Төле би Қазыбек биден кіші ме?

Screenshot_10.jpg

                                       Қазақта үш би бопты ел қалаған,

                                       Аузына не айтар деп жұрт қараған.

                                       Әз Төле, Қаз дауысты Қазыбек би,

                                       Әйтеке үшеуінен сөз тараған...

Тәуелсіз тарихамыздың қалыптасуы барысында көбінесе ғылыми негізсіз мифологиялардың орын алып жатқаны қынжылтады. Қазір би – батырларымыздың қайда туып, қайда жерленгенін де нақтылай алмай отырған жоқпыз ба? Табылған күнде де бұл фактологиялық тұрғыдан қаншалықты зерттелген? Антропологиялық, радиологиялық әдістерді кім пайдаланып жатыр? Нарықтық заманда зерттеулердің артында әртүрлі бағыттар, ұстанымдар, қаржылық тапсырыстар тұрады, яғни әркім тарихи зерттеулерде ғылыми шынайлықтан гөрі, белгілі бір рудың, топтың, қаржының, ортаның керек етуімен, саяси мақсатпен бұрмаланған «шындықтарды» ғана шимайлайды. Бұған тағы бір себеп, менің ойымша ғылыми тұрғыда жан – жақты зерттеулер жүргізетін ғалымдар жоқтың қасы екендігі, бар болса да саусақпен санарлық. Екіншіден, қазіргі жазылып жатқан тарих ұзақ уақыт қалыптасқан еуроцентристік қате тұжырымдардан әлі күнге дейін арыла алмай отырса, үшіншіден, тарихымызға қатысты деректердің жеткіліксіздігінен, әсіресе, өзіміздің көшпелі бабаларымыз қалдырған нақты жазба жылнамалардың жоқтығынан өткенімізді баяндау тәрізді аса жауапты мәселеде әр түрлі үстірт, публицистикалық сипаттағы болжамдар мен тұжырымдарға мүмкіндік берілді.

Дүние салғанына 300 жылдан астам уақыт өткен Қазыбек бидің тарихымызда алар орны кешегі, бүгінгі қазақ қауымынан лайықты бағасын алып жатқандығы талас тудырмайды. Тәуелсіздігіміз жарияланған соңғы жиырма жылдың аясында Үш арыс, дала данышпандары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің елдігіміз бен халықтығымызды сақтап қалудағы ерен еңбегі мен өшпес мұраттары ұрпақ санасында зерделенді. Десек те, аталмыш қайраткерлер хақындағы мәліметтердің әлі күнге дейін белгілісінен белгісізі көп. Тіпті, арғы-бергі ғалым-зерттеушілер арасында бұл үш бидің өмірбаяндарына байланысты ауызбіршілік жоқ. Мәселен, тарихи әдебиеттерде болсын, кейінгі уақытта көптеп жарық көріп келе жатқан әр түрлі баспасөз мақалаларында болсын Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің дүниеге келген жылдарын қазақтың үш арысының үлкенді-кішілі жолына орай тікелей қабылдау кең етек алған. Алайда, мемлекет қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыз бірқатар деректер, оның ішінде аталған билердің замандасы Қожаберген жыраудың айтқандарына сүйене отырып, Әйтекенің жасы Төледен кіші, Қазыбектен үлкен екендігін, бұл үшеуінің «жастарына қарай емес, жолдарына қарап сөйлеп, қарекет еткенін» дәлелдеуге тырысады.

         Орта жүз арғынның қаракесек  руынан шыққан Келдібекұлы Қазыбек болса 1667 жылы туып (кіндік қаны тамған жері белгісіз, шамасы Сыр өңірі, оның ішінде Қаратау маңы болса керек-ті), 1764 жылы Теректі өзенінің Қайнар сағасындағы Семізбұғы деген жерде тоқсан жеті жасында дүниеден өткен. Баласы Бекболат би оның денесін төрт ай, яғни қыс бойы киізге орап сақтап, көктем шыға Түркістанға әкеліп жерлеген деседі. Сөйтіп бабаның туған, өлген жылдарын осылай ғылыми дәлелсіз айналымға енгізіп жібергенбіз.

          Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Қаз дауысты Қазыбек би Хижраның 1076 жылы, яғни қазіргі жыл санау бойынша 1665 жылы туған деп санайды. Ал «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ермек Балташұлы «Бабамыз 1763 жылдың қысында Далба тауының ішіндегі Қарағайлыбұлақ деген  жерде қайтыс болған екен. Сол жерде бабамызды аманатқа сақтаған сөре тастар бар», - дейді өзінің бір сұхбатында. 

Бабаның туған жылын нақты анықтамасақ та 1995 жылы 330 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Өмірінің соңына дейін Қаз дауысты Қазыбек би қазақтың тәуелсіздігін, еркіндігін қорғап келді, соның негізгі ережелерін бекітті.

Қазақтың көптеген би-батырлары сияқты Қазыбек бидің туған, қайтыс болған жылдары да бір ізге түсірілмей, әлі күнге дейін екі түрлі нұсқада жазылып, баяндалып келді. Ал бұлар шындыққа жанаса бермейді. Енді мына мағлұматтарға назар аударсақ, баба ғұмырын анықтауға жақындай түсеміз.

    «... Өйткені арғынның ішіндегі ең күштісі – Қаракесек ұлысы. Оның барлық билігі Қазыбек бидің қолында. Қазыбек би бүкіл орта жүзде ең басты би болып табылады. Оған Әбілмәмбет ханның өзі, сондай-ақ, Абылай сұлтан, басқа да ұлыстардың сұлтандары мен ел ағалары жыл сайын келіп, әр түрлі кеңестер алады, тіпті Қазыбек бидің келісімінсіз орта жүзде бірде-бір маңызды мәселе шешілмейді екен.

...Демек, олар Ресей патшасының тағына Екатерина Алексейқызының отырғанын біле ме екен? Білсе, патшаға адалдық антын беруі керек. Осы тапсырмамен кеткен адамдарым - Оразмәмет пен Сафаров 1762 жылғы 14 желтоқсанда Омбы бекінісіне қайтып келді. Олармен бірге Арғын-Қаракесек ұлыстарының көрнекті он адамын бастап, Қазыбек бидің баласы Сырымбет би мен Қазыбек бидің немере інісі Отарбай келді. Олар маған жолығып, өздерін Қазыбек би жібергенін және оның сәлемін жеткізді.

Қазыбек би Екатерина Алексейқызының таққа отырғанын Оразмәмет Дарханнан есітіп білген, кезінде адалдық танытып ант берген, сол адалдығын тағы да бекітпек. Тек қана қыс қатты болып, қар қалың түскендіктен әрі өзі қартайғандықтан көктемде болмаса, қыс ішінде келе алмайды. Жасы бұл күнде 96-ға келіп отырған Қазыбек би орта жүзде атақты әрі әлеуетті би саналады».

Бұл Қазыбек би туралы Сібір губернаторы Карл Фрауендорфтың Сыртқы істер алқасына жіберген  мәлімхатынан үзінді. Мәлімхатта Қазыбек бидің 1762 жылы 96 жаста екендігін нақты жариялап тұр. Бұл тарихи құнды дерек.

Қазақ кемеңгерінің өмірінің соңында жасап кеткен тағы бір шаруасы – Ресеймен келісім. 

1763 жылы Ураков пен Гуляев Абылай мен Қазыбек бидің «сонау бір кезде... бүкіл орта, ордасымен Сәмеке ханның ұлы мәртебелі императрицаға мәңгі-бақи Ресей бодандығында болуға ант бергенін әлі де есте сақтап, қазір де одан ауытқымау ниетінде тұрғысы келетінін» жеткізген. Бұл хат Қазыбек би өмірінің соңында жазылғанын аңғарамыз. Ендігі кезекте біздің тарихшы-зерттеушілеріміз баба мерейтойларын осы деректерге сүйене отырып асқақтатқандары абзал.

Жоғарыдағы деректерге сүйенсек, алты алаш үлгі тұтқан ұлы би Қазыбек бабамыздың дүниеге келген уақыты 1666 жылға тура келеді. 1763 жылы 97 жасында мына жалған дүниеден мәңгілік дүниеге сапар шеккен екен. Алла олардың жатқан жерін нұрландырсын!

Өзінің тұстасы, сырласы, атақты Төле би Әлібекұлымен бір жылда, біреуі жаз мезгілінде, екіншісі қақаған қыста қайтыс болыпты. Ел жұрты оларды арулап, бірін Ташкенттің төріне қойса, екіншісінің жамбасын қасиетті Түркістанға оздырыпты.

Осынау бізге жеткен құжаттарды негізге алатын болсақ, Төле бидің Қазыбектен жолы үлкен болғанымен, жасы кіші болып шығады.

Мұхитхан Миразов, 

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі профессор Н.Келімбетов атындағы Түркология ғылыми-зерттеу орталығының директоры. 

Мұрағаттан, 08.12.2011

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: