Жаңа іске қосылған мобильді зертхана жүйелері 60 метрге дейінгі қашықтықта метан газын дәл анықтайды
Шымкент қаласында газдың шығу қаупін анықтайтын заманауи мобильді зертхана жұмыс істей бастады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, газдың шығуын қашықтықтан анықтайтын озық жүйені республикада алғашқылардың бірі болып Шымкент әкімдігі жүзеге асырып отыр. Бұл мегаполистің инженерлік жүйелерін дамытып, қауіпсіздік шараларын қамтуда маңызды қадам болып табылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет екенін атап өткен болатын. Бүгінгі Шымкент қаласында жүзеге асырылып отырған мобильді зертхана жұмысы Президент тапсырған тапсырманың жемісі. Біздің алдыға қойып отырған мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, халықты газбен қамтамасыз ету, – дейді қала басшысы.
Сонымен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков табиғи газдың шығу қаупін қашықтықтан анықтауға арналған лазерлік технологиялармен жабдықталған зертхананың жұмысымен арнай барып танысты. Зертхана жүйелері 60 метрге дейінгі қашықтықта метан газын дәл анықтайды. Жер асты газ шығу қаупін контактсыз диагностикалайды. Бұл төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Елдімекендерді газдандыруда қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызы зор. Бұл ретте заманауи ДЛС-АВТО («Пергам») мобильді зертханасы ұтымды шешім ретінде қаралып отыр. «Бұл мобильді зертханасы алдағы уақытта табиғатқа газдың шығуын тез анықтап, кез келген ақауды тауып, зиянды отынның ауаға таралуының алдын алады деген сенімдемін. Президент айтқандай табиғи газды пайдалану көмірқышқыл газы шығарындыларының төмен деңгейіне, зиянды қоспалардың болмауына және көмір мен мазутпен салыстырғанда жоғары энергетикалық тиімділікке байланысты экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Осының өзінен Шымкент қаласы мен аудандарымыздың экологиясына қандай үлес қосатынын аңғару қиын емес. Шындығына келсек, соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі, табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал, Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан, Президенттің бастамалары біз үшін тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар болып табылады», – дейді қала әкімі.