Жас пен кәріге де жұмыс бар
Кентау қаласында жұмыссыздықпен күрес мақсатында қолға алынған ұлттық жобалардың орындалу барысы көңіл көншітерлік. Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 3301 азамат қатысқан. Сондай-ақ 2217 адам жұмыспен қамтылған. Оның 911 тұрақты жұмысқа орналасыпты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1306 адам орналастырылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 148 адам, «Жастар практикасында» 304 адам, қоғамдық жұмыстарда 659 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 90 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 105 адам жұмыспен қамтылған көрінеді.
Жеке бастамалар аясында «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орны» бойынша 755 жаңа жұмыс орындары ашылған. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 248 адам қамтылды, оның ішінде 199 адам оқуды аяқтап, сертификаттар алған.
Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 81 грант беріліп отыр.
Жұмысқа орналасу әсіресе, оқу орнын жаңа бітірген жас түлектер үшін аса қиын. Себебі тәжірибесі жоқ жас маманды екінің юірі жұмысқа қабылдай бермейді. Ал мұндай жастарға «Алғашқы жұмыс » жобасы көмекке келеді. Ол тәжірибесі жоқ жастар үшін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік беретін жоба. Еш жерде жұмыс істемеген, есепшотына зейнетақы түспеген кез-келген жас өтінім берген жұмыс берушілерге «Мансап» орталығы тарапынан жолданып, 18 ай жұмыс істей алады. Осындай жанның бірі кентаулық Жанира Ходжаева. Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» сәйкес, «Алғашқы жұмыс» бағдарламасы арқылы кәсіпкер Махсутова қарамағына жолданып, бухгалтерлік қызмет көрсету бойынша біршама тәжірибе жинақтап, біліктілік мен кәсіптілікке машықтанғанның нәтижесінде, маман ретінде еңбек етуінің арқасында өзін жақсы жағынан көрсетуде. Жанира Асқарқызының еңбекқорлығын ескерген жұмыс беруші оны тұрақты жұмысқа қабылдағысы келеді.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасының қатысушы Айсәнім Әбілбаттаева «Академик А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін» фармацевт мамандығы бойынша оқу бітірген. 2023 жылы оқуды бітіріп Кентау қаласына келін болып келген ол жыл басында жұмыссыздыққа тіркеліп, көп қзамай «Бақару» клиникасына өз мамандығы бойынша жұмысқа жолданған.
Кез-келген салада жұмыс жасау үшін алдымен тәжірибеден өтіп, біліктілікке қол жеткізу заңдылық. Әсіресе, ақ халатты абзал жандар үшін науқас адамға ине салып, система құю, ауру жанның диагнозын дұрыс анықтап, ем-домын беру үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, дәрігерлердің алғашында практика жүзінде жұмыс жасауы өте қажет. Болашақ дәрігер Аружан Жұматова Түркістан қаласындағы медициналық колледжді бітірген соң, дипломын қолға алған бойда Кентау қалалық мансап орталығына келген. Дипломына сәйкес Кентау қалалық ауруханаға «Жастар практикасымен» жолданған Аружан бүгінде бір кісідей-ақ хирургия бөлімінде мейірбикенің барлық жұмысын істеп жүрген қызметкер. Аружанның аз уақыттың ішінде науқастарға ине салуды қорықпастан үйреніп алғандығын, ем алушыларға мейірімділікпен, жанашырлықпен қарайтындығын, жұмысына деген ынтазарлығын байқаған бас медбике жас маманнан болашақта көп үміт күтуге болатындығын атап өтті
«Жастар практикасына» алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының жұмыссыз түлектері қатыса алады. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді. 2024 жылы осы бағытта барлығы 40 мың жас қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жыл басынан бері «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысына тиесілі – 2,9 мың адам. Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені құрайды. Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: мейіргер – 1 084 адам, заңгер – 767 адам, тәрбиеші – 558 адам, бастауыш сынып мұғалімі – 541, бағдарламашы – 524 адам. Жобаға қатысу үшін мынадай талаптар қойылады: 35 жастан аспауға тиіс; жұмыссыз ретінде тіркелу; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл болмау; меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы;
Бүгінгі күні NEET санатындағы жастарға қатысты мәселені шешу бағытында мемлекет тарапынан түрлі жобалар ұсынылып, әр-түрлі бағытта іс-шаралар атқарылуда. Бұл топ – білімі бар, бірақ әртүрлі себеппен жұмысқа тұрмаған жастар болып табылады. Осы бағытта NEET санатындағы жастар санын азайту және жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамту мақсатында Кентау жастар ресурстық орталығында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 37 бос жұмыс орындарын ұсынған 8 мекеме қатысып, шараға келген қала жастарына мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Жәрмеңке барысында 2 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 2 адам «Жастар практикасына» жолданды.