Мәдениет үйі – руханиятымыздың темірқазығы
Ұлттық мәдениеттің орны бөлек. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеуде мәдениет орталықтарының, соның ішінде мәдениет үйлерінің орны бөлек. Мәдениет үйі – қаншама адамға ізгілік дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәрбиелейді.
Сондай-ақ, бүгінде уақыт, қоғам басқа дегенмен, мәдениет клубтарының орны бәрібір бөлек екендігін түсіну керек. Сондықтан Шымкентте қала аумағында тозығы жеткен мәдени клубтар бұзылып, жаңа нысандар салынып, ел игілігіне берілуде.
Атап айтар болсақ, бүгінгі күні Абай ауданы Көкбұлақ тұрғын алабындағы «Көкбұлақ клубы», Қаратау ауданы Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы «Қайнарбұлақ клубы», Еңбекші ауданы Базарқақпа тұрғын алабындағы «Қаратөбе клубы», Қаратау ауданы Өтеміс тұрғын алабындағы «Өтеміс клубы» заманауи үлгіде бой көтеріп, елдің игілігіне, мәдениеті мен өнерін өрістетуге қызмет етуде. Сонымен бірге мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында 5 мәдениет үйі және 5 клуб ғимараты штатымен қоса аудан әкімдіктерінің теңгеріміне өткізілген.
Жалпы, мәдениет үйі – қоғам үшін орны бөлек орындардың бірі, руханиятымыздың темірқазығы. Ол мекенде нағыз жауһарлардың өнері паш етіледі, ұлттық мәдениет пен өнер дәріптеледі, ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелейді.
– Былтыр Еңбекші ауданы Тоғыс тұрғын алабында орналасқан 350 орындық «Қазығұрт» мәдениет үйі мемлекет баланысына қайтарылып, ел игілігіне беріліп отыр. Бұл игі іс Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен жүзеге асырылды. Мәдениет үйін осындағы «Қазығұрт» өндірістік кооперативі мемлекет меншігіне тегін қайтарып, азаматтық танытты. Былтыр осы ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күзде ел игілігіне берілген мәдениет үйі елдің ұлттық рухын, өнері мен мәдениетін көтеруге қызмет етуде, – деді Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек.
Мәдени клубтар ұлттық құндылықтарымызды сақтау және насихаттаудан бөлек, талантты жастардың өнерін дамытып, оларға қолдау көрсетеді, қабілеті мен қызығушылығын арттырып, халыққа сапалы мәдени қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, түрлі үйірмелер ашылып, талантты балалардың өнерін шыңдап, болашағына қанат бітіруде. Оған дәлел қаладағы Көкбұлақ тұрғын алабындағы жаңадан пайдалануға берілген «Көкбұлақ клубында» кітапхана, көпфункционалды кабинеттер мен түрлі үйірмелер ашылған. Заманауи талапқа сай 90 орындық көрермен залы да жұмыс істеп тұр.