МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Шымкент қаласында 5 индустриалды аймақ бар. Атап айтқанда, «Оңтүстік», «Сауда-логистикалық орталығы», «Тассай», «Ордабасы» және «Оңтүстік» АЭА. Олардың жалпы жер көлемі 886 гектарға тең. Бүгінге дейін бұл өндіріс алаңдарында құны 200 млрд теңгені құрайтын 180 жоба іске асырылды. Бұдан бөлек қосымша тағы 750 гектар аумақты алып жатқан 4 индустриалды аймақ іске қосылмақ. Соның ішінде «Стандарт» жеке өндіріс алаңы жұмысын бастап кетсе, «Жұлдыз» ИА бен «Бозарық» агроиндустриалды аймағы биыл пайдалануға беріледі. Келесі кезекте 886 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешендерінің аймағы тұр.
Мегаполистің өндіріс саласын өркендету Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтылған тапсырмалары негізінде жүзеге асып жатыр. Президент әрбір Жолдауында өңірлердің дамуына, ұлттық экономиканың өсімі арқылы табысты арттыруға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да бірінші кезекте экономика мен өндіріс мәселесіне тоқталды.
«Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады. Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз. Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деген болатын Президент.