Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынуда
Шымкент қаласында инвестиция тарту жұмыстары жанданып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, Шымкент қаласының экономикасына инвестиция тарту бойынша негізгі салалардың бірі құрылыс саласы екені белгілі. Қаланың құрылыс басқармасы биыл бюджет есебінен жалпы 144,9 миллиард теңгеге 160 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 98-і тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым нысандары, 43-і әлеуметтік нысандар.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды» деп, инвестиция тартудың экономиканың дамуындағы маңызы туралы айтқан болатын. Биыл шаһарда жалпы 160 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның қаржысы 144,9 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым және 43 әлеуметтік нысандар бар, - дейді қала әкімі.
Мұның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша осы жылдың қорытындысымен 230,1 мың шаршы метр құрайтын 3072 пәтерлі 67 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық көпқабатты тұрғын үй. Осы жылдың сәуір айында Тұран шағын ауданында 54 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылған болатын.
- Бұдан бөлек нарықтан 1405 арендалық пәтер сатып алынады. Оның ішінде 900-і жұмыс істейтін жастарға, 505-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар беріледі. Қазіргі таңда жастарға – 420, ал, аз қамтылғандарға 363 пәтер сатып алынды. Қалған 31 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі. Ал, инфрақұрылым құрылысына тоқталар болсақ, 2023 жылы бұл бағытта 18 нысан салу жоспарланған. Жыл соңына дейін 12 инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Қалған 6 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар осы жылы 6 миллиард теңгеге 3450 орындық 7 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 5 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды, тағы бір нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады, - дейді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.