Түркістан -жылыжайлар отаны
Еліміздегі жылыжай аумағының 71 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Яғни жылыжай көлемі бойынша біздің өңір көш бастап тұр.Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда облысымызда 1467 гектар жылыжай бар. Ал, соның тең жартысы Сарыағаш ауданында екен. Еңбекқор шаруалардың жай-күйін тілші тарқатсын.
Сарыағаш ауданын құдды бір жылыжайдың отаны деуге болады. Мұндағы тұрғындар үй іргелік жерлердің басым көпшілігін жылыжайға айналдырған. Осылайша, жыл он екі ай көкөніс түрлерін өсіріп, табыстарын молайтып отыр. Бұл өз кезегінде жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін шетелдік нарыққа шығаруға жол ашады. Сондай-ақ, аудан экономикасына да оң ықпал етуде. Осы салаға ерекше серпін беріп отырғандардың бірі Зортөбе ауылында орналасқан шаруа қожалық. 15 гектар аумаққа орналасқан қожалық жылына шамамен 260-270 тонна қызанақ өндіреді екен. ал, бүгінде осыдан 2 ай бұрын отырғызылған қызанақтар теріліп жатыр.
"Шілденің 6-7 күндері осы қызанақты отырғыздық. Қазір 60 күн болды. 60 күнде көшетіміз терімге кірді. Қазір қызанақты теруді бастадық. Тамшылатып суару әдісімен автоматтандырылған. Бізде перде мен жаңбырлатып суару бар",-дейді «АГРОТУР» шаруа қожалығының агрономы Ибрахим Ходжаев.
Шаруа қожалықтың 1 гектар италияндық технологиямен жабдықталған жылыжайы да бар.Онда көптеген көшет түрлері өсіріледі. Шаруалар қуаттылығы жылына 11-12 млн. көшет өндіруге қауқарлы құрылғыны 260 млн. теңгеге сатып алыпты.Мұнда көшеттің барлық түрлерін дәннен өндіріп, көшет етуге барлық жағдай жасалған.
"Біз көкөністен қызанақ қияр, бұрыш және тағы басқа қауын, дарбыз, барлық түрлерін шығарып бере аламыз. Тапсырыстарымызға қарап 12 миллионға дейін қабылдадық. Тапсырыстар Қазақстанның Атырау, Ақтау, және Алматы, басқа да жерлерінен болды. Бір дана көшеттің үлкен кішкентайлығына қарап 10 теңгеден 80 теңгеге дейін сатамыз",- дейді «АГРОТУР» шаруа қожалығының агрономы мүшесі Шахабуддин Тасқожаев.
Бұдан бөлек, қожалық құлпынай өсірумен айналасады. Сондай-ақ, осы үш егіс түріне табиғи тыңайтқыш беру үшін шылаушын асырау арқылы биогумус өндіреді екен. Жалпы, Жібек жолы ауыл округінде бұдан бөлек 700-ге жуық шаруа қожалық бар. Олар енді жылыжайда лимон шаруашылығын дамыту ісін қолға алмақ. Айтпақшы, биыл Сарыағаштық диқандар ағын судан тапшылық көрмегенін айтады. Оған Өзбекстаннан келетін су көлемінің молдығы мен су жүйелерінің жаңғыртылудан өткені себеп.