ОҚО әкімдігі мен Президент әкімшілігі түзген рейтингі неге екі түрлі?
«...Бұл рейтинг тапсырыспен әзірленген, нағыз «заказ». Рейтингтегі реттік тізімді түзу барысында субъективті көзқарасқа жол берілген. Айталық, бюджетке қатысты көрсеткіш бойынша бізді ең соңғы орынға қойыпты. Шын мәнінде бюджеттің түсімін арттырып, ең жоғары деңгейге көтерген бірден-бір аудан -- Сайрам».
Бұл Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі түзген рейтингіде осы өңірдегі 15 аудан,қаланың арасында 14-ші орынға сырғып, соған қатысты өзінің уәжін білдірген Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаровтың пікірі. Іскерлігі мен жинақтаған озық тәжірибесі мол, тірлігі батыл, мінезі тік Қайназаров босқа шырылдамаған екен. Жуырда, біздің қолымызға аудан, қалалардың Президент әкімшілігі түзген рейтингісі түсті. Онда Сайрам ауданы үшінші орынды иеленіп, даму динамикасы жоғары аудандардың бел ортасынан ойып тұрып орын алыпты. Ең таңқаларлығы сол, бұл рейтингіге қарағанда, Қайназаров айтқандай, Сайрам ауданы мемлекеттік бюджетке түсетін салықтық және салықтық емес түсімдерді 7 пайызға арттырып, облыста бірінші орын иеленген. Ал, облыстық рейтингіде Сайрам дәл осы көрсеткіш бойынша артта қалып, төмен балл алған. Ендеше Қайназаровтың командасы қолдан сүріндіріліп, әдейі рейтингтегі тізімнің соңына сырғытылғаны ма?
Облыстық рейтингіде әрдайым тізімнің соңғы жағына жайғасып жүрген Сарыағаш ауданы республикада тағы да топ бастады. Жаппар Әлсейітов басқаратын аудан былтыр республикада 1,2 және 4-інші тоқсанда да бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Сөйткен Сарыағаштың облыстық рейтингіде 12 орынан көтерілмеуі қалай? Шипалы суы бар өңірді алға шығармай, соңғы орындарда салпақтатып қою кімге тиімді?
Республикалық рейтингіде 11 орыннан бастап төменгі динамикалық даму тобына кіретін аудан, қалалардың тізімі басталады. Бұл тізімде алғашқы болып тұрған Кентау қаласында, сарапшылардың айтуынша, сапалы ауыз сумен қамтылған халықтың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,6 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,2 пайызға төмендеп кеткен. Жалпы кейінгі кездері сыннан көз ашпай келе жатқан Кентау қаласының әкімі Нұржігіт Қалмұрзаев әлеуметтік мәселеде де осалдық танытқан. Қалада құрт ауруының деңгейі 1,8 пайызға артса, өлім деңгейі 15,6 пайызға көбейіп, облыстағы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Республикалық рейтингіде үшінші тоқсанда бірінші орыннан көрініп, ал төртінші тоқсанда бірден 13-ші орынға түсіп кеткен Отырар ауданында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 13,1 пайызға, шағын кәсіпкерліктегі белсенді кәсіпорындардың саны 14,5 пайызға азайып, облыстағы ең төменгі көрсеткішке жеткен. Мұның себебін Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықовтың өзінен сұрадық. «Рейтинг дұрыс түзілмеген. Астанаға жолданған мәліметтерде жыл қорытындысы сарапталмай тек 11 айдың көрсеткіші қамтылғаны түсініксіз. Ауданымызда қаншама мың гектар жер игеріліп жатыр, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Егер кәсіпкерлік, шаруашылық нысандар жұмыс істемей тұрса, мұның бәрін кім егіп жатыр, жаңа жұмыс орындары қалай ашылады?»дейді ол.
Президент әкімшілігінің тапсырмасымен түзіліп келе жатқан аудан, қалалардың рейтингісі 20 көрсеткіштен тұрады. Оның тоғызы облыстық статистика департаментінен, қалғандары денсаулық сақтау, білім, спорт басқармалары мен құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің мәліметтері бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларында қалыптастырылып, жұмысшы орган—Статистика агенттігіне жолданады. Облыстағы басқармалар Астанаға басқа мәлімет, ал облыс әкімдігіне басқа мәлімет береді ме, әйтеуір Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен Президент әкімшілігі жасаған рейтингтердің арасы жер мен көктей, бір-бірімен қабыспайды.
Екі рейтингіні жасаушылардың сүйенетін дереккөздері бір, бірақ нәтижелері әртүрлі. Қайсысына сенеміз? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың аппараты жасаған рейтингіге ме, әлде Аслан Мусин жетекшілік ететін Президент әкімшілігіне ме? Әдетте қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермеуші еді. Бұл тәмсілдің рейтинг жасауға келгенде іске аспай қалуы нені білдіреді? Жоқ, әлде «аудан, қалалардың рейтингісі облыс басшылығына кадрлардың ұнайтын, ұнамайтын ыңғайына қарай түзіледі» деген сөздердің шындық болғаны ма?
Президент әкімшілігі мен облыстық әкімдік түзген рейтингтің көп жері өзара үйлеспей ала-құла болып жүргенімен Созақ ауданы мен Шымкент қаласы туралы екі жақтың да көзқарастары, талдаулары бір арнада тоғысқаны таңдандырады. Бұрын ұдайы көштің басынан көрініп, жиі мақтауға ілігетін Созақ ауданының кейінгі кездері көрсеткіші күрт төмендеп рейтингтегі соңғы орындардан жылжымай қоюы ұят-ақ болып тұр. Облыстың орталығы, қалың қазақ қоныстанған өлкенің жүрегі саналатын
Шымкент қаласы қашанғы әдетімен бұл жолы да рейтингтің соңында қалыпты.
Рейтинг демекші, Оңтүстік Қазақстан облысын Болат Жылқышиев біліктілікпен басқарған жылдары әкімдердің тірлігіне рең кіргізген рейтинг мәселесіне қатты мән берілген еді. Рейтингтік көрсеткіште көш соңында қалған үш аудан, қаланың әкімі қызметінен кеткені елдің есінде. Ал бүгінде рейтингте көш басынан көрінгендер қызметінен кетіп, ең соңғы орындағы әкімдер ештеңе болмағандай ойнап-күліп орынтағында отырады. Солардың бірі, рейтингте ең соңғы орында салпақтап жүрген Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбай түк болмағандай алаңсыз қызметтің қызығын көріп жүр. Облыс әкімі тарапынан да, халықтың тарапынан да, сол халықтың көзі, тілі һәм құлағы саналатын баспасөздің бетінде де тірлігінің жетіспеушілігі тым жиі сыналатын, ол аздай қоғамдық ұйымдармен де соттасып, қарамағындағы қызметкерлерімен дауласып, төңірегі у-шудан арылмай келе жатса да Арман Шәріпбайұлының жылы орыннан жылжитын сыңайы сезілмейді. Сонда дейміз-ау, бұлайша мың құбылған рейтинг әзірлеп әбігерге түсудің, елді алдарқатудың не қажеті бар десеңізші. Білетініміз қазір рейтинг мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жасалады. Бұл осы арқылы өңірдегі өзгерістерді байқап отыру үшін қажет екені белгілі. Президенттің назарындағы рейтингтің пайдасы осы ма? Әлде облыс әкімі Асқар Мырзахметовті елге түсініксіз шешім қабылдауға мәжбүрлейтін, біз білмейтін бір мәселе бар ма?
Мұрағаттан: 12.04.2012