Шымкент қаласында 500 зейнеткерге әлеуметтік қызмет көрсетілді

Oinet.kz 08-10-2023 371

Шымкент қаласында жалғыз ілікті қарттар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бақылауына алынған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сабыржан Арапбайдың айтуынша, бүгінгі таңда басқармаға қарасты әлеуметтік қызметкерлер 500-ден астам зейнеткерге үйлеріне барып қызмет көрсетеді екен.

Screenshot_52.jpg

Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы қариялардың қала аумағында ұл-қыздары жоқ немесе балалары еңбекке жарамсыз. Сала мамандары қызмет алушыларға аптасына екі рет барып азық-түлік пен дәрі-дәрмектерін жеткізеді, әлеуметтік-психологиялық, медициналық және тұрмыстық қызмет түрлерін көрсетеді. 

- Шымкент қаласы бойынша ай сайын 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 6900 теңгеден әлеуметтік көмектер төленуде. 9 мамыр Жеңіс күніне орай 3 Ұлы Отан соғысы  ардагеріне 360 атаулы есептік көрсеткіш, яғни 1 миллион 242 мың теңгеден және 2 мыңнан астам тыл еңбеккеріне 12 атаулы есептік көрсеткіш,  41 400 теңгеден әлеуметтік көмек төленген. Соғыс ардагерлеріне сондай-ақ ай сайын 5 атаулы есептік көрсеткіш, 17 250 теңгеден берілуде. Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету де қарастырылған. Биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды. Жыл басынан бері 3726 адам жолдама алған. Жалпы, биыл 5280 зейнеткерді шипажайларда оңалту шараларымен қамту жоспарланып отыр. Қарттардың игілігі үшін қала аумағында қосымша «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылатын болады, - дейді Сабыржан Арапбай.

Оның айтуынша, алдағы уақытта зейнеткерлердің шипажайларда емделуге кезекке тұруы автоматтандырылмақ. «Бұл мемлекеттік қызмет түрін geo-shym.kz/  порталына тіркеп, жыл соңына дейін пилоттық жоба негізінде іске қосу көзделуде. Сондай-ақ зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қала бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қызмет көрсетуде. Күнделікті 700-ге жуық қария мұнда екі ауысым бойынша қызмет алады. Жалпы, Шымкент қаласында 88 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 3 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккерлері бар. 80-жастан асқан жалғыз ілікті қарттар саны 122» дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сабыржан Арапбай. 

Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы жылыту маусымына дайын
Шымкент қаласында Қытай инвесторлары инвестиция құюға дайын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу