Шымкент қаласында жастарға арналған жаңа жоба жұмысын бастады
Шымкент қаласында жастарға көп көңіл бөлінуде. Соның бірі жастарға арналған «ZHAS PROJECT» әлеуметтік жобасы. Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исаховтың айтуынша, бүгінгі таңда шаһарда жастар үшін «ZHAS PROJECT» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауымен, үкіметтік емес ұйымдар үшін 2023 жылға арналған мемлекеттік грант шеңберінде қолға алынған.
Жобаның мақсаты – Шымкент қаласы жастарының проблемаларын шеше отырып, әлеуметтік жобаларды танымал ету, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жастар идеялары мен жобаларына қолдау көрсету. Ал «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің менеджері Диляра Қырғызбаеваның айтуынша, әлеуметтік жоба 2023 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың қазанына дейін іске асырылады екен. Жоба аясында NEET санатындағы жастар үшін жыл сайын 1 миллион теңгеге дейінгі сомада 28 грант бөлу жоспарлануда.
Ал қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов қала жастарын аталған жобаға қатысуға ниетінің жоғары екенін айтып отыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жастарға, олардың түрлі кәсіппен айналысуына зор мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, ел аумағында жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қаламызда жастарға арналған «ZHAS PROJECT» әлеуметтік жобасы соның бір бағыты ғана. Ал қалалық жастар ресурстық орталығы өтінім беруші азаматтардың құжаттарын рәсімдеу, кеңес беру бойынша қолдау көрсетеді. Әлеуметтік салаға негізделген конкурс жұмыссыз азаматтардың санын азайтуға септігін тигізеді. Шымкент қаласына жалпы 20 грант бөлініп отыр. Әр жоба жеңімпазына 1 миллион теңге қарастырылған. 18-35 жастағы жұмыссыз азаматтар үшін зор мүмкіндік болғандықтан, қала жастарын белсенді қатысуға шақырамын, – деді жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов.
Оның айтуынша, өтініш беруші ұсынған жоба жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы керек. Жастардан өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 9 қазаннан бастап, 2023 жылғы 22 қазанға дейін жалғасады. Өтініш беруші конкурсқа қатысу үшін тек 1 әлеуметтік жобаны ұсына алады. Жоба жеңімпаздары 1 қараша күні анықталады.