Жемқорлық - дерт, онымен күресу - міндет!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде "Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық",- дей келе сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу екенін, халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керектігін баса айтқан болатын.
Президенттің тапсырмасына сай өңірлерде сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейіп келеді. Жақында Түркістан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен Кентау қаласының әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті.
Жиынға Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы А.Бұралқиев, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, Кентау қаласының әкімі Ж.Тасов және қала активі қатысты.
Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген бас қосуда Айдар Бұралқиев аймақта анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына тоқталып өтіп, жиынға қатысушыларға жемқорлыққа жол берген қол астындағы қызметкерлері үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қарастырылатынын және мемлекеттік қызметшілердің және оларға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілеріне жол бермеу керектігін жеткізді.
Таза қоғамды қалыптастырудың негізгі тетіктері ортаға салынған алқалы жиында Ержан Әлиұлы Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтіп, Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістерді баяндады.
Сондай-ақ, пара алу мен пара беруді өз мәселесін шешудің оңай әдісі деп қарайтын тұлғалардың үлесін түбегейлі азайту мақсатында бүгінгі күні Агенттік тарапынан нақты шаралар атқарылып жатқандығын баяндап, қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталғандар туралы мәлімет беріліп, пара алу, пара ұсыну, делдалдық ету сынды парақорлық әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Жиын соңында ұжым қызметкерлерінің назарына облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелерде орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша әзірленген арнайы бейнеролик ұсынылды.
Айта кетсек, Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандарда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында құқықтық, ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып, ат салысып, қарсы күресуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымз анық.