Шымкент қаласында өнеркәсіптік аймақтардың экономикасы артып келеді

Oinet.kz 10-10-2023 327

Шымкент қаласында өнеркәсіп өндірісі инвесторлардың арқасында жанданып келеді. Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың айтуынша, шаһардағы өнеркәсіптік аймақтардың экономикаға қосар үлесі жоғары.  

Screenshot_93.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында өнеркәсіптік өндіріс ошақтарын арттыруды тапсырғаны белгілі. Бүгінде Шымкент қаласында жалпы аумағы 869 гектарды алып жатқан бес өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеуде. Онда жалпы құны 358 миллиард  теңгені құрайтын 337 жоба іске асырылуда. Жұмыс істеп тұрғаны жалпы құны 216 миллиард теңгені құрайтын 273 жоба. Мұнда барлығы 8 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған, - деді Ермек Полатұлы.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағында инвестициялық құны 167 миллиард теңге құрайтын 51 жоба іске асырылуда. Жаңа ашылған жұмыс орны 4762-ні құраған. Бұл жобалардың жалпы алаңы 306 гектар аумақты алып жатыр. 

Сондай-ақ бұл аймақта жалпы құны 51,2 миллиард теңгені құрайтын  13 жобаның құрылыс жұмыстары басталған. Оның ішінде, биыл жүзеге асырылатын 2 жоба бар. Оның инвестициялық құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Осы жоба іске асырылса 125 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Бүгінде бұл аймақтағы инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 65 пайызға аяқталып отыр. 

Екінші өнеркәсіптік аймақ - «Бозарық» индустриалды аймағы. Оның жалпы аумағы 132 гектарды құрайды. Ол аймақта 49,6 миллиард теңгені құрайтын 25 жобалар пулы әзірленген. Ашылатын жұмыс орны 1500. Қазіргі таңда, 6 жобаға жер телімін рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Индустриялық аймақтың негізгі мақсаты – тамақ өнеркәсібіндегі терең өңдейтін импорт алмастыратын жобаларды қолдау. Аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 30 пайызға аяқталған. 

Мегаполистің экономикасын көтеретін тағы бір маңызды аймақ – сауда-логистикалық орталығы. Бұл аймақ 136 гектарға кеңейтілді. Бүгінгі таңда аймақтың инженерлік-инфрақұрылдық желілерін жүргізу бойынша техникалық экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Аталған аймақта жалпы құны 24,9 миллиард теңгені құрайтын 23 жобаның пулы жасақталған. 

- Бұдан бөлек, келесі жоспарланған жобаларды келесі өнеркәсіптік өндіріс аймағында жүзеге асыру көзделуде. Атап айтсақ, «Standard» жеке индустриялық аймағының жалпы аумағы 118 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда аталған аймақтың бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстары 20 пайызы аяқталған. Онда шағын және орта бизнес өкілдері үшін жалға берілетін 25 өндірістік саябақ орналастырылатын болады. Сондай-ақ «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 175 гектарға дейін кеңейтілетін болады. Аталған аймақта 40 жобаны іске асыру көзделуде, - дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов.

Шымкент қаласында ашық есік күні ұйымдастырылды
Шымкент қаласында жастар арасында «Лайықты ұрпақ – болашақ кепілі» атты кездесу өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу