Жаңа жобаға сай несие алу талаптары жеңілдетіледі
Бүгін «Ауыл аманаты» жобасының мобильді тобы Ордабасы ауданына арнайы барып, Қараспан және Бөржар ауылдарының тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынды жүргізген аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жаңа бағдарламада ауыл шаруашылығы мен бизнесті дамыту үшін ең тиімді тәсілдер қамтылған деп санайды. Ордабасы ауданында 5100-ге жуық шаруа және 4100-ден астам кәсіпкер бар. Осыған орай, еңбек адамдары үшін партияның бастамасы оң нәтижесін бермек. Кездесуге ауыл әкімдері де қатысып, тұрғындар көтерген мәселелер бақылауда екенін жеткізді.
Партияның жаңа жобасы аясында орта және шағын бизнеске қолдау көрсетіп, кәсіпті дамытуға жол ашылды. Түсіндіру барысында жоба сарапшылары ауыл шаруашылығы құрылғыларын несиеге алу арқылы өз кәсібін кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айтты. Басты талап - лизингке алған техникалық құрылғының өзін кепілдікке қоюы қажет. Аталған жобаға сәйкес, мал шаруашылығына жеңілдік басым яғни жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын несиені 7 жыл көлемінде өтеу қарастырылады. Ал шағын және орта бизнес түрлеріне несие 5 жылға беріледі.
Сондай-ақ құжат рәсімдеу талаптары да оңтайландырылған. Мәселен, банк тарапынан берілетін 6 пайыздық несие рәсімдеу кезінде 30-дан астан құжат тіркеу қажет болса, «Ауыл аманаты» партиялық жобасына 12 түрлі құжатты ұсыну ғана талап етіледі. Құжаттарды тіпті онлайн түрде қабылдау жоспарлануда.
Ал, Бөржар ауылында өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев қатысты. Жеке кәсіпте немесе ауыл шаруашылығы саласында кедергілерге тап болған тұрғындардың мәселесін талқылау және шешу жолдарын қарастыру мақсатында әкімдік жанынан комиссия құрылған. Онда өтінімдерді қабылдай отырып, соған сай жұмыстар жүйеленеді. Енді аталған жоба бойынша да ұсыныстар қабылданады.
Ақпараттық-насихат барысында мал бордақылауға үй маңын пайдалану, кепілдікке ұсынған жылжымайтын мүліктің бағалау құнын көтеру, отбасы мүшелерінің қамтылуы, тағы басқа да сұрақтар және ұсыныс-тілектерге жан-жақты жауап берілді.
Жоба сарапшысы Гүлмира Багжаеваның айтуынша, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін ауылдарда скриниг өткізіліп, сұранысқа ие кәсіп түрлеріне талдау жасалады. Мәселен, тігін шеберханасы, кондитерлік цехі, наубайхана, шаштараз, көлік жуу орталығы, монша, жылыжай тағы да басқа кәсіп түрлеріне ұсыныстар топтастырылып, жаңа бизнес жобалармен айналысуға жол ашылады.