Театр мен ұлттық өнер тоғысқан мәдени кеш

Oinet.kz 14-08-2025 10

Шымкент – ежелгі өркениеттің ізі жатқан, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған, бүгінгі тіршілігі қайнаған, ертеңі үмітке толы қала. 

Screenshot_14.jpg

Бұл – сауда мен мәдениет тоғысқан тарихи мекен, көне дәуірлерден бері Ұлы Жібек жолының бойында гүлденген орталық. Қала атауы ғасырлармен бірге өзгеріп, замана көшінен қалмай жаңарып отырғанымен, оның жүрегі – әрқашан ұлттық өнер мен алға ұмтылған өмірге құштар елге толы.

Бүгінде осы рухани өмірдің бір бөлшегіне айналған «Шымқала кештері» мәдени жобасы қала тұрғындарына мереке сыйлауда. Ашық аспан астында өтетін бұл өнер кештері – театр мен музыка, шығармашылық пен күлкінің бір арнада тоғысқан көркем кештері. Осы аптада аталмыш іс-шара бірнеше саябақта және демалыс орындарында өткізіліп, әр кеш сайын көрерменге жаңа леп, тың әсер сыйлауда. Әсіресе ұлттық дәстүр мен ұлттық аспаптарда орындалған әндер көптің көңілінен шығып, жүректерге жол табуда. 

Мәселен, «Шым сити» саябағында ұйымдастырылған кеште «Шымкент цирк оркестрі» өнер көрсетті. Жанды музыка, көңілді ритм мен балаларға арналған әсерлі композициялар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ашық алаңдағы оркестр ойыны – қала тұрғындары үшін нағыз музыкалық мерекеге айналды. Ал «Спутник» скверінде көрермендерге Шымкент қалалық орыс драма театрының актерлері ерекше кеш тарту етті. Сондай-ақ ұлттық «Қазына» би ансамбілінің көңілді қойылымдар мен сахналық көріністер көрермендердің көңілінен шығып, кештің шырайын келтірді.

Қала тұрғыны Гүлсезім Темірханқызы «Шымқала кештері» мәдени жобасы аясында апта сайын өткізілетін іс-шаралардан қалмайтынын, ашық аспан астында ұлттық дәстүрлі әндерді тыңдағанын жақсы көретінін айтты. «Бүгінгі кештен керемет әсер алдым. Кешке інілеріммен бірге келдік. Әуен де, атмосфера да өте жылы. Балалар мәз. Осындай кештер аптасына бір рет өтіп тұратыны керемет. Бастысы әр кеште әр түрлі өнер жұлдыздары концерттік бағдарлама ұсынады. Маған ұнайтыны ұлттық өнеріміз, – дейді ол.

Кештердің басты ерекшелігі – сахна мен көрерменнің арасындағы шекараның жойылуында. Қарапайым тұрғындар күнделікті серуенін жалғастыра жүріп, кәсіби театр ұжымдарының өнерін тамашалап, қала тынысын өзгеше қырынан сезінеді. Жоғарыдағы өнер ұжымдарынан бөлек, жоба аясында Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры мен Жастар театрының әртістері де түрлі жанрда өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді. Театрландырылған көріністер, музыкалық нөмірлер, әсерлі монологтар, ұлттық ән мен би бәрі шымқалалық өмірдің өзін сахнаға айналдырғандай әсер қалдырды.

Шымкент – шынайы тіршілік пен ішкі серпіннің қаласы. Мұнда өмір сүретін адамның да, өнер тудыратын шығармашылық иелерінің де шабытын оятатын бір нәрсе бар. Ол әрине, қарапайымдылық пен қонақжайлылық. 

Кілем жинап ұлт мұратын асқақтатыуда
Көне ескерткіші маңайы абаттандырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу