Шымкент қаласында 20 инвестициялық жоба іске асырылады
Шымкент қаласында атқарылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымы кең. Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың айтуынша, осы жылдың 9 айында 434,3 миллиард теңге инвестиция тартылыпты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз» деген болатын. Оған бүгінге дейін қалада атқарылған жұмыстардың нәтижесі куә. Мәселен, осы жылдың 9 айында 434,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ол 126,9 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда, - деді Ермек Тұрманов.
Оның айтуынша, қала экономикасын көтеруде инвестицияның үлесі зор. Шымкентте биыл құны 128 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 3108 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда. Бүгінгі таңда аталған жобалардың ішінде жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба бар. Жоба аясында 1183 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
- Президентіміз Жолдауында «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» деген болатын. Сол үшін шаһарда жоғарыда іске асырылатын жобаларды төмендегі кәсіпкерлер арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтсақ, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ішінде «Shymkent Temir» болат блюм өндірісін кеңейту, «NURTAU DISTRIBUTION COMPANY» азық-түлік емес өнімдер, дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын шығаратын зауыт, «Unitex VOSTOK» жиһаз фабрикасын салуды көздеп отыр. Ал «ЭКО-ФАРМ» медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдарын, оның ішінде әртүрлі модификациядағы бір реттік маскаларды, қорғаныс киімдерін, обаға қарсы жиынтықтарды шығаратын зауыт салуды жоспарлауда. Сондай-ақ, ондаған жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғын үй кешені мен қонақүй және мектеп құрылысы, сүтті қайта өңдеу, сүт-тауар фермасы және бордақылау алаңдарын жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл жобалар аясында жүздеген жұмыс орындары құрылатын болады, - дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов.