ бәз-баяғы қалпына келген. Моншаның кұл-қоқысы мен сасық суы сол күйі, жезөкшелер жайраң қағып, спирттік ішімдік әлі де сатылып жүр. Төбелес тоқтаған емес. Бір сөзбен айтқанда, баяғы жартас сол жартас. 

М.Лермонтов атындағы №17 мектеп те мазасыз моншалармен қоңсы отыр. Оларды асфальт жол мен екіқабатты үйлер ғана бөліп тұр. Алайда, бұл қытай қорғаны емес. 

- Монша төңірегіндегі атмосфера өте жаман, - дейді осы метептің ата-аналар комитетінің төрайымы Татьяна Холодова. – Біздің балаларымыз ондағы келеңсіздіктерді күнде көздерімен көріп жүр. Бұл балаларды айтпағанның өзінде ересектер үшін де өте қорқынышты аймақ. Монша маңында колледждер мен «Мирас» атты жоғары оқу орны бар. Онда ауылдан келген жас қыздар көп оқиды. Солардың осындай лас тірлікті кәсіпке айналдырғандардың тырнағына оңай ілінбесіне кім кепіл? Полиция тәртіпті қадағалап жүрген секілді, бірақ, тәртіп орнағанын көрген емеспіз. Қайта моншалар жұмысы  қарқынды жанданып келеді. Жезөкшелерді алып кетеді, екі күннен кейін ісін қайтадан жалғастырып жүре береді. Тағы бір мәселе – моншаларда канализация жоқ. Лас су арықтармен ағып жатады. Цептигі барлардың шұңқыры толып, асып жатыр. Айналаның бәрі лас. Мұның қаупі өте жоғары. СЭС қызметкерлері жиі келіп жүргенімен, олардың сапалы жұмыс істейтіні көрінбейді. 

Татьяна Юрақызы осылай дейді, ал моншамен қатпарлас тұратын Мұхтар есімді жергілікті тұрғынның айтуынша, тіпті, мұнда ауладан тысқа шығу да қауіпті көрінеді. Себебі, полиция қызметкерлері аңдып жүреді.

- Жұмыстан келе жатсам полиция қызметкерлері қылмыскер ұстағандай ұстап алып, тергеудің астына алады. Сонда жұмысқа бармауымыз керек пе, дүкенге шықпауымыз керек пе? Үйге қонақ шақыруға да ұяламыз. Ауладан сыртқа шықсақ, жезөкшелер тәндерін жалтыратып өріп жүреді, - дейді Мұхтар.

«Мирас» институты тарапынан да жан-жаққа хат жолданыпты. Бірақ... Міне, біздің қоғамда осындай да көріністер көп кездеседі. Сабақтан шығып саунаға, мектептен шығып моншаға кіруге ыңғайластырып қойған. Бұдан артық қандай жарнама керек?!

Шадияр Молдабек,

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: