Шымкент қаласында ашық есік күні ұйымдастырылды
Шымкент қаласында медициналық көмекке жүгінетіндер қатары күнсанап артып келеді. Оған көзіміз Психикалық денсаулық орталығында Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай өткізілген ашық есік күнінде жете түсті. Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаевтың айтуынша, ашық есік күні аясында орталықта кез келген азамат келіп мамандардан кеңес ала алады екен.
Онда азаматтарда психолог, нарколог, психиатр және психосоматолог мамандар таңнан бастап, ашық есік күніне орай келген жандарды еркін форматта қабылдап, өз кеңестерін берген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында денсаулық саласына барынша көңіл бөліп отыр. Білім қызметкерлерімен қатар денсаулық саласының мамандарының жалақысы ұлғайтылды. Заман талабына сай ауруханалар мен емханалар салынып, барлық денсаулық сақтау мекемелері соңғы құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Адамдардың өмір сүру жасы жоғарылап, ем алу мүмкіндігі артты. Бүгінгі өтіп жатқан ашық есік күні де соның бір игі көрінісі. Қабылдауға 50-ден астам адам қатысты. Біз азаматтар мен науқастарды кешке дейін қабылдап, өз кеңесімізді бердік. Ол кешке дейін жалғаса береді. Бұл іс-шараның өзге қабылдаулардан ерекшелігі – еркін форматы. Кеңеске келген адамдар тіркеуге тұрмай-ақ, мамандардың көмегіне жүгіне алады. Қазір психикалық орталыққа тіркелген науқастардан бөлек, олардың туған-туыстарына да кеңес беріп жатырмыз, - деді Психикалық денсаулық орталығының дәрігері Мейіркүл Сүттібаева.
Халыққа психиатриялық, психологиялық және психотерапиялық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Орталықтың бас дәрігері Серік Мыңбаевтың айтуынша, қазір шаһарда 12 057 науқас психиатриялық есепте тұрады екен.
– Біз есепке алмаған науқастардың бүгінде саны қаншама?! Өкініштісі, психикалық аурудың алғашқы сатысында ешкім бірден маманның қызметіне жүгінбейді. Шарықтау шегіне жеткенде ғана біздің орталыққа алып келеді. Оған дейін атынан үркіп, өз бетінше қазақы емдерді қолданады. Бүгінгі іс-шара арқылы халықта қалыптасқан ойдан арылтуға, дер кезінде мамандардың кеңесіне жүгіну қажет екенін жеткізуді көздеп отырмыз, - дейді Серік Ибрагимұлы.