Тазалық – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін де маңызды
Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын табуда.
Акцияның басты мақсаты – қала тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Әрбір адам өзінің ауласын, көшесін таза ұстап, тазалыққа өзінің үлесін қосу.
Сенбілікке Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы және «Группа ИНТЕКО» мекемесінің мамандары жұмылдырылып, бірқатар аумақтарда санитарлық-тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған мекеме өкілдері Қаратөбе елді мекені, Жібек жолы және Бердіқожа батыр көшелерінде арнайы техникалар мен тазалық бригадалары жұмыс жүргізді. Тазалық жұмыстары барысында көше бойындағы арам шөптер орылып, ағаштардың қураған бұталары кесілді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдары мұқият сыпырылып, аялдамалар мен жол жабыны жуылып, санитарлық талапқа келтірілді.
– Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бастама еліміз бойынша экологиялық мәдениетті арттыру, азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыру және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. Жалпы акция аясында каналдар мен арық-атыздар, көшелер мен жаяу жүргінші жолдары, елеусіз қалған көне тарихи орындар да абаттандырылуда. Бастысы науқанға тұрғындар жұмылып өскен өлкесін тазалауға көмектесіп жүр. Акцияға қала тұрғындары ғана емес, шаһарға қарасты әр аудан азаматтары да үлесін қосуда. Таза Қазақстан – таза ауладан басталады ғой. Сондықтан тұрғындар өзі тұрған жерді қоқысқа толтырмай, таза ұстап жүрсе құба-құп болар еді, – дейді басқарма өкілдері.
Сонымен сенбілік барысында тұрмыстық қалдықтар мен жиналған күл-қоқыстар арнайы техника көмегімен түгелдей шығарылды. Бұл жұмыстарға тек мекеме қызметкерлері ғана емес, жергілікті тұрғындар да белсенді атсалысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Мұндай бірлескен жұмыстар қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырып, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз. Жалпы, Еңбекші ауданында тазалық пен тәртіпке бағытталған мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл – тек қала көркі үшін ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін де маңызды.