Түркістанда жеңіл өнеркәсіп қанат жайып келеді

Oinet.kz 21-12-2024 28

image.png

Облыс орталығы саналатын Түркістан қаласында орналасқан «Turkistan» индустриалды аймағында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіп бағытына жатады. Солардың бірі ашылғанына бір жылға жуықтаған «Қазақстан 2030 Қытай» кәсіпорны. Өндіріс орны аспан асты елімен бірлесе ашылған. Бұл өткен жылы Түркістан облысы әкімінің бастамасымен аудан-басқарма басшылары және өңірдегі кәсіпкерлердің  Қытай Халық Республикасына жасаған  іс-сапарының  жемісі. Сапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және инвесторларды облысқа тарту мақсатында 2 триллион 648 миллиард теңгені құрайтын 10 компаниямен меморандумға қол қойылған болатын. Олардың қатарында биылғы жылы өз жұмысын бастаған «ТҰРАН-МЕБЕЛЬ» ЖШС жиһаз шығару зауыты бар. Сондай-ақ, біз сөз еткелі жатқан  «Қазақстан 2023 — Қытай» компаниясы да екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының нәтижесінде ашылып отыр. Құны  1 миллиард теңгені құрайтын жоба қаладағы «Turkistan» индустриалды аймағындағы Brownfield өндірістік ғимаратында орналасқан. Аталған кәсіпорын шұлық шығарумен айналысады. Бүгінде сауда нүктелерінде Түркия, Қытай  елінде жасалған  шұлықтардан көз сүрінеді. Енді олардың арасынан   Түркістанда жасалған  шұлықты да кездестіре аласыз.  Отандық өнімнің сапасы шетелдік тауарлардан кем емес. Бағасы да елдің қалтасын қақпайды.  «Түркістан» ӘКК» АҚ – ы тарапынан қолдау көрген зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өзі қатысқан болатын.  Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 

 Зауыт толығымен автоматтандырылған.  Өндіріске қажетті шикізаттың барлығы Қытайдан алынады. Шұлық өндірісі бірнеше кезеңдерден тұрады екен. Алғашқы цехта жіптер қажетті түске боялады. Екінші бөлімде автомат машина шұлықты тоқиды Әр станокта тапсырысқа сай түрлі дизайндар енгізілген. 

«Фабрикада шұлықтың 10 түрін тігеміз. Дизайны, түстері әртүрлі. Тоқыталын жіптері де түрліше болып келеді. Ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған шұлықтарымыз бар. Сондай-ақ спорттық және егде жастағы адамдарға арналған шұлықты да шығарамыз. Бір аппарат бір күнде 250 жұп дана шұлық тоқиды. Мұнда қазір 40-қа жуық станок бар.  Қондырғылардың барлығы автоматтандырылған. Сондықтан жұмысшы мамандардың қызметі аса ауыр емес. Ең бастысы өнімдеріміздің сапасы жоғары. Осы күнге дейін тұтынушылардан арыз-шағым түскен жоқ. Бағасы да нарықтағы өзге тауарлардан әлдеқайда төмен»,- дейді өндіріс орнының операторы Дарина Қалжанова.  

 Бірінші кезеңде тоқылған шұлықтар аударылып, тігіншілерге, яғни екінші кезеңге жөнелтіледі. Мұнда тігіншілер шұлықтың бастарын тігіп шығады. Әрине мұның барлығын автоматты тігін машиналары жасайды.  Мамандар тек шұлықты аппаратқа кигізіп отырады. Мұнда 3 тігінші және көмекшілері бар. Әрқайсысы күніне  1000 дана шұлықтан  тігетін көрінеді.   Бүтінделген өнімдер енді үтіктеу кезеңіне  жөнелтіледі. Шұлықтар үтіктелместен бұрын өлшеміне қарай арнайы қалыптаға кигізіледі. Мұны жұмысшылар істейді. Бір күнде бір жұмысшы  2 мың нәскиді  қалыптарға кигізеді екен.   Мұнда тұрмыстағы киімдерге қолданылатын үтікпен емес, арнайы техниканың көмегімен іске асырылады.  Яғни қалыптарға киілген шұлықтар қондырғының ішіне салынады. Олар  онда 200 градуста  30 минут бойы  үтіктеледі. Бір үтіктеу  қондырғысына 300-ге жуық шұлық сияды. Оның барлығы автоматтты режимде жасалады.  Үтіктелген өнім тағы да кептіргіш жабдықтың көмегімен кептіріледі.  Жалпы шұлықтар эстетикалық сән мен форма берілуі үшін үтіктеледі дейді мамандар. 

Міне, шұлықтарымыз дайын. Енді оны орап-қаптау жұмыстары ғана қалды. Дайын өнімге марка таңбалары жабыстырылады.  Бір орамға 12 дана жұп шұлық салынады. Ал үлкен қаптамада  осындай орамның  350 данасы болады. Сөйтіп Түркістанда жасалған шұлықтар дүкен, базарларға, сауда орталықтарына жөнелтіледі. Зауытта жалпы 20 шақты маман жұмыс істейді. Олар жылына 150 мың жұп шұлық әзірлеп шығарады.  Жалпы фабрика күніне 32 мың жұп шұлық өндіруге қауқарлы. 

Заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорынның өнімдерін бүгінде Түркістан, Шымкент шаһарлары мен аудан, ауыл тұрғындары танып  үлгерген. Зауыт басшыларының айтуынша логистика   жағынан ешқандай мәселе жоқ. Сондықтан мекеме басшысы тауарларды тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынып отыр.  

Енді ғана қанат жайып келе жатқан кәсіпорынның жоспарлары ауқымды.  Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп күтіліп отыр. Костюмнен бөлек мектеп формалары, аяқ киім, тіпті сөмкеге дейін тігеміз деп отырған зауыт жаңа жабдықтарды күтіп отырған көрінеді.  МҰндай жағдайда кәсіпорында өнім көлімі ғана емес жұмысшы саны да артатын болады. 

«Бұл кәсіпті бастамас бұрын нарықты әбден зерттедік. Қазіргі таңда елімізге киім-кешектің барлығы дерлік Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстан, Түркия  өзге де елдерден импортталады. Біздің мақсатымыз өзіміздің Түркістанда ою-өрнекті, ұлттық нақыштағы отандық өнімді, киімдерді шығару. Біздің артықшылығымыз логистикадан ұтамыз. Қытай мен Түркияға қарағанда жұмысшыларымыздың жалақысы кішкене аздау болғанымен бізден шығатын киімнің бағасы арзан болады. Жалпы тауар шетелден келгендіктен логистикасын қосқанда бағасы шарықтап кетеді. Ал бізде арзан. Қолданып отырған технологияларымыздың барлығы жаңа. Әлі де жаңа технологияларды ендіріп, өндіріс көлемін арттарамыз деп отырмыз. Арнайы мамандарға тауарымыздың сапасын тексертеміз. Кемшіліктері болса дереу түзетеміз. Тұтынышулардың сұранысы бойынша жұмыс жасаймыз. Алдағы уақытта тағы қондырғыларымыз келсе тәулігіне 15-20 мың жұп шұлық шығаратын боламыз»,- дейді мекеме әкімшісі Тұрман  Қарсыбаев. 

Жалпы шетелдік инвесторлардың көмегімен ашылған  ірі кәсіпорындар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарға алынған. Бұл тарапта Түркістан қаласының  тәжірибесі бар. Бұған дейін шаһарда Өзбекстанмен бірлескен тігін фабрикасы ашылып нәтижелі жұмыс жасап келеді. Жалпы, бірлескен жобалардың тиімділігі көп. Қай елден инвестиция тартылып, бизнес ашқан жағдайда да жергілікті халықты жұмысқа тарту шартта көрсетіледі. Сондықтан мұның Түркістан өңіріне әлеуметтік-экономикалық жағынан оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Түркістанға Жамбыл облысынан «Достық керуені» келді
Кәсіптік білім беру саласын дамыту - басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу