Бизнес бастауға ниеттілер жобаларын қорғап шықты
Елімізде басты мәселенің бірі – елді мекендерде мал шаруашылығы мен кәсіпкерлікті жандандыру, соның ішінде өнім өндіруші, өңдеуші ірілі-ұсақты шаруашылықтар санын арттыру. Сонда ғана тұрақты жұмыс орындары құрылып, ауыл бюджеті толығып, елдің еңсесі көтерілері анық. Елімізде Президенттің бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы, кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының түпкі мақсаты да жұмыссыздықты жою мен табысты ауылдардың қатарын көбейту. Жеке кәсіп ашқысы келген адамның айналымға жіберетін белгілі бір сомада қаржысы болуы керек. Көп жағдайда банктер көмекке келеді. Ал тұрақты жұмысы, ескі үйінен өзге ештеңесі жоқ ауыл адамының банктен несие алуына кепілдік мүлкі жарамайды, не қаржысы жетпейді.Сондықтан мемлекет мұндай жандарға қайтарымсыз грант ұсынып жүр.
Осы ретте ағымдағы жылдың 13 -14 ші қыркүйек аралығында Түлкібас ауданында 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант берудің, үшінші легінің комиссия отырысы болып өтті. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыратын үміткерлер арнайы комиссия құрамының алдында өз жобаларын қорғап шықты.
Комиссия отырысына келгендер - 120 азамат. Олар кәсіпкерліктің түрлі бағыттары бойынша бизнес-жобаларын таныстырды.
Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық берді.
Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. Бұл дегеніміз – 1 225 200 тг. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдалынылады.