Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясына ақ жаулықты әжелер де қатысып, жастарға үлгі көрсетті
Шымкент қаласында тазалық мәдениетіне деген тұрғындар арасында ерекше көзқарас қалыптасып, шаһар азаматтарының экологиялық жауапкершілігі артып келеді.
Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған ауқымды сенбілікке қала тұрғындарымен бірге ақ жаулықты әжелер де қатысып, жастарға үлгі көрсетті. Олар табиғатты қорғау – келешек ұрпаққа қалатын аманат екенін айтып, мұндай шараларға барлық тұрғындардың атсалысуы маңызды екенін жеткізді.
Ауқымды сенбілікке Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының әкімдіктері, коммуналдық мекемелер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлік субъектілері, еріктілер, аудан белсенділері мен қала тұрғындары қатысты. Мәселен, Тұран ауданында тазалық жұмыстары бір мезетте бес аймақта ұйымдастырылып өткізілді. Сенбілікке 20-дан астам арнайы техника мен жүздеген қала тұрғыны қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігі дейді.
– Соңғы кезде қала тұрғындарының мәдениеті, көз қарасы, ұлттық құндылықтарымызға деген жанашырлығы артып келеді. Соның ішінде тазалық – мәдениеттіліктің, ұқыптылықтың белгісі. Қоршаған ортаға құрмет өз үйіміздің ауласынан басталады. Бүгінгі сенбілік – табиғатқа жанашырлық танытудың бір көрінісі болды. Жалпы, қала тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын жылы қабылдап, белсенді қолдау көрсетуде. Мұндай сенбіліктер қаланың көріктенуіне, қоршаған ортаның жақсаруына және ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге зор үлес қосатыны сөзсіз, – дейді Әділбек Сатыбалды.
Ал Абай ауданы аумағында тазалық жұмыстары «Шымисти» шағын ауданында жүргізілді. Әл-Фараби көшесі мен өзге де көшелерде жолдар, аяқжолдар, ирригациялық жүйелер тазартылып, шөптер орылды, газон қырқылып, өзге де санитарлық жұмыстар атқарылды. Сенбілікке 400-ге жуық адам қатысып, 18 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 34 тонна қоқыс шығарылды. Әл-Фараби ауданында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөптер орылды және аумақтар қоқыстан тазартылды. Тазалық жұмыстарына 414 адам қатысып, 14 арнайы техника пайдаланылды. Жалпы, 32 тонна қоқыс шығарылып, полигонға жеткізілді. Еңбекші ауданында жол жиектері тазаланып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөптер шабылып, аулалар мен қоғамдық аумақтарда санитарлық жұмыстар жүргізілді. Сенбілікке 1000-нан астам адам қатысып, 31 техника жұмылдырылды, 75 тонна қоқыс шығарылды. Қаратау ауданында өткен сенбілікке аудан әкімі Алмас Абаев қатысып, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа және өз ортасын таза ұстауға шақырды. Қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен еріктілер бірлесе отырып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартты. Жиналған қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.
Абай, Еңбекші және Қаратау аудандарында ұйымдастырылған ауқымды «Таза Қазақстан» акциясы аясында 150 тонна күл-қоқыс тазаланып, қоқыс палигонына төгілген. Акция аясында тазалық жұмыстары қаланың өзге аудандарында да жалғасын табуда.