Шардарада батагөй қариялар сайысты
Президенттік қызметін «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірден ұлттық құндылықтарға ден қойған болатын. Мемлекет басшысы «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді",- деп атап өткен болатын.
Өңірлерде Президенттің тапсырмасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді жаңғырту бағытында көптеген іс-шаралар өтуді. Сондай шараның бірі жақында
Түркістан облысы, Шардара ауданында өтті. Ауданның қазыналы қариялары бата беруден сайысқа түсті. Шараның басты мақсаты – дәстүрлі баталарды дәріптеу, кейінгі ұрпаққа насихаттап, ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту. Ақсақалдар ауданға қарасты барлық ауылдық октургтердің батагөй қариялары қатысқан байқаудың бірінші айналымынан сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алған.
Бата сайысы екі кезең бойынша өткізіліп, қорытындысы бойынша Қыстау Ілесов ақсақал «Ең батагөй» қария атынып, бас жүлдені иемденді. I орын Болат Жамалханұлына, II орын Қонарбай Сейдалиев қарияға бұйырды. Ал III орынды Әнуарбек Нысанов ақсақал жеңіп алды.
«Батаменен ел көгерер» атты қариялар арасында бата беруден жарыс «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өтті.
— Біздің қазақ ұлты тегінен сөз қадір біліп, оның құдіретін ұғынған. Аузы дуалы үлкен ақсақалдарға құрмет көрсету арқылы олардың батасын алуға тырысқан. Міне, бүгінгі шарамыздың мақсаты бата беру дәстүрін дәріптей отырып, ұлтымыздың қанына сіңген қасиетті өнерлерімізді жаңғырту. Бүгінгі сайысқа жиналған батагөй ақсақалдарымызға сәттілік тілеймін – деді орталық басшысы Жұмабек Қабылов.
Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Бата оқылған кезде үлкен-кіші әр сөзін ықыласпен тыңдайды. Батаның адам санасына әсер ететін үлкен күші бар. Халық бата жасалған жерде жақсылыққа сеніп, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды.
Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт – бағдар беріп, тәрбиелеп отырған дейді зерттеушілер.