Жаңа жылдан бастап елімізде жаңа төлқұжат беріле бастады. Құжаттың аты да, заты да әзірше қарапайым халық түгілі Парламент депутаттарына да түсініксіз күйде қалып отыр. Әділет министрлігін дайындаған паспорттың кемшін тұстары жетіп артылады. Ең сорақысы – паспортқа қарап, азаматтың қай ұлттың өкілі екенін біле алмайсыз. Электронды түрдегі жаңа төлқұжаттың авторлары «ұлт» деген бағамды мүлдем алып тастауды жөн көріпті. Саусақтардың ізі, адам қанының қай топқа жататыны секілді қажеттілігі шамалы мәліметтерге орын табылып, ұлтқа келгенде үнемедуге тырысқаны несі?
Паспорттың жаңа үлгісіне алғашқылардың бірі болып үңілген Парламенттің бір топ депутаттары ашудан жарылып кете жаздады. Халық қалаулылары биометриялық құжаттың нұсқасына үзілді-кесілді қарсы шығып, «ұлт» бағанының алынып тасталуы – ұлтымыздың тамырына балта шабумен бірдей екенін білдірді. «Төлқұжатта ұлттың жазылмауы – ұлтты жоюға бағытталған әрекет. Бізде мұндай ұлты жазылмайтын төлқұжаттың енгізілуіне жол берілмеуі керек. Ұлттың атын басты төлқұжаттан алып тастау – ата-баба аманатына жасалған қиянат» - деп Бекболат Тілеухан бастаған бір топ депутат өз келіспеушіліктерін ашық жеткізді. Қазірдің өзінде халық қалаулыларына осы мәселені көтеруді өтінген жүздеген наразылық хаттары келіп түскен екен.
Әділет министрлігінің өкілдері алқашқы бағытынан шегінер емес. Төлқұжатты жасаған кезде халықаралық стандарттарға сүйенгенін алға тартуда. Алайда, депутаттар бұл қандай, қайдан алынған талаптар деген сұрақтың түбіне жете алмай отыр. Министрліктің қызметкерлерімен жолыққан Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың естіген уәжі мынадай екен:
- Маған келген мамандар жаңа төлқұжатын жасаған кезде техникалық жабдықтар паспортта көрсетілген мәліметтердің бәрін көрсетуге қабілетсіз болғанын айтты. Содан «Қазақ» сөзі алынып тасталған. Яғни, ешқандай сүбелі талап жоқ. «Шетелден сондай құрал алсақ, бәрін сыйғызар едік», деп баланың сөзін айтты.
Журналистерге Әділет министрлігінің өкілі «жаңа құжат – биометриялық паспорт деп аталып, онда азаматтың ұлты көрсетілмейді. Бұл жалғыз Қазақстанда емес, басқа елдерде де солай» деп салды.
Қысқасы, көңілді күпті ететін тұстар көп. Сірә, «қазақстандық ұлт» қалыптастырудағы ойлап табылған амал ма бұл», деген де ой келеді. Демек, бұдан былай қазақ, орыс, өзбек, немістің орнына «қазақстандық» деген ұғым қалыптаса бастайды. «Қазақстандық ұлт» идеясына «үш тұғырлы тіл» бастамасын қоссаңыз, жақын келешектегі бет-бейнеміз қандай болмағын көз алдыңызға елестей беріңіз.
Биометриялық паспортқа қатысты қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, эстрада әншілері де өз пікірлерін білдіріп жатыр.
"Рейтинг" газеті