Сарыағаш – жылыжайлар отаны
Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің басты міндеті. Агроөнеркәсіп кешені мемлекеттің экономикалық тұрғыдан дамуында маңызды орын алады. Бұл сала ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық салаларын біріктіреді. ҚР агроөнеркәсіп кешенінің маңызды міндетінің бірі – жеміс-көкөніс дақылдарының көшет өндірісін қайта жаңғырту болып отыр. Бұл міндет бағбаншылық саласының экономикалық тиімділігін арттырудың және тұрғындарды жергілікті жеміс-көкөністермен қамтамасыз етудің тікелей алғышарты. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір шарты сапалы өнім өндіру екені белгілі. Жеміс-көкөніс саласында бұл міндет вируссыз, жоғары сапалы, дені сау көшет материалдарымен қамтамасыз етуге тығыз байланысты.
Елімізде бұл салада алғашқы қадамдарды жасап, тұңғыш тәжірибелерді жүзеге асырып жатқан шаруалар да жоқ емес. Жаңа технологияның дамуының арқасында қазір көкөністің тұқымын қолмен емес автоматты құрылғымен егуге жол ашты. Ауыл шаруашылығы саласына ғылым мен озық технологияны батыл енгізген елдерде өнімділік те жоғары. Пластик ұяшықтарға көңді (торф) өзі салып, көкөніс тұқымдарын өзі сеуіп, оның үстіне аздап су құйып беретін автоматтандырылған құрылғы еліміздегі Сарыағаш ауданында, «Agrotur» шаруа қожалығында ғана бар. Жібек жолы ауылдық округі Зортөбе ауылында орналасқан шаруа қожалықтағы көшет комбинаты Қазақстандағы ең үздік, бірыңғай көшет өсіру компаниясы болып табылады. Қожалық иесі Тұрсын Тасходжаев бұл технологияны Түркиядан әкелген. Кешен әлемдік деңгейде қызмет көрсететінін айта кетейік.
Жылыжайдың отаны Сарыағашта барлық диқандар жылы орында өсетін көкөністердің көшеттерін дайын күйінде сырттан сатып алатын немесе өздері өндіргенмен, барлық жұмысты қолмен атқарылып келген. Ол дегеніңіз қаншама еңбек және уақыт. Ал, «Agrotur» жылыжайында диқандардың күші мен уақытын үнемдейтін құрылғы мұның барлығын өзі жасайды. Тек мамандар бақылап, қадағалап отырса болғаны.
«Agrotur» шаруа қожалығына қарасты 15 гектар суармалы жер болса, соның 1 гектарына өндірістік жылыжай кешені орналасқан. Қызанақ, қияр, салат жапырағы, қарбыз секілді көкөністердің көшеттері өндірілуде. Тіпті гүлдердің көшетіне дейін өсіріледі. Айта кетерлігі, мұнда көшеттерді жылыжайларға тек тапсырыс бойынша дайындап береді. Сондықтан да жылыжайда өсіп тұрған көшеттердің де түрі, бойы әртүрлі. Әр тапсырыстың тұсында тақтайшада тапсырыс берушінің аты-жөні, тұқым себілген күн, көшеттің инкубатордан шығып, пластик ыдыстан жылыжайға ауыстырып отырғызылған уақыты жазылып қойылған. Соңғы технологиямен жабдықталған көшетхана орналасқан аумақ бір гектар алқапты алып жатыр. Жылына 20-25 миллион дана көшет өндіретін шаруашылық өз өнімдерімен жергілікті кәсіпкерлерді тегіс қамтамасыз етіп отыр.
«Біз көшетхана емес көшет комбинатымыз. Біз бұл жерде мииллондап көшет шығарамыз. Сапалы әрі бағасы да тиімді. Жұмысымыздың барлығы әлемдік стандартқа сай. Көшет егуге арналған қондырғымыз Италиядағы «da ros» компаниясының өнімі. Бұл аппарат торфты тығыздығын бірдей етіп кассатаға өзі салады, оны тегістейді. Көң ыдыстарға салынбас бұрын миксерде жақсылап араластырылады. Одан кейін әр ұяшыққа біркелкі ойықтар жасалады. Содан соң тұқымдар әр кассетаға бір-бір данадан тасталады. Аппарат бір сағатта 100 мың ұрықты қиналмай егіп шығады. Соңғы этапта тұқым себілген кассеталар суғарылады. Су бүріккіш аппарат суды үнемдеуге септігін тигізеді. Осылайша дайын касетталарды инкубаторға кіргіземіз. Онда өнімнің түріне қарай кассеталар әр түрлі уақыт аралығында 25,7 градустағы бірқалыпты температурада сақталады. Инкубатордың бір ерекшелігі мұнда тұқымдар бірдей жарып шығады. Инкубатор соны қамтамасыз етеді. Тұқым бірдей жарып шықса көшеттің бойлары да бірдей болып өседі»,- дейді кешеннің іс меңгерушісі Данияр Қалтаев.
Жоғарыда атап өтілгендей көшеттер тек қана таза, табиғи торфқа егіледі. Мамандар топырақ, қойдың көңі, биогумус секілді заттарды қолданбаймыз дейді. Себебі аталған қоспалардың өсімдікке пайдасынан гөрі зияны басым екен. Айтуларынша арамшөптер қаптап кетеді. Екіншіден топырақтан түрлі аурулар келетін көрінеді. Ал мұндағы мамандар тек қана сапалы, залалсыздандырылған Финляндиялық Kekkila маркалы көңді қолданады. Оның құрамы үш ақ заттан тұрады: вермикулит, перлит және торф.
Комбинатта өсірілетін көшеттерді үй жағдайында да өсіруге болады екен. Алайда шығын көп. Әлемдегі агросаласы дамыған елдердің барлығында көшеттер осындай кешендерден шығады. Дайын, сапалы көшеттерді сарағаштық диқандар да осы кешеннің арқасында егіп, жылыжай, егістік алқаптарындағы өнімдерінің өнімділігін артырып, табыстарын молайтып жүрген жайы бар.
Пластик құтыға салынған көшеттер инкубатордан шыққан соң жылыжайға шығарылады. Қатты ыстық та көшет үшін үлкен стресс. Сондықтан керек кезінде арнайы желдеткіштерді қосып, мамандар көшетхана ішіндегі ауа температурасын қалыпты жағдайда ұстап тұрады. Мұнда да көшеттер қондырғынының көмегімен уақытпен суғарылады.
Диханшылық саласының дамуына үлкен үлес қосып жүрген Данияр Қалтаев көшет егуде кассетаның түрі мен өлшемі де маңызды екенін айтады.
«Біз көшет егуге үш түрлі кассета қолданамыз. Біріншісі өлшемі 150-лік касета. Оның көздері ірі болып келеді. Бір ұяшығының көлемі 45 мл. Ол негізінен жылыжайға егілетін көшеттерге арналған. Мысалы: қызанақ, қияр деген секілді. Үлкен кассета әдетте қыс мезгілінде пайдаланылады. Екіншісі орташа өлшемді 216-лық кассета. Бұл жерде бір ұяшықтың көлемі 30 мл құрайды. Үшінші кассетаға ашық егістік алаңына егілетін көшттерді отырғызамыз. Оның өлшемі 384 мл. Ал бір ұяшықтың көлемі 15 мл. Оған кез-келген дақылды өсіре бермейміз. Негізінен тік өсетін дақылдарды отырғызамыз. Біздің компания көшеттерді сапалы әрі біркелкі етіп дайындап береді»,- дейді ол.
Мұндай ұяшықтарда көкөністер түріне қарай әр түрлі уақытта өсіп шығады. Айталық кішкентай кассетада тәтті бұрыш 40 күн тұрса, қызанақ 30 күн тұратын екен. Біз үшін әрбір көшет маңызды дейді мұндағы мамандар. Сондықтан әрбірін қолмен бойына қарай іріктеп, арасын ашып, күнге таласпауын қадағалайды екен. Көшет сапалы болу үшін оның тұқымы да сапалы болу керек. «Тұқымды бірдей тереңдікте себуден бастап, бірдей температурада ұстау және кейін жарық бірдей түсетін орынға жайғастыру, арасын сирек етіп орналастыру секілді іс-шаралар өте маңызды. Осы әрекеттер уақытылы және дұрыс жасалған жағдайда ғана сапалы көшет өсіп шығады»,- дейді кешенінің іс меңгерушісі.
"Agrotur" компаниясының бас агрономы, кезінде Израиль мен Түркияда қызмет атқарған тәжірибелі маман Нихат мырза жергілікті агрономдарға диқаншылықтың қыр-сырын үйретіп жүр. «Көшеттің қартаюы үлкен проблема. Оны көбісі біле бермейді. Көшетті неғұрлым стаканда ұзағырақ ұстасам ертерек піседі деп қателеседі. Ертерек пісуін піседі. Бірақ бір екі данасы ғана піседі де әрі қарай өнім бере алмай қалады. Себебі көшет үлкен стаканмен жерге отырғызылатын болса «зона комфорта» дейміз ғой сондай ыңғайлы жерінен шыққысы келмейді , яғни тамыры ары бері жайылмайды. Ал енді көшет кішкентай стаканда немесе кассетада болатын болса және күні толған бірақ қартайып кетпеген көшет болатын болса онда тамырлары аш қасқырай жан жаққа шабады. Тез өсіп кетеді. Дәні де жапырағы да ірі болады»,- дейді агроном.
Қазіргі таңда 1 гектарлық көшетханада жылына 20 000 000 көшет өсіру мүмкіндігі бар. Мұндай ауқымды көшет өсіру орны елімізде жалғыз екенін айта кетейік. Данияр Қалтаевтың айтуынша бүгінде тапсырыс Сарыағаш ауданы, облыстағы ауыл-аймақтардан бөлек Қызылорда облысынан да көп түседі екен.
Көшет өсіру өндірісі ыждаһатты еңбекті талап ететін сала. Мамандардың айтуынша, саланы мемлекет тарапынан қолдау шараларын жетілдіру және шетелден әкелінетін көшет материалдарының сапасы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейту қажет. Импорттық материалдар көбінесе Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайларына бейімделмеген, қажетті иммунитеті жоқ және тіршілік ету уақыты шектеулі болып келеді. Ғалымдар шетелдік көшеттермен бірге бактериялық күйік және басқа жеміс аурулары бірге келгенін қынжыла айтуда. Демек, еліміздің топырағына бейімделген, сапалы көшеттерді егумен айналысатын шаруа қожалықтарына көбейту қажет. Ал Сарыағаштағы көшет өсіру ісінің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған бірегей кешеннің мамандары өзгелермен тәжірибе алмасуға әзір.